ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Среда, 16 Сентябрь 2020 06:24 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 300 раз

DSC 0180

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Ғалымжан Әбішев мәлімдеді.

– Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) жыл сайынғы еркін таңдау бойынша тіркеу кампаниясы басталуда. Оған тұрғындар екі ай ішінде (15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін) тіркеле алады. Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылауы үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерде таңдау ұсынылуда. Яғни, емхана дәрігерлері қажет болған жағдайда пациенттердің үйіне бара алады. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды, – деді Ғалымжан Мотайұлы.
Брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы А.Беден тіркелген азаматтарға медициналық көмектің қашан берілетініне тоқталды.
– Кампания кезінде МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар бөлінісінде халықтың бөлінуін ескере отырып, 2021 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Қор дерекқордың абсолютті дұрыстығына мүдделі. Өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді, – деді Ахмет Сисенбайұлы.
Емханаға тіркелу бірнеше жолмен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ болған кезде жүргізіледі. Ал халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар және сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.