Қасиет дарыған ата-анадан тек ізгі ұрпақ туады Избранное

Пятница, 22 Апрель 2022 03:31 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1963 раз

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осы орайда Мемлекет басшысы бұл жылды ұрандатып мереке түрінде атап өтпей, келешек ұрпақтың денсаулық, білім мен тәрбие және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне көңіл бөлу керектігі жөнінде айтқан болатын. Балалар психологі, психотерапевт Ажар ТҮЙМЕБАЕВАМЕН арада болған әңгіме жас ұрпақтың рухани саулығы төңірегінде өрбіген еді.

67

 

–Ажар Тәжіханқызы, Сізге ата-аналар көп жағдайда қандай мәселемен шағымданып келеді?

–Психолог болып жұмыс істеп келе жатқаныма 18 жыл болды. Соның ішінде жеті жылдан бері психотерапиялық ем жүргіземін. Кезінде осы мамандық бойынша жоғары оқу орнында дәріс бердім. Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға және ересектерге психологиялық көмек көрсетемін. Ата-аналар көбінесе екі түрлі шағыммен келеді. Бірі, «балам тынымсыз, бұзық, жан-жағындағыларды шаршатады» десе, екіншісі, «балам әлжуаз, қорқақтау, қатты сөйлесе жылап қалады» дейді. Балалардың мінез-құлқы неге бұлай бөлінеді? Бәрі анасының жатырында жатқан кезінен басталады. Бала гиперактивті болса, демек, анасы агрессиялы болған. Тым эмоцияға беріліп, невроз жағдайына, стресске көп ұрынған. Мұндай балада энергия артық мөлшерде болады. Өзі шаршамайды, бірақ айналадағы адамдарды шаршатады. Екінші типтегі балалар психологиялық тұрғыда өте әлсіз болып келеді. Ол да анаға барып тіреледі. Анасы жүктілік кезінде тым ренжігіш, өкпелегіш болған. Эмоцияны сыртқа шығармай, іште жұта бергеннен де бала әлсіз мінезбен туылады. Сондықтан баланың жатырда қалыптасуына тек ана емес әкесі де, жақын туыстары да тікелей жауапты. Қазақтың салт-дәстүрінде келін көтерсе ерекше қуанатын болған. Ауыр зат көтертпей, қараңғыда өзін жібермей, күтіндірген.

–Бұл балаларды емдеуге бола ма?

–Гиперактивті бүлдіршіндердің күш-қуатын белгілі бір әрекетке бұру керек. Балабақшада да тәрбиешілер оларды есепке алуы тиіс. Бар зейінін ойынға бұрса, мәселен, сурет салу, ермексазбен, құммен ойнау секілді, сонда бала тез шаршап, бұзықшылық жасауын азайтады. Екінші типтегі балалардың керісінше, психоэмоциясын көтеру керек. Мақтау, мадақтау арқылы немесе арт, құм терапиясын пайдаланып жаттығулар жасатып, көңіл-күйін көтеру қажет.

–Ал мектеп жасындағы балалар туралы не айта аласыз?

–Мынадай оқушылар бар. Үйде ерке, сөйлегенде аузы жабылмайды, алайда мектепке барса, үндемей қалады. Баланың сыртта ынжық болуынынң себебі, үй, ата-ана, жақын туыстар ол үшін комфорт алаңы. Ол солармен өзін еркін сезінеді. Ойын ашық айтады, ашық жеткізеді. Ал мектепте тұйықталуының себебі, мұғалімге байланысты болады. Егер ұстаз ұрсып, психологиялық соққы берсе, бала тұнжырап, сыртқа ашылмай қалады. Сондықтан мұғалімге артылар жүк ауыр. Бала жанын түсініп, мейіріммен қарау керек. Оқушыны еркін тәрбиелеп, үнемі жетістікке ынталандырып, жігерлендіріп отыруы тиіс.

–Қоғамда көп талқыланатын мобильді телефондар жайлы не дейсіз? Гаджеттердің бала психологиясына қаншалықты зияны бар?

–Жеке қабылдауыма 13-15 жастағы қыз бен ұл балалар көп келеді. Барлығының проблемасы біреу. Телефонға тәуелділік. Ұялы телефоннан бас алмай, шынайы өмірден ажырап қалған оқушылар да бар. Интернет ақпарат көзі. Адамдар кейде сол ақпаратқа байланып қалады. Гаджет бүгінгі заманның технологиясы. Оны меңгеру жастар үшін керек. Бірақ әр нәрсенің шегі бар екенін ұмытпауымыз тиіс. Интернетке шырмалған бала ішкі қасиеті мен қарым-қабылетін, талантын толық аша алмай, виртуалды әлемде шектеліп қалуы мүмкін. Бар мәселе сол бүгінгі заман жетістігін жүйелі қолданбауда болып тұр. Психология саласын зерттеуші ғалымдардың соңғы жаңалығына сүйенсек, қоғамдағы бұл негативті көрініске көп жағдайда ата-ана кінәлі болып шығады. Өйткені бүгінгі таңда ата-аналар отбасылық жауапкершілікті тек әлеуметтік тұрғыдан ғана қарастырады. Көпшілігінде «балама бар керектіні әперсем, ешнәрседен мұқтаж етпесем» деген біржақты ой қалыптасқан.» Мен бәрін сатып әперіп жатырмын» деген ата-ананың әлеуметтік міндеті жоғарылағанымен психологиялық таным-түсінігі төмендей береді. Оның достары кім, бос уақытында немен айналысады? Ол жағына көп мән бере бермейді. Қазақтың мықты оқымысты ағартушылары, Р.Қоянбаев, Қ.Жарықбаев сияқты психолог-педагогтары «оқушыға алдымен психологиялық қолдау көрсетілуі керек. Содан соң әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі жүреді» деген өте маңызды пікірлер айтып кеткен. Баланы артық еркелету, өбектей беру де жан-дүниесіне кері әсерін тигізеді. Ондай бала кейін өзімшіл, менмен болып шығады. Сондықтан ата-на ұл-қызын жастайынан еңбекке баулып өсіруді назарға алса деймін. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе қаланың баласы бостау келеді. Сол үшін оларды ауылдың балаларымен араластырып, еңбек етуді үйретсе, бұл өзекті мәселе шешімін табар еді.

–Ата-ана, мұғалімдерді алаңдататын тағы бір мәселе – балалар суициді. Сіздің пікіріңізше, оның негізгі себебі неде? Қалай алдын алуға болады?

–Бала көп жағдайда ата-анамен, қоршаған ортамен қарым-қатынасы нашар болған кезде өз-өзіне қол жұмсауға барып жатады. Яғни бұл жерде балаға мейірім, көңіл аудару, әке-шешенің назары жетіспейді. Жас өскін ол кезде өлімді емес, өзінің кетіп қалған күйін елестетеді. Оның санасында «осыдан мен өлсем көресіңдер, бәрің де жылайсыңдар» деген сондай аяушылықты қажет еткен сезім тұрады. Яғни суицидті бала саналы түрде жоспарламайды, оның бар ойында дұрыс көңіл бөлмеген ата-анасын жазалау әрекеті жатады. Ата-ана мейірімінен, көңіл аударуынан мақұрым қалған бала стресс алады, жәбірленеді. Сөйтіп бойын қорқыныш, үрей билейді. Баланың санасын сезім билесе, ақыл жұмыс істемей қояды. Сондай кезде оның бойында жат қылықтар пайда болады. Осындай уақытта ата-ана міндетті түрде психолог маманға жүгінуі қажет.

–Сосын байқасаңыз, бүгінгі таңда түрлі ақыл-есі кеміс болып туылып жатқан балалар саны артып барады деген жанайқайды көп еститін болдық. Мұны немен байланыстырасыз?

–Аутизм, Даун синдромы басқа да толып жатқан генетикалық ауытқушылықтан пайда болатын аурулардың түп тамыры нақты мынадан келіп туындайды деп кесіп айту қиын әрине. Дегенмен, негізгі факторлардың қатарына экологиялық ахуалды жатқызуға болады. Рас қазіргі уақытта ірі қалаларда экология нашарлап кетті. Ірі кәсіпорындардан шығатын түтінді былай қойғанда, көліктердің сыртқы ортаға бөлетін улы газының өзі біраз экологиялық қиындықтар тудырып отыр. Мәселен, жуырда бір статистикадан оқып қалдым, 800 автокөліктен шығатын түтін бір зауыттың ауаға тарайтын зиянды газына тең екен. Екіншіден, күнделікті тұтынатын көкөніс, жеміс-жидектерді табиғи таза өнім дей алмаймыз. Көбісі шетелден әкелінеді және көпшілігі дәрімен піскендер. Алманың өзін алып қарасақ, құрттаған бір жері жоқ. Дәмін татқанда, алма жегендей болмайсыз. Сонымен қатар ата-аналар да салауатты өмір салтын ұстана бермейді. «Сау анадан – сау бала туатынын» ұмытпайық.

–Балаларды рухани байыту, жан-дүниесін дамыту үшін мемлекеттік тұрғыда психологиялық қолдау іс-шараларын қолға алу керек шығар?

–Осы мәселе мені көптен бері мазалап жүргені рас. Шынымен де ортақ бір бағдарлама керек екенін мойындаймын. Мүмкін қаладан психологиялық көмек орталықтарын көбірек ашқан тиімді болар. Сөйтіп онда отбасын енді құратын немесе жаңадан отбасылы болған азаматтарды оқытып, арнайы психологиялық курстардан өткізсе. Бізде психологқа тек ой-санасы әлсіз адам барады деген кері түсінік қалыптасқан. Шетелде керісінше, жұрт психологтардың көмегіне жиі жүгінеді. Бала мықты болу үшін, әлбетте оның ата-анасы күш-қайратты болуы ләзім. Жалған сезімдерді, жаман қасиеттерді ауыздықтай алған әке-шешеден жақсы, өнегелі ұрпақ өсіп шығады. Иә, мектепте «Өзін-өзі тану» деген пән бар. Бірақ менің пікірімше, жұмысы нәтижесіз. Мектептегі психолог мамандарды да кінәлай алмайсыз. Өйткені аз жалақы алған соң еңбектерінің де нәтижесі көрінбейді. Сондықтан бүгінде қолға алынып жатқан жан басына қаржыландыру бағдарламасын спорттық үйірмелермен бірге психологиялық қолдау орталықтарына да бұру қажет.

–Әңгімеңізге рақмет!