Цирк ардагерлерi өнер көрсеттi

Пятница, 19 Декабрь 2014 05:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4339 раз

Үш жыл бұрын Тәуелсіздік мерекесінде «Оңтүстік Цирктің» тұсауы кесілген болатын. Көрерменнің көзайымына айналған өнер ордасының жетістіктері аз емес. Мерейлі мерекеде цирк әртістері балаларға тамаша қойылымдарын ұсынды.

10850109 415466111951854 3942383889313234118 nОблыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан қала тұрғындары мен қонақтарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, цирк әртістерінің еңбектеріне табыс тіледі. Бұл жолы әртістер бояуы қанық бағдарламасын кішкентай көрермендер назарына ұсынды. Әсіресе, әуе акробаттарының өнері күрделі трюктерге толы болды. Асқан ептілік пен шеберлікті талап ететін таңғажайып нөмір ешкімді де бей-жай қалдырмады. Қауіпсіздік белдігінсіз өнер көрсеткен әртістер балақайларды баурап алды. Ал көңілді сайқымазақтың әзілі балалар мен ата-аналарды  күлкіге кенелтті. Ең қызығы, цирк аренасына ардагер әртістердің өнер көрсетуі болды. Фокусшылар Гүлжаһан Ниязова мен Любовь Бушова өнерсүйер қауымды таңғалдырып, тапқырлығымен таңдай қақтырды.  
– Цирк сиқырлы әлем ғой. Аренаға 10 жылдан кейін шығып тұрмын. Көрерменді көргенімде бойымды толқыныспен бірге қуаныш биледі, – дейді фокусшы Г. Ниязова.
Ардагер әртістердің қай-қайсысы да көрерменді тәнті ету үшін барын салды. 70 жастағы балуан Икрам Ниязов тепсе темір үзетін 20 жігітті емін-еркін көтерді. Ал шәкірті Раушан Исаков 60-тан асса да қуаттылығын көрсетіп, қайран қалдырды. Қолымен темірді майыстырып, 32 килограмдық кір тастарын тісімен көтеріп, ұршықша иіргенде таңғалмаған жан қалмады.
«Оңтүстік Цирктің» директоры Арман Алиев ардагер әртістерді мерекемен құттықтап, «Алғыс хаттар» мен сыйлықтар тарту етті.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.