Ішек инфекцияларының негізгі клиникалық белгілері: іштің ауырсынуы, жүрек айну, құсу, іштің желденуі, іштің сұйық жиі өтуі, дене қызуының көтерілуі, сондай-ақ жалпы әлсіздік, тәбеттің төмендеуі.
Ішек жұқпаларының қоздырғыштары қоршаған ортада жақсы сақталады, әрі өздерінің тіршілікке қабілеттілігін апта,тіпті айлап та сақтайды. Ластанған ыдыста, ылғалды іш-киімде, топырақта- 3 айға дейін, тамақ өнімдерінде (сүт және ет өнімдерінде, салаттарда, нанда және т.б.) бірнеше тәулік бойы, суда 5-6 күн сақталады. Ауырған адамдар немесе аурудың жеңіл түрімен ауырған (емделмеген), ағзасынан ауру қоздырғыштары үнемі бөлініп отыратын адамдар – ауру көзі болып табылады. Олар жеке бас тазалығы ережелерін сақтамаған жағдайда, ластанған қолдарымен микробтарды қоршаған ортадағы заттарға, орамалға, ыдысқа, тамақ өнімдеріне тасымалдайды.
ЖІИ-ның алдын алу жолдары:
- көкөніс, жеміс-жидектерді пайдаланар алдында ағынды судың астында мұқият жуып, қайнаған сумен шайған жөн;
- қоғамдық орындарда болғаннан соң, дәретханаға барғаннан кейін, баланы тамақтандырар алдында, тамақты дайындар алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу керек;
- шикі сүтті міндетті түрде қайнатып ішу керек;
- тез бұзылатын және дайын тамақтарды тоңазытқышта сақтап, егер сақтауға мүмкіндік болмаса сатып алған күні пайдалану керек;
- шикі және дайын өнімдерді бір бірінен бөлек жеке ыдыста сақтау керек;
- егер дайын тамақ келесі күнге қалатын болса, оны пайдаланар алдында қайнатып немесе қуырып жіберген жөн;
- қала сыртына демалуға шыққан кезде кездейсоқ су көздерінен су ішуге және ыдыс жууға болмайды;
- суға тек арнайы белгіленген орындарда ғана түсуге болады.
Есте сақтаңыздар! Жай ғана ішектің қалыпты жұмысының бұзылуынан пайда болып басталған ауру, өте қауіпті асқынуларға (қатты қан кетуге, ағзаның сусыздануына, тіпті өлім-жітімге де) әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, өзін-өзі, әсіресе кішкентай баланы емдеуге мүлдем болмайды. Аурудын алғашқы белгілері біліне бастағаннан-ақ, бірден медициналық көмекке жүгініңіз.
Замира Сламбекова,
Шымкент қалалық №2 емхананың инфекционист-дәрігері