"Адамдарды қорғау – міндетім"

Пятница, 10 Июль 2015 07:47 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5471 раз

– дейді бозбаланы құтқарған шымкенттік полицей

Бұл тәртіп сақшысы осы аптаның қаһарманына айналды. ОҚО Ішкі істер департаментінің қызметкері Сапархан Ақбаев Шымкенттегі Бадам өзеніне батып бара жатқан 18 жасар бозбаланы өлімнен құтқарып қалды. Оқиға 7 шілде күні кешкі сағат 18.00 шамасында болған.


20150708 18 04 25933Суға батқан бозбала ең алдымен жол патрульдік полиция қызметкері Сапархан Ақбаевтың көзіне шалынған. Полиция сержанты сол сәтте үстіндегі киімімен суға түсіп, тұншыққан адамды сыртқа алып шығыпты.
– «102» телефоны арқылы бізге Бадам өзенінде суға батып бара жатқан адам туралы хабарлама келіп түсті. Бізге көмек сұрап хабарласқан екен. Мен сол маңда қызмет атқарып жүрген болатынмын. Жағаға шыға алмай жатқан жігітті көріп, ойланбастан суға секірдім. Судың екпіні күшті болды. Дегенмен, баланы құтқарып қалдым. Адамдарға көмек қолын созу, жәрдем беру – біздің күнделікті жұмысымыз, азаматтық міндетіміз, – дейді Сапархан Ақбаев.
Полицейлердің белсенді әрекетінің арқасында аман қалған Фарух Ташметов сын сағатта қырағылық танытқан тәртіп сақшыларына үлкен алғысын айтады.  
– Мұздай судың әсерінен бе, бірден аяғымның сіңірі тартылып қалды. Аяқ-қолым тырысып, жүзуге шамам келмеді. Судың ортасында 15 минуттай тұншығып қалдым. Бірақ, полицейлер дер кезінде келіп, жағаға алып шықты. Оларға алғысым шексіз, – дейді ол.
Айта кету керек, бозбаланы құтқарып қалған С.Ақбаев Ішкі істер саласында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әкесі Бегімқұл Ақбаев зейнетке шыққан полиция майоры, көп жылдар бойы Жетісай қаласында учаскелік полиция инспекторы болып жемісті еңбек еткен. Әке жолын қуып, осы салада адал қызмет етіп жүрген Сапархан Ақбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтынын және өз мамандығын ерекше жақсы көретінін айтып өтті.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.