Әлеуметтік портал: сапа мен ашықтық кепілі

Пятница, 28 Май 2021 10:32 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2389 раз

Елімізде барлық сала цифрлы жүйеге көшіп, азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймады, процестерді ашық етті. Соның ішінде әлеуметтік-еңбек саласы 91 пайыз электронды қызмет көрсетуге көшті. Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартып, сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік туғызды. Шымкентте әлеуметтік портал арқылы жыл басынан бері мүгедектігі бар 2510 адамға нақты 488 445 оңалту құралы жеткізілген. Үйде отырып-ақ қажетті құралға тапсырыс беру арқылы өзіне тиесілі бұйымға ие болу – әлеуметтік қамқорлықтың бір парасы. Мәселенің мән-жайымен Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерман БЕКМҰРАТОВПЕН әңгімелестік.

erman-bekmuratov

– Ерман Нұрланұлы, қазірге дейін дәл осы әлеуметтік портал арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар 500 мыңға жуық оңалту құралына ие болыпты. Тапсырыс қанша күнде орындалады?

– Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйінен шықпай ЭЦҚ көмегіне сүйенуіне мүмкіндік беруде. Оңалту құралдары 14 күнде және тегін жеткізіледі. Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері мүгедектігі бар 2510 адамға нақты 488 445 оңалту құралы жеткізілген.

Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, портал кәдімгі интернет-дүкенге ұқсайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарда оңалту құралын делдалсыз еркін таңдау мүмкіндігі бар. Әрі сапалысын таңдай алады. ЭЦҚ арқылы кірсе болғаны. Ал егер техникалық оңалту құралының қымбат түрін таңдаған жағдайда, үстіндегі ақшасын өзі төлеп алуына болады.

Әсіресе, протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ, кресло-арбалармен қамтамасыз ету қарастырылған. Арнайы әлеуметтік қызметтерге жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий-курорттық емдеу қызметтері де кіреді. Биыл оңалту шаралары және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету аясында 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматты 31 436 қажетті құралмен қамту және қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Айта кету керек, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 37 046 мүмкіндігі шектеулі азамат (2020 ж – 37 014) тіркелген. Оның ішінде 3 324 адам – бірінші топтағы мүгедек. Екінші топтағы мүгедектер саны – 14 950, үшінші топта – 12 288 азамат. 18 жасқа дейінгі 6 484 мүгедек бала бар.

Протездік-ортопедиялық көмекке және техникалық көмекші (орныны толтырушы) құралдар алуға азаматтардан 2238 өтініш қабылданған. Ал 3329 өтініш сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар бойынша түсті. Қол арба құралдарын алу үшін 258 азамат өтініш берген. Жеке көмекші мен ымдау тілі мамандары 1678 азаматқа қызмет көрсетті. Шипажай, сауықтыру орындарына емделу үшін 7232 азаматтан жолдамаға өтініш келді.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін «Инватакси» де бар емес пе?

– Ия, одан бөлек ҰОС ардагерлер мен мүгедектерге, жүріп-тұруы қиын I және II топ мүгедектеріне арналған «Әлеуметтік такси» де жұмыс істейді. Бұл қызметте 43 автокөлік бар. Оларға 443 өтініш түскен. Ал сіз айтып отырған «Инватаксиде» 18 көлік бар. Оған 407 өтініш түскен. Кезегімен қызмет көрсетілуде.

jumis

– Бұған қоса басқарма тарапынан қандай қолдаулар бар?

– «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» ұстанымы негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуға баса назар аударылып отыр. Барлық салада, мәселелерді шешуде жергілікті және орталық мемлекеттiк басқару органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің, үкіметтік емес ұйымдардың арасында негізгі бағыттаушы, сабақтастырушы орган ретінде қалыптастыру мақсатында «Тең қоғам» орталығын құру қолға алынған. Бұл бағдарламаның негізінде 150 орынды оңалту орталығын салуға 2021 жылы қалалық құрылыс басқармасы тарапынын жобалық-сметалық құжат, жерге орналастыру бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

– Ерман Нұрланұлы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы дегенде былайғы жұрт тек «пособия» беретін мекеме ретінде қарайтыны жасырын емес...

– Сұрағыңызды түсіндім, негізінен біздің басқарма 5 бағытта жұмыс істейді. Ол ең алдымен халықты жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, сосын ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу және көші-қон мәселесі, оралмандармен жұмыс істеу. Ал сіз айтып отырған атаулы көмек мәселесіне келетін болсақ, биыл бұл бағытқа бюджеттен 13,5 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Оның 12,5 млрд теңгесі – республикалық, 955,7 млн теңгесі жергілікті бюджеттен қаралды.
Жыл басынан бері 34 862 отбасыға (172 089 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 4,8 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Ал кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен 34 193 баланы қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді (әзірге игерілгені – 719,5 млн теңге).
2021 жылдың 1 сәуіріне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларға «Грамад» сауда орталығы арқылы 47 244 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды.

– Сөзіңіз аузыңызда, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қалай анықтайсыздар?

– «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 қаулысына орай Шымкент қалалық әкімдігінің «Учаскелік комиссиялар туралы ережені бекіту туралы» жобасы бар. Бұдан бөлек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшем шарттарын бекіту туралы» бұйрығы негізге алынады.

– Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы да көпшілік тарапынан қолдауға ие болуда. Оның да жай-жапсарын тарқатып айтып берсеңіз...

– Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды қолдауға зор мүмкіндік береді. Жаңа жобаның негізгі мақсаты – аз қамтылған азаматтарға көмек беру және жұмыспен қамту. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік жобасына халықтың қызығушылығы артуда. Бұл жоба инвесторларға өте тиімді, қаржыларын қайырымдылыққа бағыттағаннан гөрі оны бизнеске салып, мемлекеттен түрлі жеңілдік алуына мүмкіндік ашады.  Соның бірі – мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту.

Шымкентте қазірдің өзінде әлеуметтік кәсіпкерлікке қызығушылық танытып жатқан кәсіпкерлер бар. Заңнамаға сәйкес, әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларына қатысуға басымдық алуда.

Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүгедек балалардың ата-аналары мен қамқоршыларына, зейнеткерлер мен зейнеткерлік жас алдындағы азаматтарға, балалар үйінің 29 жасқа дейінгі түлектері мен аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасылар қатарындағы әйелдерге ыңғайлы. Сондай-ақ, соңғы бір жыл ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдар және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, нашақорлықтан емделген азаматтарға қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамту қарастырылуда.

– Басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі азаматтық құқықтық актілерді тіркеу деп қалдыңыз. Бұл істі ХҚКО-ы немесе Әділет департаментінің мамандары атқарады емес пе?

– Мемлекеттік қызмет көрсетудегі бұл сала біздің де басқарманың негізгі міндеттерінің біріне жатады. Оның үстіне бұрынғысынша үйреніп қалған тұрғындар әлі де болса бұл біздің басқармаға жүгінгенді ыңғайлы көреді. Басқармада азаматтық құқықтық актілерін тіркеу бойынша 2021 жылдың 3 айында жалпы 6579 хат қаралып, 15 068 азаматтық хал актісі тіркелді.
Соның ішінде бала тууды мемлекеттік тіркеу бойынша – 8436, неке қиюды (ерлі-зайыпты) мемлекеттік тіркеу бойынша – 2088, неке бұзуды  мемлекеттік тіркеу бойынша – 185, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу бойынша 1358 акт жазылған.

Айта кету керек, наурыз айында елтаңбалы туу туралы куәліктер болмауына байланысты орнына 4,5 мың азаматқа туу туралы анықтамалар берілді. Қазіргі таңда әділет департаментінен куәліктер алынып, 3 мың азаматқа беріліп, қалған 1,5 мың куәлік жазылуда.

– Әңгімеңізге рақмет!