Жұрнақтар жоғалмасын Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 03:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 998 раз

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасының премьерасы өтті. Иә, премьерамыздан қалмайтын тұрақты көрерменнің көкейінде «Ертеректе саханаланған еді ғой» деген ой туындауы мүмкін. Театр ұжымы бірнеше жыл араға салып, «Жоғалған Жұрнақты» қайта сахнаға әкелді.

800

 

Ұлт тағдыры таразыға түскен шешуші сәтінде жастық жалынын бәйгеге тіккен Жұрнақтың бүгінгі ұрпаққа тіл қатуы – заңдылық. Жұрнақтардың текке құрбан болмағанын араға жылдар салып жаңғыртып отыру – бүгінгі біздің борышымыз. Қойылым ертеректе Иманәлі Сапаровтың режиссерлігімен сахналанған еді. Спектакль өз көрерменінің ықыласына ие болып, ұзақ жылдар театр репертуарында жүрді.
Уақыт – іріктеуші, саралаушы ғаламат күш. Кешегі өткен тақырып бүгін маңыздылығына өзгеріс енгізуді талап етеді. Драматургияның құпиясы да сонда – пьеса идеясының уақытпен бірге жаңарып, жаңғырып отыруында.
Бүгінгі «Жоғалған Жұрнақтың» қоюшы режиссері — театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бекболат Құманғожаев. Ол көрерменді өткен күнге жаңа көзқараспен қарауға үндеді. «Біз кешегімізді қаншалықты бағалаймыз? Мейірім әлемі бізден көшіп кетпеді ме?» деген сынды бүгінгі қоғамның өзекті сауалына жауап іздеді.
Сахна ашылғанда көрермен қауым Кеңес дәуірінің темір торы мен бетонмен мықталған қоршауын көріп, өткен жылдар қойнауына қайта оралды. Қойылым сценографы, ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұлов қазақ елінің сол жылдардағы тағдырын жинақы, аз ғана детальмен ұтымды ұсына білді. 1986 жылы ақ қар, көк мұзда қорлық көрген жастарды ақ жамылғымен орағанда өткен жылдар көз алдыңнан көлбең етіп, ұмытыла бастаған кезеңді қайыра жаңғыртып, ел қасіретін еске оралтады.
Мәскеуге білім іздеп кеткен балаң Жұрнақты (рөлдерде –Ш.Сағымбай, С.Әзімқұлов) вокзалдан достары мен сүйіктісі Алма (А.Сахитова) күтіп алады. Олар алда күтіп тұрған қасіреттен бейхабар, мұңсыз... Ертеңгі күннің жарқын болатына сенімді.
Махаббат пен мақсатын арқалаған Жұрнақтың елге келгенде алдынан үлкен төңкеріс қарсы алады. Жұрнақ ел тәуелсіздігі үшін алаңға шыққан жастар легіне еш қорқынышсыз, қазақтың жарқын болашағы үшін қосылған еді. Кеңестік жүйенің темір құрсауы егемендікті аңсаған елді өз уысынан шығармады.
Қазақтың рухты жастары билік басына Мәскеу бекіткен өзге ұлт өкілінің келуіне қарсылық білдірді. Еркіндікті аңсаған жастар автомат асынған әскер шебінен де шімірікпеді. Кеңес жүйесі өз халқына қарсы оқ атады дегенге сенбеді. Өкініштісі, ол үміт ақталмады. «Менің Қазақстаным» деп әндеткен жастар шеруіне қарсы оқ қарша борады.
Жұрнақ — қазақ елінің болашағы үшін күрескен қазақ жастарының жиынтық образы. Жұрнақтың «Біз қазақ... Ежелден ерекше иланғыш, бала мінезді, ақкөңіл екенбіз ғой... «Мәскеу – Отанымыздың жүрегі» дегенге имандай иланатын да тек біз, қазақтар ғана секілдіміз...» деген жүрегін жарып шыққан сөзінен құйқаң шымырлап, ұлт тағдырының қақпақылға түскен тағдырына қосыла күйінесің.
Әке үшін ұлының талқыға түскен тағдырын көргеннен асқан қасірет бар ма?! Қоғам арасынан мейірім мен түсіністік іздеген Жұрнақтың әкесі Қонақбайдың (рөлдерде Е.Шымырқұлов, Ұ.Артықбаев) «Балалар, сендер сенбеңдерші... Еш болмаса осы сендер сенбеңдерші... Сендер Жұрнақты, менің жалғызымды білесіңдер ғой! Білесіңдер, ә?» деп, еңірей жүріп адамдарға жалбарынғаны, жан-дүниеңді төңкереді. Жалғыз ұлы, Жұрнағы үшін шырыл қаққан Әке жүрегі, көрерменін қосыла жылатады.
Режиссер Б.Құрманғожаевтың жаңа шешімі – есейген Жұрнақ (арт. Б.Сегізбаев, арт.
Е.Аманғалиев). Жұрнақтар – саясаттың құрбаны болса, тепкіні жалғастырушы қоғам екенін жеткізді. Қазақ елін өзге ұлттың билеуіне қарсы шыққан Жұрнақ Кеңес жүйесінің құрбаны болатын. Сосын... Сосын ше?!. Сүйіктісінен айырылғаны аздай, Мәскеуден ауру боп оралған Жұрнақтың өмірден безінуіне себепші болған алыстағы көрші елдің адамдары емес – өз ауылдастары...
Саясат тепкісінен ауруға ұшыраған Жұрнаққа қоршаған қоғамнан тек қана әке-шешесінің көзін көрген Сағындықовтың шешесі (ҚР Мәдениет қайраткерлері Г.Еспай, Ә.Қарабекова) мен мектеп директоры (М.Дариев) ғана араша түсті. Өзгелер теріс айналды. Мазақтағаны аздай, жабыла қорлады. Кезінде таяқ жеген арматураны көргенде санасы оянған Жұрнақтың қара күшке қарсы ұмтылғанын «қатерге» балаған милиционер бастап аяқ-қолын матайды. Осы сәттің өзінен-ақ, кеңес жүйесінің қазақ санасына індегенін, мейірімі – мерезге айналғанын көреміз. Біздер... Қоғам неліктен қатыгезбіз?.. Тірісінде қадірлемей, өлгеннен соң іздейміз... Тірісінде қадірлеуді қашан үйренеміз?..
Қоғамның тепірешінен безген Жұрнақ, әкесінің құлаған шаңырағын қайта қалайды. Өмірін жалғастыру үшін емес, әке шаңырағын қарайтып кету үшін. Жалғыз ұлдың, әулеттен қалған Жұрнақтың соңғы тұяқ серпісі осы болды...
Адамдардың мерездігінен баз кешкен Жұрнаққа сүйіктісі Алманың әруағы шырыл қағып, мәңгілік әлемге келтіргісі келмей жанұшырады. Сүйіктісі өлмесе екен деп бебеу қағады.
«А-а-а-а! Алма-а-а! Ала кетші мені, Алма-та-а-а-ай! Мен... Мені бұл дүниеде жынды Жұрнақ дейді. Мен... Мен... Мен... Мына дүниеден ша-шар-ша-ды-ы-ым... Ұшамын мен...Ұшармын да кетермін. Саған жетіп қонармын... Сенімен бірге... А-а-а-а! Алма-а-а-а-а! Ал-ал-ал...»... Бұл – ұлт Тәуелсіздігі үшін күрескен Жұрнақтың соңғы сөзі!
Жұрнақтың өлімі бәрімізге ой салуы керек. Әлі де арамызда Жұрнақтар бар. Қадіріне жеттік пе?.. Ойланайық. Жұрнақтарды жоғалтпайық!

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.