Ротангтан жиһаз өрген Тәңірберген
Пятница, 07 Декабрь 2018 05:07Бизнес, қаржы, экономикадағы біліктілігімен кез келген адам мақтана алмайды. Іскерлік әлемге бойлай білу өміріңізді, ұстанымыңыз бен бағытыңызды өзгертуі әбден мүмкін. Бұл – шымкенттік Тәңірберген Есболовтың жас та болса өмірден түйгені. Ол бүгінде өзінің шағын цехында ротангтан өріп, жиһаздың 30-дан астам түрін жасап шығарады.
Тәңірберген Есболов өзінің кәсіп бастауына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сеп болды дейді. Дәлірек айтқанда, «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы жас кәсіпкерлердің үздік жобаларының байқауы. Жас жігіттің жұмысы биыл республикалық деңгейде алғаш ұйымдастырылған байқауда еліміздегі барлық өңірден қатысқан 51 жобаның ішінде үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болады.
– Осыдан 4 жыл бұрын құрылысшы-инженер маманы атандым. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң банкте, құрылыста бағымды сынап, еңбек еттім, – дейді Тәңірберген. – Жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын істеп жүргенде өз кәсібім болса екен деп армандадым. Сол кезде байқағаным, Шымкентте ротангтан жасалған жиһаздарға сұраныс көп. Уақыт созбай істі бастау үшін алдымен оқып, нарықпен таныстым. Білгенім, ротанг – қымбат материал, бізге шетелден келеді. Бертін келе оның жасанды түрін өндіруді зерттеп білдік, содан жұмыс басталды. Қазір командамызда өзіммен 6 адам бар. Біздің кәсіптің тағы бір артықшылығы – Оңтүстікте күн жылы болғандықтан, ротангтан жасалатын жиһаздарға сұраныс қай кезде де болады.
Жас кәсіпкердің айтуынша, ротангтан жиһаз жасау қол еңбегін көп қажет етеді. Осыған орай келер жылы цехты үлкейтіп, жұмысшылар санын 30-ға арттыруды жоспарлап отыр. Ал әзірге ай сайын 100 жиһаз жиынтығын шығара алады.
– Біз қажетті материалдарды қаладан аламыз. Дегенмен ресейлік темірлерді пайдаланамыз. Ол жұқа әрі жеңіл болуы шарт. Оны өзіміз өңдеп, әрлейміз. Бұл жердегі ең бастысы – ротангты қолдан жасаймыз. Украинадан технолог келіп, арнайы құрылғыны қосып берген. Сол бойынша дайындаймыз. Жиһаздың түсі тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады, - дейді кәсіпкер.
Тәңірбергеннің айтуынша, бұл жиһаз түріне Түркия мен Қытай нарығында сұраныс көп. Ал елімізде тек бір ғана цехта өріледі. Жас кәсіпкер бүгінге дейін ротанг жиһазын арнайы тапсырыс арқылы жасап келеді: – Өрілген жиһаз көбіне саяжай мен демалыс аймағына қойылады. Үйдегі ас және қонақ бөлмесінің де ажарын ашады. Шетелден келетін жиһаздарға қарағанда бағасы 40 пайызға төмен, – дейді Тәңірберген.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керегін айтты. «Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді» деп тапсырма берген еді Елбасы.
Шындығында Тәңірбергендей тірлікке епті, заман сұранысына бейімделгіш жастарымыз еліміздің үшінші дербес қаласында баршылық. Олар осындай мемлекеттік бағдарламаның аясында кәсібін дөңгелетіп, елдің экономикасының өсуіне үлесін қосып жүр. Алға қойған мақсаттары айқын, армандары асқақ жастарымыз келер жылы өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге әзір, жастар жылында үлкен іс атқаруға дайын.
Елбасы залы ашылды
Среда, 05 Декабрь 2018 08:571 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Шымкенттегі «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында Елбасы залы ашылды. Мемлекет басшысының құрметіне ашылған залда қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жалпы саны мыңнан астам кітап қоры бар.
«ХАЛЫҚТЫҚ ЗАҢГЕР» акциясы өтті
Среда, 05 Декабрь 2018 08:53Шымкеттегі «Көрме» орталығында өткен акция барысында Ұлттық Бюро, прокуратура, әділет, мемлекеттік кірістер, сот қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың заңгерлері, кәсіби адвокаттар мен нотариустар тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер берді.
Назарбаев Зияткерлік мектептері: Шымкентпен байланыс артады
Вторник, 04 Декабрь 2018 08:03Биыл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрылғанына - он жыл. Бұл - еліміз үшін орыны бөлек мереке. Бүгінгі таңда Елбасының қолдауымен ашылған республика аумағында жалпы 20 мектеп болса, оның екеуі шырайлы шаһарда орналасқан. Өңірлердегі Назарбаев Зияткерлік мектептері әлемдік білім беру жүйесімен теңесіп қана қоймай, ендігі қалалық білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасуда.
Жеңіске жетелеген бір ауыз сөз...
Пятница, 30 Ноябрь 2018 05:12Қазақ көркем гимнастикасының примасы ретінде танылған Әлия Юсупованың ел үшін сіңірген еңбегі орасан, спорттағы жетістіктері де елеулі. Ол Елбасының ықылас танытып, еркеше құрметіне ие болған даңқты спортшы. Тыңнан түрен салған дарын талай додада ел абыройын асқақтатты. Бүгінде Елбасының қолдауымен ашылған тұңғыш гимнастика мектебін басқарады. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында бас бапкер шәкіттерінің жарқын жетістіктері және Елбасымен болған кездесулері жайында әңгімелеген еді.
«Smart Square» орталығы ашылды
Среда, 28 Ноябрь 2018 05:09Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 75 жылдық мерейтойына тарту ретінде оқу ордасының базасында студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.
Дархан Қыдырәлі шымкенттік тілшілермен жүздесті
Среда, 21 Ноябрь 2018 04:54Оңтүстікке іс-сапармен келген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі шымкенттік журналистермен кездесті. Қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына жиналғандар «Жаңа медиадағы газеттің бәсекеге қабілеттілігі» тақырыбын жан жақты талқылады.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі енгізіледі
Пятница, 16 Ноябрь 2018 05:33Жуырда Шымкент қаласының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы» ААҚ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесті.