Түбі бір түркілер – Түркістан төрінде Избранное

Понедельник, 27 Март 2017 04:52 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6099 раз

«Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен «Наурызнама» түркі дүниесінің басын қосып, бір шаңырақтың астына жинаған мәдени іс-шараның бастауы болды. ТҮРКСОЙ-ға мүше 15 елден жүздеген шетелдік қонақ, еліміздің барлық облыс, қалаларынан келген зиялы қауым, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлері, ғалымдарымыз киелі топыраққа табан тіреді.

17309274 1241859085930428 339416106808778955 n

Мерекенің шырайын ашқан шаралар

Облыс әкімі қонақтарды Қ.А.Ясауи кесенесіне және айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонның жанында қарсы алды.

17362806 1241858682597135 5033704716468224688 n

– «Түркістан түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» атты бір жылдық іс-шараларымыздың бастауы бүгін жүзеге асуда. Мәдени астананың ашылуымен қатар келген Наурыз мерекесін бүкіл түркі халқының өкілдері киелі Түркістан топырағында қарсы алатыны біз үшін үлкен мәртебе. Біздің облысымызға, Түркістан жеріне қош келдіңіздер, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Қадірлі қонақтар тарихи сәттің естелік суретіне түскеннен кейін Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи зиратынан бөлек, 200-ге тарта әулие-әмбие, қазақтың хан-сұлтандары жерленген. Бұдан кейін шетелдік делегация мен еліміздің барлық өңірінен келген қонақтар Түркістанның тарихи мұражайын аралап, қазақ қолөнерінің көрмесін тамашалап, этноауылмен танысты. 

«Қонақ келсе – құт келді» деп білетін Оңтүстік өңірі 12 қанатты 33 киіз үй тігіпті. Қорғанды айнала сап түзеген найзалы батырлар, үлкен алаңда айнала орналасқан ақ үйлер, ортадағы думанды сахна, бүркіт ұстаған құсбегілер, бірін-бірі алып ұрған балуандар, алтыбақан тепкен қыз-жігіт, әсіресе ұлттық киім киінген халық мерекенің шырайын келтірді. Тіпті, қонақтар киіз үйдің маңына бір сәтке аялдап, би де биледі.

17499035 623124194541658 810417448194498910 n

Бұдан кейін көпшілік қауым Есім хан алаңына барды. Онда «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасы басталды. Мерекелік бағдарламаны облыс әкімі Ж. Түймебаев ашты.

– Түркістан – түркілердің түп қазығы, атамекені! Түркі қағанаттарының туы тігілген орда! Түркі халықтарының оғландарын ақ киізде хан көтерген қасиетті жер кіндігі! Біз – халықаралық деңгейдегі 40-тан астам ауқымды шараларды өткізуге жоспар құрдық. Ол – тарихи, мәдени, рухани мұраға толы Түркістанда биыл жыл бойы жалғасады. Ал қараша айында өтетін ТҮРКСОЙ ұйымы тұрақты кеңесінің 35-ші отырысында жыл қорытындыланып, келесі мәдени астана айқындалады. Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Бүгінде ТҮРКСОЙ ұйымы шынында да түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды, – деген облыс әкімі іс-шараның маңызына тоқталып өтті. – Түркі халықтарының қара шаңырағы – Түркістан қаласындағы мәртебелі мерекеміз құтты болсын! Әз-Наурыз ырыс пен ынтымақ әкелсін, бауырмалдық пен бірлікке бастай берсін!

17425071 1339630866083600 8101219259659934939 n

Жиынға арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берсе, ҚР Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі халқына арнаған құттықтауын жеткізді. Еліміздің рухани астанасы түркі әлемінің мәдени астанасына айналған күні «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те үн қосты. Түркі жұртшылығына бірлік, татулық тілеп, мерейі үстем мерекемен құттықтады. Бас хатшы тарихи шара барысында шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналиске халықаралық ұйымның «Баспасөз сыйлығын» табыс етті.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласты. 500-ге жуық биші күн, ай, жұлдыз бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялык қойылымын көрсетті. Сахналық көрініс бұдан әрі түркі тілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар – Арыстан баб, Яссауи, Әл-Фараби, Қоркыт ата образдарындағы қойылыммен жалғасты. Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті. Концерттік бағдарлама барысында түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй тігіліп, Наурыз керуені жүріп өтті. Ат құлағында ойнаған жаршылар Наурыздың келгенін жарияға жар салып, сүйінші сұрады. Сахналық көріністе 500-ге жуық биші өнер көрсетсе, керуенде 18 түйе, 30 ат, 4 арба және түркі тілдес елдерден келген 300-ге жуық мәдениет майталмандары көрермен көзайымына айналды. 

17425069 1339630982750255 3555625435340803660 n

Думанды «Наурыз той» мерекесіне орай, 12 қанатты ақ үйлерде қонақтарға түскі ас берілді. Қазы-қарта, жал-жая, қымыз-қымыран, шұбат, наурыз көже, құрт, ірімшік, сірне, қаймақ, бауырсақ, ши бауырсақ, жент секілді ұлттық тағамдар қазақы дастарханның құндылығын еселеді. Шетелден келген қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрін, өнерін, мәдениетін ғана көріп қоймай, ақ қанатты үй иесінің қонақжай пейілімен де танысты. 

 

Түркі тілдес, түгел бол!

17498704 623124394541638 9031181185703144305 n

Бұл күні «Түркістан және Түркология» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялык конференция өтті. Ғылыми басқосуға алыс-жақын шетелден және Қазақстаннан 100-ден астам ғалым, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Ғылыми конференцияда Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Мұстафа Өзбилгич, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков және бірқатар азаматтар құттықтау сөз сөйледі. Ал Назарбаев Университетінің профессоры, (Винсон-Мадисон/АҚШ) Юлай Шамилоғлы, Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, доктор, профессор Оразалы Сәбден, Түркия Республикасы, Мармара университетінің профессоры Томар Женгиз бен Ресей Ғылым Академиясының докторы, профессор Фирдаус Хисамитдинова баяндама жасады. Ғылыми жиын қорытындылаған аймақ басшысы бүгінде түркі халықтары тарихын «интеграциялау» мәселесі өзекті екенін атап өтті. 

«Түркістан және Түркология» халықаралык конференциясында 8 мемлекет тарапынан ұсынылған 115 ғалымының айтқан пікір-ұсыныстары алдағы уақытта жинақ болып шығады. Түркі халықтарына ортақ тарих, тіл мен әдебиет, мәдениет, өнердің зерттеулері болашақ ұрпаққа мұра болады деген сенім бар.

17457422 1241889312594072 6054771461418717039 n

21 наурыз күні жоспарланған іс-шара соңы түркітілдес мемлекеттерден келген өнер ұжымдарының Гала-концертімен жалғасып, мерекелік отшашумен қорытындыланды.

Мерекелік шара аясында «Бұраң бел» фестивалі де би өнеріне сусаған көрерменнің көңіліне ерекше шуақ сыйлады. Халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алған «Реджеп Ердоған» түркиялық би тобы 2 млн теңге қаржылай марапатқа ие болды. Ал І орынға тағайындалған 1,5 млн теңгені әзірбайжандық «Жанги» би тобы иемденді. ІІ орынға лайық деп танылған «Жастар» (Қазақстан), «Алтын ой» (Татарстан) командаларының әрқайсысына 1 млн теңгеден берілсе, ІІІ орынға ие болған «Шамсинур» (Қазақстан), «Лебап» (Түрікменстан), «Forras» (Венгрия) – 500 мың теңге көлеміндегі марапатқа қол жеткізді. 

Түркі әлеміндегі қарым-қатынасты нығайту, мәдениетті дәріптеуге негізделген шараның жалғасы ретінде Түркістан қаласында 25-26 наурызда «Наурыз» халықаралық ақындар айтысы өтеді.

Фото авторы:
Мақсат ШАҒЫРБАЕВ,
Данияр ҚОЖАБЕК,
Әйгерім БЕГІМБЕТ

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.