Баршагүл ИСАБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент: Құрылтай – дала демократиясының жарқын көрінісі Избранное

Пятница, 18 Март 2022 04:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4069 раз

–Баршагүл Қашқынқызы, Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанның суперпрезиденттік басқару жүйесінен кетуі керектігін айтты. Мұндай шешімнің қабылдауына не себеп болды деп ойлайсыз?

–Елімізде 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституция қабылданған сәттен бастап Президенттің өкілеттілігі кеңейіп, суперпрезиденттік басқару жүйесі жылдан жылға нығайып келді. Сол уақыттың реалдарында бұл шешім орынды еді деп айта аламыз. Алайда, уақыт та, елдегі жағдай да өзгеріп, бұл жүйенің күрделі проблемалардың туындауына себеп болғанын мойындауымыз керек. Жалпы, тарихшы ретінде айтар болсам, биліктің бір адамның қолына шоғырлануының мемлекет пен қоғам үшін ауыр салдары болатынын адамзаттың тарихы талай рет дәлелдеп берген. Мұның соңы авторитаризм мен тоталитаризмге ұласып кету қаупі бар. Сондықтан барлық демократиялық елдерде биліктің бөлінуін қамтамасыз ететін, билік тармақтарының бірін-бірі тежеп, тиімді тепе-теңдіктің сақталуына мүмкіндік беретін саяси жүйе қалыптастырылған. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің бір-бірінен дербес әрі тегеурінді болуы – экономиканың дамуына, әлеуметтік әділеттіліктің орнауына және адамдардың құқықтарының қорғалуына кепіл болады.

712

 

Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан ең басты мәселе – Президенттің өкілеттіліктерін азайтып, оның билігін шектеу жайы. Қасым-Жомарт Тоқаев супер-президенттік басқару жүйесінен кетіп, ықпалды Парламенті бар президенттік басқарудағы республикаға айналуымыз керек екенін айтты. Бір жағынан, бұл
Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін нағыз саяси қайраткер екенін көрсетеді. Әйтпесе, кімнің өз өкілеттілігін өзі қысқартып, қолында тұрған билік тетіктерін әлсіреткісі келеді?
Екінші жағынан, бұл – қажеттіліктен туындаған шешім. Өйткені, бар биліктің бір адамның қолында шоғырлануы, ол қабылдаған шешімдердің ешқандай жағдайда талқыға салынбауы дұрыс емес. Бұл Президент пен оған жақын адамдардың саясат пен экономикада монополия орнатып, олигархия қалыптасуына себеп болатынын көріп отырмыз. Ал, мұндай жағдай коррупцияның өршуіне, әлеуметтік әділеттіліктің әлсіреуіне және теңсіздіктің артуына әкеп соқтырады. Сол себепті елді орнықты даму жолына түсіру үшін Президент билігінің шектеліп, өкілеттіліктерінің азайғаны өте маңызды.

–Есесіне, Парламент Мәжілісінің құзіреті кеңейіп, ықпалы күшейіп отыр ғой. Бұл өзгеріс елімізге не береді?

–Иә, ендігі жерде Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат кері қайтара алмайды. Сенат тек Мәжіліс қабылдап қойған заңдарды қолдайтын, қолдамайтынын айтып пікір білдіре алады.
Бұл жердегі мәселе мынада: Сенат өңірлерден мәслихаттар арқылы жанама сайланған депутаттар мен Президент тағайындаған депутаттардан құралады. Олармен салыстырғанда партия арқылы, ендігі жерде мажоритарлық жүйемен тікелей де сайланған мәжілісмендер сайлаушыларға жақынырақ болады. Яғни, Мәжіліс біздің қоғамның сан алуан топтарының барлығының атынан өкілдік ететін, олардың мүдделерін қорғайтын палата. Сондықтан заң қабылдауда Мәжілістің басым құқыққа ие болуы орынды деп ойлаймын.
Мәжілістің құзіреті ғана емес, жауапкершілігі де артып отыр. Олай дейтініміз, Есеп комитетінің орнына бюджеттің орындалуын қадағалайтын жоғары аудиторлық палата құрылмақшы. Ол жылына кемінде екі рет бюджеттің орындалуы бойынша Мәжілістің алдында есеп береді. Яғни, халықтың салығынан құралған бюджеттің тиімді әрі заңға сәйкес жұмсалуын бақылау міндеті Мәжіліс депутаттарының мойнына жүктеліп отыр.
Президенттің бүгінгі Жолдауында айтылған мәселелерді іске асырсақ, елдің орнықты дамуына жол ашып, халықтың мемлекеттік басқару институттарына деген сенімін қалпына келтіреді. Сөйтіп қоғамдағы наразалық бәсеңдеп, қаңтардағыдай қанды оқиғалар мен дағдарыстардың қайталануына жол берілмейді деп сенеміз.

–Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай шақырылмақшы. Мұндай институт бізге не үшін керек? Ол Мәжілістің жұмысын қайталамай ма?

–Құрылтай – дала демократиясының жарқын көрінісі. Орта ғасырларда түрік және моңғол тайпалары құрылтайда хан сайлау, жорықтың бағытын белгілеу мен оған қолбасшы тағайындау секілді маңызды мәселелерді талқыға салған. ХV-ХVІІІ ғасырларда түркілік мемлекеттерде, соның ішінде Қазақ хандығында да аса маңызды мәселелер қаралған. Қарақұмдағы халық құрылтай, Ордабасы құрылтайы деген алқалы басқосулардың ұлттық тарихымызда алатын орны ерекше. Қала берді Тәуелсіздік жылдарында да Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары өтіп тұрғанынан хабардармыз. Сондықтан Президенттің бұл бастамасының берік тарихи негізі бар деп айта аламыз.
Енді қазір құрылтай не үшін керек дегенге келсек, мұның салмақты себептері бар деп есептеймін. Біріншіден, қазір әлем жедел өзгеріп жатыр. Ақпараттар тасқыны, оқиғалардың легі орасан зор. Мұндай күрделі оқиғалар мен қарым-қатынастардың бәрін заңнамалық тұрғыда реттеп отыру қажет. Парламентте шешілуі тиіс проблемалар, қабылдануы тиіс шешімдер, бекітілуі тиіс құжаттар өте көп. Мұндай заңшығармашылық қызмет тұрғанда кейде саясат пен экономикадан бастап, ғылым, мәдениет, өнер, тарих пен идеология саласындағы кең ауқымды мәселелерді, қордаланған проблемаларды кеңінен отырып талқылауға, оның әрқайсысымен ыждағаттап айналысуға мүмкіндік бола бермеуі мүмкін. Ал, қоғам қайраткерлерінде, ғалымдарда, зиялы қауым өкілдерінде айтылуы, ортаға салып талқылануы тиіс қаншама мәселе бар. Құрылтай осындай келелі әңгімелер айтылып, билік органдарына нақтыланған, пысықталған ұсыныстар берілетін мінберге айналады деп ойлаймын. Сондықтан мұндай құрылым Мәжілістің қызметін қайталайды деген пікірмен келіспеймін.
Екіншіден, көпшілікті мазалайтын мәселелер негізінен әлеуметтік желілерде ғана талқыланып жатады. Мұндайда жұрттың көбі өзі білмейтін салаға, өзі түсінбейтін мәселеге қатысты пікір айта береді. Арнайы дайындығы мен білімі бар адамдардың, мамандар мен сарапшылардың орнықты ойлары, қисынды пікірлері әлгі нөпірдің арасынан көрінбей қалады. Сондықтан ол мәселеге билік органдары тарапынан уақтылы назар аударылмайды. Бұл өз кезегінде проблемалардың қордаланып қалуына, оның уақтылы шешілмейіне, сөйтіп қоғам наразылығының өршуіне әкеп соқтырады. «Білме, білгеннің тілін алма» дегеннің кері келіп-ақ тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылатын Ұлттық құрылтай осы олқылықтың орнын толтырып, әр саланың білгір мамандарының, сарапшылардың жарыққа шығып, олардың орамды ойлары мен орынды ұсыныстары тыңдалатын орынға айналады деп үміттенемін.

–Әңгімеңізге рахмет!