90-шы маусымын ашқан қарашаңырақ театр Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1332 раз

Театр – ес білген бала мен еңкейген қартқа дейін құрдасындай, сырласындай дос бола білетін тірі ағза. Ғимаратына қарап «Жансыз ғимарат қалай сырлас болады?..» деп ойлауға да болар. Бірақ өзімен бірге күлдіретін, күрсіндіретін, атойлап шыққан ащы жасты күшпен тежететін, кейде, үнсіз сорғалата жан күйінішін төгіп алатын құдыретті күш десе болғандай.

300

 

Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры өткен аптада 90-шы маусымының шымылдығын ашты. Ғасырға жуық жылдардың әр жылы, әр айы, әр күні – қарбалас, арпалыс, көрермен 303көңілінен шығу үшін жанталастан тұратынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ендеше, әлқиссадан басталық...

 


ХХ ғасырдың басында қиян-кескі қақтығыстар тоғысқан алмағайып оқиғалар тарихта орын алды. 1916 жылы ақ патшаға қарсы Аманкелді Иманов бастаған көтеріліс, 1918 жылы қазақ сахарасына жеткен Кеңес большевиктері жаңа бетбұрыс жасаса, 1927 жылы қазақ топырағында Жұмат Шанин ашқан тұңғыш театр – қазақ театрының бастауына айналды. 1932 жылғы 21 маусым күнгі облысполком төрағасы Атрауовтың төрағалығымен өткен бюрода тұңғыш рет «Қала жұмысшылары мен Оңтүстік аймағындағы еңбекшілерге өнер көрсететін ұжымның қажеттілігіне байланысты Шымкент қаласында қазақ театрын ашу» жайлы мәселе көтерілді. Бір жағынан аштықпен арпалыс өнер ордасының бірден ашылуына мүмкіндік бермесе, екінші жағынан театрға лайықты ғимараттың болмауы, бастысы – театр мамандарының болмауы өз кедергісін тудырды. Кеңес жүйесі бір қолымен қазақ ұлтын қолдан жасаған саясатпен аштықтан қырса, екінші қолымен – театр ашуға мүмкіндік жасағаны ақ пен қараның мәңгі күресіне ұқсас тылсым еді.

301


1934 жылғы Оңтүстік Қазақстан облыстық ВКПб бюросының 29 қазан күнгі Лазаревтің төрағалығымен өткен кезекті отырысында «Шымкент қаласында қазақ театры ашылсын» деген шешім қабылданды. Ғимаратына қалалық орыс шіркеуі бекітілді. Директоры болып Берещук тағайындалды.
Арнайы білімі жоқ болғанымен өнерге деген құштарлығы мен ынтасы бар жастар театрға шақырылды. Алғаш қабылданғандар Р.Байкенов, Т.Мәдіхожаев, Г.Батырғалиева, Ф.Шериязданова, А.Дәукенова, Жәсенов бастаған жиырма бестей адам болды. Театр заңдылығы мен қойылым механизімін білмейтін шығармашылық топ тырнақалды қойылымы – Ғ.Жасақбаевтың «Замана заңы» атты пьесасы болды.
Алғашқы екі жылда өнер ордасы көркемөнерпаздар деңгейінде жұмыс істеді. Ендігі кезекте өнерпаздардың актерлік шеберлігін кәсібилендіру қажеттігі туындады. Қазақстан Орталық комитеттің шешімімен 1936 жылы Ленинградтағы театр училищесінде қазақ студиясы ашылып, Халел Шаженов бастаған бір топ әртістер Әмина Өмірзақова, Жұмабике Серікбаева, Хадиша Бөкеева т.б. жастар кәсіби ілімін жетілдіруге аттанады. «Училище» деген атауы болмаса, онда белгілі сахна саңлақтары В.Меркурьев, И.Мейерхольд, В.Серебряков сынды орыс театры жүйесінің қалыптасуына пәрмен берген майталман мамандар сабақ беретін еді. Училище қабырғасында оқып жүріп К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын сахналаған Халел Шаженов ұстаздарының ерекше ілтипатына ие болады.
1938 жылы тума дарын Х.Шаженов бастаған 22 түлектің Шымкент қалалық театрына түгелдей табан тірегені – Оңтүстік өлкесіндегі театр тарихындағы реформалық бетбұрыс болды. Білімін тереңдеткен, театр реформаторы К.Станиславскийдің серіктестері мен шәкірттерінен білім нәрін алған артистік топ, сол жылғы маусымда А.Чеховтың «Оташы», «Аю», «Ұры», «Мазасыз мейман» циклі, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», А.Островскийдің «Кешіккен махаббат», Д.Фурмановтың «Чапаев», М.Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесаларын сахналап үлгерді.
Шанин театры – қазақ театры тарихында тұңғыш кәсіби режиссер Халел Шаженов пен қазақ қызынан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Ғаинижамал Хайрулинаның төлтеатры болғанын мақтан тұтады. Х.Шаженовтің қарымды қойылымдарына қызыққан М.Әуезов Шымкент қазақ театрына «Еңлік-Кебекті» сахналауды ұсынады. Орыс театр майталмандарынан білімін тереңдетіп оралған Х.Шаженов 1939 жылдың қаңтарында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебекті», наурыз айында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуын» кәсіби деңгейде сахналағаны елімізде ашыла бастаған басқа да театрларға орасан ықпалын тигізіп, Шымкент театрының қарқынды өрлеуіне жол ашады.

302


1942 жылы екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде, Х.Шаженовтың ең таңдаулы режиссерлік жұмысы «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымын қойғаны өз алдына терең тарих. Тума талант тағдыр жолын түйсікті ме, әлде, ғаламнан белгі алды ма, ол жағы жұмбақ. Әдетте бас кейіпкерлерге өзге артистерді ойнататын Х.Шаженов «Ақан сері –Ақтоқтыны» қойғанда, Ақтоқтыны сүйген жары Жұмабике, өзі Ақан серіні ойнайды. Премьера болатын күні военкоматтан театрдың 11 актеріне майданға шақыру қағазы келеді. Ең басында Халел Шаженовтің тегі жазулы тұрады.
Премьера керемет өтеді. Премьера өтіп жатқанда театр ғимаратының артқы жағында майданға шақыру алған артистердің отбасылары жұмылып ас пісіріп жатады. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген актерлер гримін шешіп, театрдың бұрышындағы бөлмеде отбасыларымен дастарқан басына жиналады. Бұл дастарқанда Халел Шаженов сүйген жарымен соңғы рет ас ішкенін қайдан білсін. Араға төрт ай салып, талантты азамат Харьков түбіндегі шайқаста қаза табады. Аттанған 11 майдангерден 3-еуі ғана елге оралады...
Х.Шаженов майданға аттанған соң, театрға қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш режиссер Ғайнижамал Хайрулина режиссерлік тізгінді қолына алады. Майдан шебінде сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде де театр өз майданын тоқтатпады. Арпалыс жылдардағы еңбек еленіп, Абен Мухамедьяровқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңген артисі», Қали Дүйсековке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңген артисі» атағы берілгені айғақ боп тұр.
Қызығы мен қиындығы мол жылдардан абыроймен өткен Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 90 жылдық мерейтойын М.Әуезовтің «Қарагөз» (қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Құрманғожаев, қоюшы суретші - ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов) трагедиясымен ашты. Оңтүстік өлкесінің «Ататеатры» атанған Шанин театрының 90 маусымының ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, салтанатты маусымашарға Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастығы
С.Шакеев пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тетардың мерейтойлы жылы болғандықтан, жыл бойы оқырманымызды театрдың өткен тарихи жолдармен таныстыратын боламыз.

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург, Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.