Жарыс жеңiмпазы – Жұманазар

Пятница, 08 Май 2015 05:10 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4928 раз

Қазақ күресінен мамырдың 4-5 күндері Шардара қаласында облыс баспасөзінің қарашаңырағы – “Оңтүстік Қазақстан” газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі турнир өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына орай өткен сайыста 70-ке жуық балуан бақ сынады.


shardara«Оңтүстік Қазақстанның» дүбірлі додасы алғаш рет 1957 жылы ұйымдастырылған болатын. Маңызы зор мазмұнды спорттық жарыс биыл осымен 58-ші рет өтті. Облысымызда ғана емес, жалпы қазақ күресінен дәл осылай ұзақ жылдар бойы үзілмей келе жатқан дәстүрлі сайыс республикамызда жоқ десе де болады. Бұрын Шымкентте өтетін жарыс соңғы 5-6 жыл көлемінде аудандарда ұйымдастырыла бастады.

Биылғы Шардарадағы жарыста 60, 70, 80, 90 және +90 салмақ дәрежелерінде жүлделер сарапқа салынды. Дәстүрлі турнирге қазақ күресін әлемге танытып, талай додалардың көрігін қыздырып жүрген мықты балуандар жиналды. Сайыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бас редакторы Абай Балажан жарыстың маңыздылығына тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі.

Ең қызығы, 74 келіден жоғары спортшылар өнер көрсеткен «Түйе балуан» сайысы өте тартысты өтті. Оған талай додаға түскен тұлғасы таудай, тәжірибелі 40-қа жуық балуан қатысты. Нағыз мықтылар бақ сынаған бәсекеде “Қазақ-стан барысы – 2013” турнирінің қола жүлдегері, ордабасылық Жұманазар Ерсұлтанов (салмағы 158 келі) кіл мықтылардың сағын сындырып, турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Ол финалда жерлесі, талантты балуан Әділжан Ыстыбаевты (90 келі) ұтты. Жеңімпаз балуанға Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреев «Нексия» автокөлігінің кілтін тапсырды.

Сондай-ақ, әр салмақ дәрежесінде топ жарған балуандарға да бағалы сыйлықтар беріліп, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.