Бақытым – балаларым Избранное

Пятница, 07 Сентябрь 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3837 раз

Шымкент қаласы – халық өсімі жағынан алдыңғы қатарлы көрсеткішке ие өңірлердің бірі. Таяуда ғана қала тұрғындарының саны миллионға жетсе, қазір үшінші мегаполиске қайта көшіп келіп жатқандар бұл көрсеткішті жедел өзгертуде. Сонымен қатар, Шымкент – Батыр анаға бай қала.

DSC 5136

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қала орталығын қамтитын бір ғана Әл-Фараби ауданында 343 «Алтын алқалы», 932 «Күміс алқалы» және көп балалы 3 658 ана тіркелген. Көпбалалы болу бір мәртебе де, көп балаға жақсы тәлім-тәрбие беру үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені, алда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері артып келеді. Елбасымыз Н. Назарбаев атап өткен саналы ұрпақ, дені сау ұлттың негізі отбасында қаланады. Осы Әл-Фараби ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Жанар Пазылбековамен сұхбатымыз бала тәрбиесі төңірегінде өрбіді.
– Жанар Төребекқызы, тым жас көрінеді екенсіз? Қай кезде тұрмысқа шығып, 3 қыз, 4 ұлды дүниеге әкеліп үлгердіңіз? Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші?
– Жолдасым – Болат Досмұхаметовпен Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде таныс болдық. Болат жоғары курста оқитын. Ол оқу бітіріп кеткен соң араға үш жыл салып Шымкент қаласына, тәжірибеден өтуге келсем, сол мекемеде алдымнан шыға келгені. Бір-бірімізді танып, жағдай сұрастық. Оқу бітіргеннен кейін Болат әскерге барып келіп, қызметке енді ғана кіріскен кезі екен. Сол таныстықтың соңы біздің шаңырақ көтеруімізге ұласты. Бүгінде төрт ұл, үш қыздың ата-анасы болып отырмын. Үлкенім Аружан – Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында 3 курстың студенті. Әділет – 11 сынып, Рания – 10 сыныптың оқушысы. 6 сыныптағы Азаматым үшеуі №8 мектепте оқиды. Ал Айеркем №1 Пушкин атындағы мектептің 2-ші, ал Арнат 1 сыныпқа қадам басты. Аңсар ең кенжеміз, 38 жасымда бауырыма бастым.
– Жаңа бізге «тездетіп жұмысқа кетуім керек» деп қалдыңыз. Аңсар енді ғана жасынан асыпты, жұмыс істейсіз бе?
– Иә, нотариус кеңсем бар. Жалпы, ешқашан балалы болдым деп үйде отырып қалған емеспін. Бала бағуды соншалықты ауыр жұмыс деп санамаймын. Әу бастан-ақ, үй шаруасын тез ретке келтіріп, жұмысты да бірге алып жүруге үлгеретінмін. Ата-енеміз де қараусыз қалдырған жоқ. Мүмкіндігінше көмектесіп, қарасып тұрды. Жастау кезімде сіңлілерім келіп қолғабыс етті. Ең қиын кездерде көмекші алдым. Қазір балалардың алды өсіп қалды. Оның үстіне, үй мен жұмыстың арасында жүріп бәріне үлгеремін. Тынымсыз еңбектеніп, әбден соған үйреніп кеткеннен болар, қарап отыруды білмеймін (күлді).
– Балаларыңыздың қызығушылығына қаншалықты мән бересіз?
– Үш қызым да балет мектебіне барды. Осы салада жұлдызы жануы тиіс деген ниетпен емес, алдымен балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету мақсатында, сонан кейін қанша дегенмен қыз бала бойын тік ұстап жүруге бейімделсін деген оймен берген едім. Ұл балалар бос уақыттарында бірі тенниспен, бірі дзюдомен айналысады. Біз отбасында барлық уақытты бос өткізбей, бір шаруамен айналысуға әбден қалыптасып алдық. Жыл сайын жазда балалар суда жүзуді қызық көреді. Қыста Алматыға, Медеуге алып барамыз. Сол жақта шаңғы тебеді. Біз көпбалалы отбасы болғандықтан көпқабатты тұрғын үй тарлық ете бастады. Содан Болат жер үй салып, аулаға балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасап берді. Өткен жылы көшіп келдік.
– Балаларыңыздың арасында өнерге жақыны бар ма?
– Азамат гитара тартуды үйреніп жүр. Қыздар білімге қатысты олимпиада, байқаулардың бәріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Аружан ағылшын тілін жақсы меңгерген. Ал Рания 9 сыныпты бітіргенде-ақ косметиканың құпияларына құмар болды. Бір өзі бір әсемдік салоны сияқты. Үйге келгендер той-томалаққа барарда Ранияның бөлмесінен жасанып шығады. Тырнақ, кірпік жалғауды да жақсы үйреніп алды. Осы тұста айтайын, қазір кейбір ата-ана баласына ғаламторды пайдалануға тыйым салып жатады. Менің Рания қызым сол ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзінің қызығушылығын дамытты. Әрине, оның не көріп, не қойып жүргенін аңғарып, байқап отырамын. Азаматым математикаға алғыр. Арнатым небәрі 6 жаста, бірақ көлік жүргізе алады. Тіпті, әкесінің жанында отырып, машинаны өзі айдап, қақпадан кіргізіп, шығарады. Кез келген көлікті танып, техниканы жанындай түсінеді. Болашақта осы салада бағы жанатынына сенеміз.
– Ана ретінде нені маңызды деп есептейсіз?
– Бала көп болған сайын бір-біріне мейірімді болады деп ойлаймын. Бала ата-анасына қарап өседі, соларға қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ана баланың алдында өзін үлгі тұтатындай қасиеттерін көрсете білуі керек. Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой.
– Бала тәрбиесінде ата-ана нені ескеруі керек?

DSC 5141

– Баланың қызығушылығын ескеріп, бос уақытын арнап, сабағына көмектесіп, оларға көбірек көңіл бөлу керек. Ол үшін ана міндетті түрде үйде отыру шарт емес. Мен де, отағасы да жұмысбасты адамдармыз. Соған қарамай балалы болуға да, оларға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беруге де үлгеріп жүрміз. Ұл-қызымыз заманға сай өз-өзін алға тартып, өз бетінше әрекет жасауға үйреніп келеді.
– Жеті баланы өмірге әкелсеңіз де сымбатыңызға адам қызығады. Сұлулығыңыз сыр бермеген. Жас ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

DSC 5160

– Мақтау сөзіңіз үшін рахмет. Адамның сұлулығы мен сымбаты оның көңіл күйі мен өмірсүйгіштігінен, еңбекқорлығынан болса керек. Көпшілік аналар дене бітімін сақтаймын деп бала туудан ерте бас тартады. Меніңше, ол дұрыс емес. Дене бітімді сақтау бала санына қарамайды. Мен солай ойлаймын. Көпшілігі сіз айтқандай мақтау сөзден кейін сұлулықты сақтаудың бір құпиясын сұрап жатады. Ондайда мен «жеті перзентті өмірге әкеліп, соларға қара, сен де осындай боласың» деп қалжыңдап қоямын. Бірақ бұл рас, жұмыста жүріп әр балаңды ойлап отырасың. Бірін мектепке, бірін балабақшаға апарамын. Олардың керек-жарағы, азық-түлік... барлығына үлгеру үшін таңнан кешке дейін қозғалыста жүремін. Сіңлілеріме, жас аналарға да айтарым, қыз бала анасына қарап бой түзейді. Оларға сөзбен емес, іс-әрекетіңмен үлгі болу арқылы тәрбие беріңдер дегім келеді.
– Жұбайыңыз бала тәрбиесіне уақыт бөле ме?
– Әрине, ұл әкеге қарап бой түзейді. Ол Алматыда «Азиякредитбанк» АҚ басқармасының басқарушы директоры әрі мүшесі. Соған қарамай балаларға уақыт бөліп, демалыс кезінде түрлі қызықтарды ұйымдастырып жүреді. Жолдасымның бойында жақсы қасиеттері көп. Қай ортада өзін қалай ұстауды, кіммен қалай сөйлесуді біледі. Жасы үлкен кісілер де жолдасыммен ақылдасып отырады. Соның өзі де ұлдарымызға үлгі, өнеге.
– Арманыңыз?
– Арманым осы перзенттерім ғой. Осылар өсіп-өніп, үлкен отбасын құрып, жақсы тәрбие алғанын дәріптеп, жақсы жұмыс істей білсе. Жоқ дегенде бізден кем болмасын дейміз.
– Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет! Ұл-қыздарыңыз үмітті ақтар азамат болсын!

 

Последнее изменение Пятница, 07 Сентябрь 2018 11:37
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.