«Дағдарыстың бәрi де өткiншi...» Избранное

Среда, 30 Декабрь 2015 04:22 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3594 раз

Қазақ елі талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген. Заманның әр кезеңінде тағдырдың керзі етігі аямай жаныштаса да, халқымыз қай-қай қиындықты да сабырмен қарсы алып, бірлігімен, татулығымен еңсесін тіктеген. Қазіргідей бүкіл әлемді шарпыған саяси-экономикалық дағдарыс жағдайында да еліміз белді бекем буып, биік белестерге көз тігуде. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер» екенін айтқан болатын.


Сынақ пен сын ширатады

1392122797 1f8643ad9dff923071220cd8e9f6a3d5Қазір қоғамда әлемдік дағдарыстан туындаған еліміздегі экономикалық және қаржылық дағдарыс төңірегінде айқыш-ұйқыш, артық-кем пікірлер айтылып жүр. Десе де, ол ойларды сараптан өткізе отырып айтар болсақ, дағдарыс қиындығымен қатар, үлкен мүмкіндіктердің кілті екенін де жадымыздан шығармауымыз керек.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналған. Тарихқа көз салсақ, іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған. Бұл жөнінде Елбасы халыққа арнаған Жолдауында нақтылап, сараптап айтып берді.
– Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік, – деп атап өтті Елбасы.
Рас, қазіргі дағдарыстың әсері барлық салада байқалуда. Дегенмен, барша қиындықтарға қарамастан, елімізде әлеуметтік саладағы қойылған міндеттер толықтай орындалып келеді. Мысалы, 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орта есеппен 30 пайызға дейін өспек. Бұл дегеніміз – еліміздегі дағдарысқа қарсы бағытталған стратегиялық міндеттердің сәтті жүзеге асуы деп бағалауға болады.

Өнiмдер бәсекеге лайық па?

Таяуда Шымкент қаласында «Дағдарыс – мүмкiндiктер ретiнде» атты тақырыпта бизнес-конференция өттi. ОҚО әкiмдiгi, «ҚАЗКА» Қазақстан кәсiпкерлерi ассоциациясы және өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының қолдауымен өткен аталмыш жиын пәтуалы пікірлердің алаңына айналған келелі кездесу болды. Жиында еліміздің әр өңірінен келген экономист-ғалымдар дағдарыстың әсерi, қазақстандық бизнестiң қиын жағдайға қарамастан даму қажеттiгi жайында ойларын ортаға салды. Конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қазіргідей дағдарыс жағдайындағы Оңтүстіктің экономикалық ахуалын тілге тиек ете келе, мұндай сәтте дағдарыс деп абдырап қалмауға, қолда барды барынша еселеп жұмыс істеуге үндеді.
– Бизнес қауымы дағдарыс кезiнде ақшаларын үйде сақтамай, инвестицияға жұмсағаны жөн, – дейді Сапарбек Тұяқбаев. – Соңғы жылдары бiз импорт алмастыру бағытында жұмыс жүргiздiк. Соның нәтижесiнде Оңтүстiкте өндiрiлген тауарлардың 80 пайызы шетелдiк өнiмдермен бәсекелесе алды. Тауар арзан болуы үшiн өзiмiздiң шикiзаттан жасалуы керек. Бүгiнде кәсiпкерлiктi дамытуға барлық жағдай жасалған. Мәселен, индустриялды аймақтарда өндiрiс орындарын салуға жер тегiн берiледi. Қажеттi инфрақұрылым мемлекет қазынасы есебiнен тегiн тартылады. Керектi құжаттар «бiр терезе» қағидасы бойынша аз мерзiм iшiнде дайындалады. Биыл «қазақ-түрiк индустриялды аймағының» құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Әкім орынбасарының айтуынша, келесi жылдан бастап Оңтүстiкте өндiрiлген мақтаны толық өзiмiзде өңдеудi қолға алынбақ. Сонымен бірге, мақта өндiрiсiне де iрi көлемде инвестиция салу көзделіп отыр.

Сарапшы мамандар не дейдi?

Дағдарыс дегенде, бүгінгі таңда ұлттық валюта мәселесін де айналып өте алмаймыз. Мамандардың мәлімдеуінше, елімізде екiншi деңгейлi банктерге салынған депозиттiк салымдардың 80 пайызға жуығы доллар күйiнде сақталған. Банктер де шетелдiк iрi қаржы ұйымдарынан несиенi доллармен алып жатыр. Сондықтан қаржы нарығында төл валютамыздың тапшылығы байқалуда. Қаржыгерлердің айтуынша, долларсыздандыру саясатын iске асыру үшiн алдымен депозиттердегi ақшаны теңгеге алмастыру қажет.
Жоғарыда Шымкентте дағдарыс тақырыбында бизнес-конференция өткенін баяндадық. Осы жиынға қатысқан мамандардың пікірі көп ретте бір арнада тоғысып жатты. Ондағы толғамды ойлардың ортақ түйіні – дағдарыстың үлкен мүмкіндіктерге жетелейтіндігі. Бұл орайда бизнестің даму тетіктері төңірегінде тұшымды пікірін білдірген «Асадель Капитал» хедж-қорының басқарушы серiктесi М.Сейсембаев дағдарыстың кәсiпкерлер үшiн халық алдында үлкен жауапкершiлiк жүктейтiнiн, бұл ретте бизнес өкiлдерiне iскерлiк қарым-қатынасты күшейте отырып инвесторларды сенiмдi серiктес болуға шақыру керектігін айтады.
– Қаржылық, экономикалық қиындықтар негiзiнен табысы мұнай шикiзатынан құралған мемлекеттерге әсерiн тигiзуде. Сондықтан шикiзат бағасына тәуелдiлiктен құтылу үшiн бүгiнгi таңда елiмiзде жүргiзiлiп жатқан экономиканы әртараптандыру саясатын жалғастыра беруiмiз керек. Сонымен қатар, дағдарыс кезiнде өндiрiстiк тауарлар өндiрiсi азайып, бар кәсiпкер ауыл шаруашылығы саласына ден қоятыны белгiлi. Себебi, қандай жағдайда да халықтың ең басты тұтынатыны азық-түлiк болғандықтан оған деген сұраныс ешқашан жоғалмайды. Мәселен, бүгiнгi дағдарысқа қарамастан ауыл шаруашылығы саласындағы негiзгi көрсеткiштер республика бойынша 3 пайызға жоғарылаған. Сол үшiн елiмiздiң ауыл шаруашылығын жүргiзуге қолайлы климаттық, географиялық артықшылықтарын пайдалана бiлуiмiз керек, – дейді М.Сейсембаев.
Елімізге белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатыбалдин республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның жағдайын жан-жақты таразылай келе, еліміз бұл қиындықты да артқа тастап, жарқын болашаққа тақай түсетінімізді көрсетіпті.
– Дүниежүзілік тауар биржаларында металдар мен минералдардың, көмірсутектерінің бағасы күрт төмендеуге «бетбұрыс» жасағанда теңгеміз құнсыздануға көшті. Жалпы, теңгені еркін айналымға жіберуге жақтас ғалыммын. Егер біздің индустриямыз экспорттық қабілеті жоғары дайын тауарлы қосымша құны мол өндірістің үлесін ең болмағанда 20 пайызын құраса, теңге соншалықты құнсызданбас еді. Әрине, Президентіміз Ұлттық қордағы валютамыздың күшімен теңге бағасын жоғары деңгейде ұстап тұруды қаламағаны дұрыс болды. Не бар, не жоғы көрінді. Десек те, «2050 стратегиясы» мен «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы «шашылып қалуымызды» болдырмай тастады. Бұл үшін де осы бағдарламаларды дер кезінде жасаттырып, өндіріске енгізген Көшбасшымыздың көрегендігіне алғыс айтуға тиіспіз, – дейді сарапшы.

Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисiн...

Дағдарыстың салқыны сезілген шақта Елбасы Н. Назарбаев елдегі атымтай жомарттарға салмақ сала сөйлеп, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын айтты.
– Мемлекет сіздердің бизнес­теріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағат­тарда сіздерге үлкен жауап­кершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қа­тысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел бо­лу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ың­ғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнім­­ді, затымыз өтімді болады. Өзі­мізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды, – деді Елбасымыз.

Түйін сөз

«Дағдарыстардың бәрі де өткінші, өтеді де кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұрасы, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады». Осылай деген Елбасы халыққа арнаған сөзінде бұл дағдарыстан да жеңімпаз болып шығатынымызға үлкен сенім білдірді. Қазақта «Бұдан да жаман кезімізде тойға барғанбыз» деген жақсы сөз бар. Бәлкім, бізді дағдарыс кезеңінде де елеулі табыстар күтіп тұрған шығар.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.