Жаңа белестерге жетелейдi Избранное

Пятница, 11 Декабрь 2015 06:21 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3746 раз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында қоғамдағы көптеген мәселелерді шешуде нақты талап-міндеттерді айқындап, көрсетіп береді. Мемлекет басшысы 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында да сол дәстүрді ұстанды. Президент онда маңызды мәселелерді атап көрсете отырып, «Қазіргі әлемді жай­лаған дағдарыс заманында не істеуіміз керек? Қайтсек әлеуетімізді арттырамыз? Қандай міндеттерді жүзеге асыруымыз керек?» деген сұрақтарға тұщымды жауап беріп, тығырықтан шығудың жолдарын көрсетті.

IMG 7219Қазіргі кезде еліміздің әр аймағында Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді түсіндіру шаралары жалғасуда. Осы орайда Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Жолдауды жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында қала активінің кездесуі өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров және қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған үгіт-насихат тобы, сонымен қатар зиялылар мен кәсіпкерлер, құқыққорғау органдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қала активінде алғаш болып сөз алған қала әкімі
Ғабидолла Әбдірахымов Елбасы Жолдауының маңыздылығын нақтылап, онда қамтылған мақсат-міндеттер мен тапсырмаларды атап өтті.
–  Қазір біздің елімізде ғана емес, әлемдегі алпауыт елдер де экономикалық дағдарысты сезініп отыр. Елбасымыз өз Жолдауында елдің ішкі жағдайын саралап, бәрімізді бұл уақытша қиындықтарға мойымауға шақырды. Сонымен қатар ел экономикасын еселеудің нақты жолдарын ұсынды. Осы орайда алға қойған міндеттерді орындауда әрі мемлекетіміздің дамуына Шымкент қаласы жоғары дәрежеде атсалысуда. Қазір қаламызда 18 нысанның құрылысы уақытша тоқтатылып, тиісінше ол қаражат жұмыссыздықты жоюға бағытталып отыр, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Қала әкімі қазіргі кезеңде халықтың алдына жаңа міндеттер жүктеліп отырғанын, ең бастысы, осындай дағдарыс жағдайында халықты үнемшілдікке үндеген Елбасының сөзін келтірді. Сондай-ақ шаһар басшысы өз баяндамасында Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында қолға алынған шараларға да тоқталды. Әкімнің айтуынша, Шымкенттегі жаңа іскерлік-әкімшілік орталығында және жаңадан бой көтеретін шағынауданда инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
IMG 7198–  Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін атап өтті. Ол үшін біздің қалаларымыз да әлемдік өркениетті шаһарлар қатарында болуы қажет. Бұл орайда, Елбасы үнемі Шымкентті «республикадағы үшінші ірі қала» деп айтып келеді. Біз Президент жүктеген міндеттерді орындау жолында бар күш-қайратымызды салуымыз керек. Әсіресе, қалаға жаңа инвесторлар тартып, шаһар тұрғындарына жайлы жұмыс көздерін қарастырып, шетелдік бай тәжірибелерді өзімізде кәдеге жаратып, отандық өнім шығаратын кәсіпорындар ашуымыз керек, – деді қала әкімі. 
Әкімнің айтуынша, Шымкент қаласын туристер мен инвесторлар үшін аса тартымды шағын және орта бизнес орталығы ретінде дамыту – басты назарда. Бүгінде қазіргі заманға сай келетін «Shymkent City» тұрғын үй және іскер ауданын тұрғызу жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін «Тұран» шағынауданындағы 450 гектар бос жатқан жерде жаңа аудан бой көтермек. Онда 56 мың халық тұратын болады. Алдағы 1-2 айда мұнда құрылыс жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде мұнда үш балабақшаның құрылысын бастауға инвесторлар қолдау білдіруде. Бір атап өтерлігі, қаланың 2020 жылға дейінгі қол жеткізетін межелерін орындауда жеке инвесторларға басымдық берілмек. Бұл ретте тек инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге ғана қала бюджетінен қаражат қарастырылады. Айта кетсек, биыл қалаға 120 млрд теңге қаражат тартылса, соның 80 млрд-қа жуығы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асқан. Қала әкімі келтірген мәліметтерге жүгінсек, жалпы қазіргі таңда шетелдік инвесторлардың ұсынысы бойынша қаламызға бірнеше елдің кәсіпкерлері мен өкілдері келіссөз жүргізуге келген.
Қала активінде сөз алған қалалық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Ө. Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы
Н. Бекназаров, №20 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Т. Николаева Елбасы Жолдауына байланысты алда тұрған міндеттерді орындауға атсалысатындықтарын айтып, осы жолда бірлесе жұмыс істеуге сенім білдірді. Бұдан соң Елбасы Жолдауына орай қатысушылар сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.
Жиында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мемлекетімізді күрделі кезеңнен алып шығу үшін Елбасы алдымызға нақты тапсырмалар қойып отырғанын және өңірдің даму қарқынын ұлғайтуда бір кісідей жұмылып еңбек ету қажеттігін айтты.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.