Шырша шаттығына бөленді

Пятница, 26 Декабрь 2014 03:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4556 раз

Жаңа жыл жаңа үміт пен бақытқа жол ашады. Әсіресе, жыл айрығында балалар Президент шыршасын асыға тосады. Оқуда озат балғындар Мемлекет басшысының қамқорлығын сезініп, ерекше қуанышқа кенеледі. Биылғы шырша той «Оңтүстік Цирк» ғимаратында «Біз мәңгілік ел боламыз» тақырыбында өтті. Оған облыстың барлық аудандары мен қалаларынан ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасыларынан 200-ге жуық бала қатысты.

 DSC2208Биік әрі әсем безендірілген шырша салтанаты өнерлі өрендердің мерекелік бағдарламасымен басталды. Оқушылар ертегі әлеміне саяхат жасап, түрлі аңдардың бейнесіне енді. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың балаларға арнаған ақжарқын тілегі кең экраннан тамашаланды. Елбасының құттықтауынан кейін облыс әкімі А. Мырзахметов:
– Біз үшін де Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Сендер еркін елдің ұланысыңдар. Демек, еліміздің келешегіне үлес қосатын азамат болуларың керек. Елбасының өздеріңнің терең білім алуларың үшін жасаған қамқорлығы шексіз. Олай болса, жақсы оқып, тәрбиелі азамат болыңдар! Келер жылы да жетістіктеріміз көп болып, еліміз дами берсін. Жаңа жыл құтты болсын! – деді.
Облыс басшысы Елбасы атынан балаларға Алпамыс, Қобыланды батыр жайлы жазылған шығармалар мен ноутбуктер және тәттілерді таратты.
ОҚО әкімі аппаратының мәлімдеуінше, 2014 жыл оңтүстікқазақстандық оқушылар үшін табысты болды. Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында, спорт пен өнер сайыстарында облыстың 700 оқушысы жеңімпаз атанды. 436 мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегері. Биылғы республикалық пән олимпиадасында 1 орынды және «Үздік олимпиадалық команда-2014» атағын жеңіп алды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.