Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркияға оңтүстіктің өнерпаздары аттанды. Басты мақсат қос ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ортақ мәдениетті қалыптастыра отырып, әдеби, рухани құндылықтарды дәріптеу.
XVIII «Халықаралық Рамазан» фестивалі аясында Түркияның бас қаласы Анкараның Кечиөрен ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі және «Қазақстан кеші» концерті өтті. Мемлекетаралық маңызды шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан 42 делегат қатысты. Олардың қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртісі Сабираш Әбдірайымова, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Абылайхан Оспанов, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының солисті
Марат Оразметов, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының солисті Үралхан Сейілбекова, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшіcі Зәуре Әжібекова сынды мәдениет қайраткерлері бар.
Түркиядағы Қазақстан кешінде дәстүрлі әндер мен қазақ-түрік әндерінен попуррилер орыналды. Сондай-ақ «Қазына» би ансамблі еліміздің мəдениетін би өнерімен паш етті. Ал «Тұмар» фольклорлық ансамблі қос елдің мереке думанын асқақтатты. Арнайы аттанған өнер делегаттары Түркия мемлекетінің Анкара, Адана, Мерсин, Ыстанбұл қалаларында концерттік бағдарламасын ұсынады.