Улы газ кез келген отынды, мысалы, газ, мұнай, керосин, ағаш отын немесе көмірді жаққанда шығады. Әдетте, жылыту пешінде немесе газда от жанып тұрса, ол қауіпті емес. Ал, газ және май пештері, ағаш пеші, газ құралдары, бассейндердегі жылыту құралдары және жабық тұрақтағы оталып тұрған көлікті қадағалаған абзал. От өшіп, газ тараса немесе жанған газды шығаратын құбырда сақталып қалса, үлкен қауіп төнеді. Пештегі жарықтар, мұржалардың толып қалуы, бітеліп қалған құбыр улы газдың тұрғын үйге, бөлмелерге тарауына әкеліп соғады. Пешке таза ауаның жеткіліксіздігінен де үй ішіне улы газ жиналып қалуы мүмкін. Үйдегі бөлмелердің тарлығынан ауа алмасу нашар болса, газға улану қаупі күшейе түседі.
Қауіпсіздік шараларын барлығы білсе де, дұрыс сақтала бермейді. Салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Ол үшін:
— от жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау;
— пештің мұржасын уақтылы тазалату;
— ешқашан, тіпті, есіктері ашық болса да, қозғалтқышы қосулы машинаны жабық тұрақта (гаражда) қалдырмаңыз;
— ағаш, көмірді үйде, палаткада, машинада немесе гаражда ешқашан жақпаңыз;
— генераторды далада қосқан күнде де, оның ашық терезе мен есіктің қасында тұрмағанына көз жеткізіңіз;
— құрылғыларды өздеріңіз жөндеуге тырыспай, олқылық байқалған жағдайда білікті маманға жүгініңіз;
— Ғимараттың газ жабдығы тұратын жерінде таза ауа кіріп тұратындай етіп терезені ашу немесе желдеткіш каналының болуын қадағалау қажет.
Б.ӘБІЛҚАСЫМ,
Әл-Фараби ауданыТөтенше жағдайлар
басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны