Мұқағалидың мұңы Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 03:38 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2213 раз

Кім білсін,
Қаншама әлі шырқарымды,
Кім білсін,
Қай күні сен қырқарыңды.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Жоғалтпасам болғаны ұрпағымды.

83

 

... Мұқағали неден мұң арқалап өтті?! Әр шумағы мұңмен оралып, мұңмен тұмшаланған торғыннан мұң боп тамшылап өткен ақын, соңында исі қазақтың ұрпағына айналарын білмей кетті-ау?
Бүгінде Абайдан соң – Мұқағали тойланады. Әр жылы ақпанның 9 күні «Мұқағали күні» боп қазақ елі жырлайды. Қазақ жастары тамсана өлеңін оқиды. Егде жастағылар терең күрсінеді. Түсінеді. Бірге мұңаяды.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.

9 ақпан күні Жұмат Шанин театрында Мұқағали ақынның өлеңдері мен күнделігінен инсценировка жасаған Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, режиссер Қуандық Қасымов сахналаған «Мұқағали» монодрамасының премьерасы өтті.
Сахналық шешімі (сценографы Қ.Жұмағұлов) Мұқағалиша жалғыз ғана орындықпен жалғызсырап тұр. Өмірде мұңын шағар жан таппай, жаны жалғыз өткен Мұқағалидың рухы қалың көрерменнің ортасында жалғызсырап тұрғандай бойың шымырлайды. Шешімі де бөлек – сахна төрінде айнала тізілген орындықтардың ортасындағы Мұқағалимен салиқалы көрермен үнсіз тілдеседі.
Тар шеңбердегі жалғыз орындықты айнала Мұқағалидың қолы қойылған өлең парақтары моншақтай тізіліп жатыр. Қойылым соңында Мұқағали көрерменге өлеңін «ұмытпа мені...» деп, таратып шықты. Актер емес – Мұқағалидың өзі аманат таратып жатқандай көзіңе ащы жас тұнады...
Әр парақтан Мұқағалидың мұңы сырласа жөнеледі. Музыкалық көркемдеу де ерекше...
Театрдың труппа меңгерушісі, режиссер Алмас Шымалиев, қойылым бойы Мұқағали боп домбырада тебіреніп, бірде күрсініп, бірде армандап, спектакльдің ажарын аша білді.
Соқ, жүрек,
Солқылда, ми,
Тасы, қаным!
Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім,
О, Муза!
Бір өзіңе бас ұрамын,
Тездеп жет,
Мен бір жаққа асығамын...
Ақын қайда асықты?.. Қолы жетпеген арманға ұмсынғаннан миы солқылдап, шерді шарап қып ішіп, қиялы қыршыннан үзілген мұңлы ақын – ғасыр толқынынан ғасырлар айдынында батпастан қалқитынын сезді ме екен?..
«Бір актердің театры»– әлемдік театрларда үлкен шығармашылық жетістік болып саналады. Шаниндіктер сол жетістікке қол жеткізді. «Бір актердің театры» – Мұқағали (артист Б.Сегізбаев) боп көрерменді тамсандыра білді. Әдетте, бір актердің театрына қол жеткізу үшін – күллі қойылымды қара нардай жалғыз алып шығатын артист болуы шарт. Шанин шығармашылық ұжымынан нардың жүгін арқалайтын актердің табылғаны тағы бір белеске алып шықты. Театрдың репертуары жаңа бір толқынмен толықты.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.