×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Гауһардың» гауһарлары...

Вторник, 14 Март 2017 03:40 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6787 раз

Бір мекемеде 240 қыз-келіншек қызмет етеді

Сырт-сырт еткен тігін машиналарының қосыла «шырқай жөнелген» тегеурінді үні зәулім ғимарат ішін әп-сәтте жаңғырыққа бөледі. Бұл – тігін фабрикасындағы қыз-келіншектердің күнделікті қызметі басталғанын аңғартады. Таңертеңгілік сағат 8:00-де қызмет орнынан табылатын тігіншілердің бұл «әні» осылайша, күндік жоспарлы міндеттері тәмамдалғанша, дамыл таппайды. Әрбір сәтін бағамдай білетін нәзікжандылардан бастысы, ұшқыр ой мен ұқыптылық талап етіледі. Сол себептен де, мұндағы қызмет иелері үшін үнемі ізденіс пен белсенді әрекетке бейімделу – қалыптасқан үрдіс десе де болады.

DSC 9302

Шебер десе шебер...

Бүгінде Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіптің өрісін кеңейтіп, заманауи үлгідегі сапалы өнімдерін нарыққа шығарып отырған тігін фабрикалары жетерлік. Бұл қатарда, «Гауһар» тігін фабрикасы сапалы өнімдерімен республика аумағында кеңінен танылған. Жеңіл өнеркәсіптің өзіндік ауыр қиындықтары бар екенін жасырмаған тігін фабрикасының директоры Әнипа Халбаева бар жауапкершілік осында қызмет ететін 240 азаматшаға артылғанын айтады. Негізінен, арнайы киімдерге тапсырыс қабылдайтын фабрикада өз ісінің шеберлері қызмет етуде.

 Сынақтан өткізу цехының жетекшісі Айгүл Сапарәлиева соңғы 10 жылда фабрика қызметінің өз деңгейінде өсіп-қалыптасуына елеулі еңбегін сіңіріп келеді. Тапсырыс түскен бойда ең алдымен, киімнің денеге қонымдылығы, матаның сапалық деңгейі осындағы мамандардың қырағы бақылауынан өтеді. Цехтағы 20 қызметшінің бірі матаны кесумен, бірі пішумен, енді бірі кестелеумен айналысуда. Мұнан кейін сыдырма, түймелері, жаға-жеңдері тігіледі. Оның әрбіріне өз ісінің шеберлері бекітілген. Осы арқылы дайын болған киімнің алғашқы даналары талапқа толығымен сай келген жағдайда ғана жұмыстар негізгі залға ауысады. 


DSC 9316

– Киімдердің сапалы тігіліп, денеге ыңғайлы орналасуы осы сынақтық цехта жұмыс істейтін 20 қызметші әйелдің біліктілігімен тікелей байланысты. Сол себепті, жұмыс уақытында оларға үлкен міндеттер жүктеледі. Барлық зейін, ынта-жігері бекітілген жоспарды сапалы, дер кезінде орындауға жұмылдырылады. Әйел затын мұндайда қаншалықты шыдамды, еңбекқор дегенімізбен де, олардың отанасы, өз жанұясының қадірлі мүшесі екенін де естен шығармай, еңбегін лайықты бағалауға тырысамыз. Қуаныш тойларында лайықты сыяпатпен марапатталып та жатады. Мұндағы келіншектердің арасында көпбалалы аналар аз емес, – дейді цех жетекшісі.

Қызметкерлерге – лайықты қамқорлық

Үшқабатты ғимараттың негізгі залын алып алып отырған пішушілер цехының тиісінше, жұмыс көлемі де аса ауқымды-ақ. Аудитория мүмкіндігіне сай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Әр тігіншінің алдына итальяндық тігін мәшинесі қойылған. Қол күшін қажет етпесе де тігіншіге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Себебі, мұнда тігілетін қызметтік жейделерден бастап, арнайы костюмдерге де сұраныс көп. Фабриканың базалық-материалдық жағдайы әр күн сайын 500 дана киім дайындауға мүмкіндік береді.

DSC 9385

Ғимараттың бірінші қабатында орналасқан пішушілер де мүмкіндігінше, қажетті маталарды кескіндеп, пішіп, тігіншілер үшін мата кескіндерін қажетті мөлшерде жеткізіп беруге тырысуда. Жалпы саны мұнда 25 адам еңбек етуде.

Спорттық шалбар матасын қиып жатқан Құралай Байырбекова мұндағы қызметінен бір сәт те жалыққан емес. 

– Міне, біздер мұнда қалт еткен қателікке жол бермеуге жұмыла қызмет етудеміз. Осындағы әйелдердің барлығымен тіл табысып жұмыс істейміз. Жұмыс оңай емес, өте мұқият болуды қажет етеді. Жастар келсе, оларды да үйретіп жатамыз, – дейді пішу шебері.

DSC 9381

Шынында, ұзақ жылдар бойы осы мекемеде тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Роза Пернебекова, Түймеқыз Оразбақова, Зағипа Райымқұлова, Рая Расулова, тағы басқалардың атқарған еңбегін ерлікке пара-пар бағалауға болатындай. Күш-қайрат пен ерік-жігердің ерен үлгісін танытып жүрген фабрика қызметшілері үшін лайықты қамқорлық та жасалуда. Азаматшалардың денсаулық жағдайы тұрақты түрде бақылауға алынып, медициналық тексеруден өтіп тұрады. Бұл үшін арнайы медициналық бақылау бекеті жұмыс істеуде.