Құралайдың қуыршақтары

Пятница, 09 Сентябрь 2016 09:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5422 раз

Түрлі ертегі мен мультфильм бейнесінде жасалған бұл қуыршақтар Құралай Күлменова есімді бойжеткеннің қолынан шыққан. Ол «Азат» шағынауданындағы №34 «Ақжелкен» бөбекжай-балабақшаның қызметкері. Кішкентай бүлдіршіндерге ағылшын тілінің әліппесін үйретеді. Ал бос уақытында қолына ине мен мата алып, осындай әдемі туындыларды жасайды.

 MG 8076

– Қолөнерге қызығушылық бала кезден оянды. Қуыршақтарыма түрлі көйлектер тігіп, кигізіп қоятынмын. Бірақ мектепті аяқтаған соң таңдауым ағылшын тілі мұғалімі мамандығына түсті. Шымкент Университетіне құжат тапсырып, ойдағыдай аяқтап шықтым. Ал алғашқы еңбек жолым «Ақжелкен» балабақшасынан басталды. Кішкентай балалармен жұмыс жасаған ұнайды, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Құралайдың қолөнерге деген ептілігін балабақша меңгерушісі Нұрсұлу Қамбарова мен әдіскер Ләззат Абдукаримова байқаған. Бұл балабақшада балдырғандарға ұлттық тәрбиемен сусындатып, оларды өнердің сан қырына үйрету үшін түрлі байқаулар мен көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Сондай көрменің бірінде Құралайдың қолынан шыққан қуыршаққа көпшіліктің назары бірден ауады. Басшылық тарапынан ары қарай сүйікті ісін жалғастыруға қолдау танытып, қажетті материалдармен қамтамасыз етеді. Бағы жанып, бірнеше қалалық, облыстық деңгейдегі көрме, байқаулардан жүлделі оралды. Қуыршақтарға қызығушылық танытқан, қала-аудандардағы өзге балабақшалар да тапсырыс бере бастаған.

 MG 1882

– Жыл басына таласқан хайуанаттар жайлы жұмсақ ойыншық жасауды жөн көрдім. Ерекше болу үшін оларды тоқуға кірістім. Ойыншықтардың күрделілігене қарай бір аптадан бастап бір айға дейін уақыт кетеді. Оларды қолына алған бүлдіршіндердің қуанышын елестетемін де бар махабатымды арнаймын. Бүгінде 40-қа жуық қуыршақ жасадым. Болашақта осы кәсібімді жандандырып, ары қарай кеңейтсем деймін. Өйткені табиғи заттардан жасалған бұл қуыршақтар экологиялық таза, бала ағзасына зияны жоқ, – дейді Құралай.

Бүгінгінің балаларын таңғалдыру қиын. Десе де балабақша ұжымы олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, әр ертегі саналарында тез жатталуы үшін, ересектер тобында шағын қуыршақ театры үйірмесін ашқан. Кішкентай бүлдіршіндер Құралай жасаған жұмсақ ойыншықтардан «Мақта қыз бен мысық», «Шалқан», «Бауырсақ», «Күншіл үйрек», «Кім неден күшті?», «Жеті лақ» сынды ертегілерді қояды.

 MG 1896

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ел игілігіне берілген бұл балабақша қызметкерлерінің бәрі өнерлі ме дерсіз?! Өйткені аулаға енгеннен-ақ, қолдан жасалған туындыларды көп байқайсыз. Қажетсіз резеңке, сусыннан босаған бөтелкелер көз қуантатын тамаша дүниеге айналған. Балаларға арналған орындық, көліктер, қоян, аю, күн бейнесіндегі ойыншықтар резеңкеден жасалып, түрлі түске боялып, балабақша ауласына ерекше көрік беріп тұр.