Тұмауға қарсы екпе егу басталды
Пятница, 28 Сентябрь 2018 04:39Өткен жылы өңірде екпе егуден жалтарған 115 адам тұмаумен ауырған. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары Шымкент қаласы мен Түркістан облысында тұмауға қарсы екпе егу 1- қазаннан басталатынын мәлімдеді.
Биыл тұмаудың алдын алу шараларына өңір халқының 10%-қамтылмақ. Яғни, осыншама тұрғынға жергілікті бюджет есебінен Ресейде шығарылатын «Гриппол +» екпесінің 307 155 данасы сатып алынған. Қоғамдық денсаулық сақтау департементі басшысының орынбасары Жұмағұл Медетовтың айтуынша, вакцина халықаралық стандарттан өткізілген.
– Жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі ең көп әлеуметтік топтар — созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммунитеті нашар және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдер, қарттар және балалар үйіндегі тұрғындар тегін егіледі,–дейді дәрігер.
Тұмауға қарсы вакцинаны ақылы түрде алуға болады. Ақылы вакцинация жекеменшік орталықтарда, емханалардың екпе бөлмелерінде жүргізіледі. Оның құны өңірде 1600 -2800 теңге шамасында. Бір ескеретіні, екпе егілгеннен кейін 14 күннен соң күшіне енеді, оның қорғаныш белсенділігі 6-дан 12 айға дейін созылады. Әсіресе, алғашқы үш күнінде абай болған жөн, деп ескертеді. Ақ халаттылар сондай-ақ, тұмаумен ауырған жағдайда өздігінен ем қабылдаудан сақ болып, медициналық мекемеге өзі келмеуге шақырады. Тұмау ауруының белгілері байқалғанда жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген дұрыс дейді, сала мамандары. Жалпы, жоғарыда аталған топтағы тұрғындарға тегін екпе жұмыстары қараша айының екінші жартысына дейін тұрғылықты мекенжай бойынша орналасқан немесе өзі тіркелген емханаларда жүргізіледі. Ал жүктіліктің 2-3 триместріндегі (14-23 апта) әйелдерге 1 желтоқсанға дейін тұмауға қарсы вакинация жүргізілмек.
Жас футболшылар жаңаша әдіспен жаттығады
Пятница, 28 Сентябрь 2018 04:21Оқу жылы жағымды жаңалықтармен басталды. Өңірдегі теңбіл доптан шеберлер шығаруда алдына жан салмайтын спорт мектебі ерекше әдіспен жаттығуға көшті.
Яғни, мектептегі балаларды жіті бақылауда ұстайтын ғылыми топ алдағы жарыстарда жеңіске жетудің ерекше жолын жаңа методикалық нұсқаулықта ұсынуда.
Екі бағытта жұмыс істейтін футболдан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі (ОРДБЖМСМ) директоры Ермек Дәрменов шәкірттерінің жеткен жетістігі және оқу жылында атқарылар жұмыстармен бөлісті.
– Мектептегі ғылыми топ бүгінге дейін 5 методикалық нұсқаулық шығарса, жақында тағы біреуін бітуге дайын. Жаттығуда португал және голланд футболының тәсілдерін пайдаланамыз. Десекте, өкінішке қарай бір жүйенің болмауынан жоғары лигада ойынап жүрген клубтар әртүрлі бағытта жаттығып жүр. Мысалы, «Ордабасы» немістердің тәсілін жөн көрсе, Футбол академиясы испандық әдіспен шектелген. Бұл бізде спорт саласындағы әдебиеттеріміздің жоқтығынан. Ал жаңа нұсқаулыққа тоқталатын болсам, спортшыларға жоғарыда атап өткен голландық тәсілдер арқылы жергілікті менталитетке орайластырып жаттығу жүргіземіз. Өткен жылы мектеп ұжымы үшін табысты да, жеңісті жыл болды. Соның бірі ресми түрде Қазақстан Республикасы Футбол федерациясының мүшесі болып тіркелдік. Қазір екінші лигада 21 команда өзара ойнайды. Одан бөлек, біз секілді тағы 6 жеке клуб пен мектеп бар. Мұндағы біздің мақсат – «Қыран», «Мақтарал», «Ордабасы» командаларына жергілікті ойыншылармен қамтамасыз ету,– дейді мектеп басшысы.
Футбол мектебінің ерекше жүйесінің бірі – дарыны кеш ашылатын жасөспірімдерге екінші мүмкіндік беру. Яғни, аталған мамандандырыған спорт мектебін тәмамдап, бірақ футбол клубтарына келісімшарт жасаспай қалып қойған футболшылар арнайы командада ойын көрсетуіне болады. Ермек Дәрменовтың айтуынша, іріктеуден өтпей қалған спортшылардан құралған команда ойыншыларына ұсыныстар түскен. Осының нәтижесінде 4 бала жоғарғы лигада ойынауға клубтардан шақырту алып отыр.
– Бұл балаларға біз жалақы төлемейміз. Тек жарыстағы шығынды ғана көтереміз. Ал киімдері жеке кәсіпкерлердің есебінен. Спорт мектебіндегі жаттықтырушыларға тоқталып өтсем, кәсби тренерлер аз. Футбол кафедрасы жабылған уақыттан бастап жоғары және бірінші лигада ойын сабында көрінген футболшылар жаттықтырып жүр. Алдыңғы жылы - 31, былтыр -6 жаттықтырушы Қазақстан футбол федерациясының «С» категориясы бойынша біліктілігін арттыру курсын оқыды. Бұл сертификаттар мен УЭФА лицензиясы жас өспірімдермен жұмыс істеуге беріледі. Жас мамандардың да іске ебі барын таңдауды жөн көреміз,–дейді Е.Дәрменов.
Ал футболдан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің қызметкерлері қаладағы білім мекемелерін аралап, нағыз дарындарды кәсіби түрде жаттығуға шақыруда.
Бас бәйге – темір тұлпар
Среда, 26 Сентябрь 2018 04:5828-қыркүйек күні Тұран төрінде жыр бәйгесі өтеді. Батырлар жырын жатқа айтудан аймақтағы оқушылар мен ұстаздар арасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі сарапқа салынбақ.
Биыл екінші рет өткелі жатқан «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауының мақсаты мен ерекшеліктері жайында басылымның бас редакторы Абай Балажан әңгіме қозғады.
– Біз әлемдегі ең руханияты бай ұлттардың бірі әрі бірегейіміз. Германия көлігімен, жапондар роботтық техникасы арқылы әлемге әйгілі. Алысқа бармай-ақ іргемізде орналасқан орыстарды айтатын болсақ, олардың жасаған «Калашников» қаруына тең келетіні жоқ. Соғыс техникасы мықты, қалыптасқан мектебі бар. Бразилия мемлекетін ауызға алғанда футбол еске түседі. Канаданы айтқанда хоккей спорты ойға оралады. Міне, әлемдегі әр ұлттың тек өзіне тән ерекшеліктері бар. Жер бетінде руханияты жөнінде ешқандай ұлт қазақтың алдына түсе алмайды. Кез келген жерде мен оны дәлелдеуге дайынмын. Дегенмен жасыратыны жоқ, соңғы 20-30 жылдың ішінде біз кітап оқудан қол үзіп қалдық. Қоғамда адам сенгісіз қылмыс көбейді. Дінді де бұрмалаушылар қатары артып жатыр. Оны ішкі әлемі сұлу емес, рухани әлсіз адамдар жасауға бейім келеді.
Ал ұлтты өзінің тамырына қайта оралту жолында Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаны әмбеге аян. Осыған үн қосу мақсатымен және мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауын ұйымдастыруды жөн көрдік. Былтыр ол облыс көлемінде өтіп, ауданнан іріктелген 48 оқушы қатысқан болатын. Өткен жылғы сайыста Қамбар батыр жырын жатқа айтқан болса, бұл жолы оқушылар Алпамыс батыр жырын нақышына келтіріп орындайды деп үміттенеміз. Ол жыр алдыңғысына қарағанда екі есе көлемді. Уақыт жағын ескере отырып, аудан-қалалардан іріктелген 32 оқушыға сайысқа жолдама бердік. Байқау қорытындысына сәйкес жеңген оқушыға қаржылай сыйлық, ал оны дайындаған мұғаліміне темір тұлпар мінгіземіз. Биылғы сайыс аймақтық деңгейде өтеді. Яғни, оған Түркістан облысымен қатар Шымкент қаласынан да үміткерлер қатысады,–дейді Абай Бекназарұлы.
Айта кетейік, 1957 жылдан бері облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газеті қазақ күресінен турнирін өткізіп келеді. Дәстүрге айналған шара қолдау тауып күні бүгінге дейін жалғасуда. Міне, эпостық жырды жатқа айтудан оқушылар мен ұстаздар арасындағы жыр бәйгесі келер жылдары да жалғасын табады дейді, ұйымдастырушылар.
IT- орталығында 69 миллиондық екі жоба жүзеге асырылуда
Среда, 26 Сентябрь 2018 04:39М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың базасында ашылған IT-орталығының бүгінде жұмысы ілгері, бағдары айқын. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен білім беру саласын жетілдіре түсу мақсатында іске қосылған болатын. Аталған орталықта бұған дейін өңірдегі «информатика» пәнінің 20 мұғалімі білімін жетілдірсе, биылғы оқу жылында осыншама педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтеді деп күтілуде. Қуантарлығы – жоғарғы ақпараттық технологиялар орталығы жалпы құны 69 миллион теңгені құрайтын екі жобаны жеңіп алған.
Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне – 75 жыл! Тарихы тереңде жатқан жоғары оқу орнының осы уақытқа дейін жеткен жетістігі аз емес. Оның ішінде Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің алар үлесі зор. Ал аталған жоғары мектептің базасында ашылған ақпараттық технологиялар саласында заманауи зерттеулер жүргізуге арналған IT-орталығы сала мамандарын жігерлендіре түскен. Теориялық білім мен тәжірибелік дәрістерін ұштастыра алатын арнайы сыныптар бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеуде маңызы жоғары фактор екенін университет оқытушылары алға тартып отыр.
Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің деканы, ф-м.ғ.к., доцент Ғани Бесбаев IT- орталығының басты мақсаты мен осы жоғарғы оқу орнында тәлім алып жатқан шәкірттердің бәсекеге қабілеттілігінің арқасында елімізде кеңге қанат жайған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһардың қарыштап дамуына қандай үлес қоса алатыны жайында әңгіме қозғады.
– Қазіргі әлемде болып жатқан үрдістерден қапы қалмай, өңірдегі халықтың цифрлық сауатын арттыру мақсатында осындай соңғы заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған IT-орталығы ашылғаны баршаға мәлім. Бұл орталық 3 зертхана және ақпараттық технологиялар сыныбынан тұрады. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарының «информатика» пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. Алғашқы кезең бойынша 20 мұғалім оқытылды. Алдағы қараша айынан бастап екінші кезең бойынша тағы соншама мектептегі iT-мамандары оқытылады. Ал 2020 жылға қарай 120 мұғалім аталған оқыту орталығында біліктіліктерін арттырады деп жоспарлағанбыз. Мұнда білімдерін жетілдірген педагогтар курсты толық аяқтаған соң, өзі жұмыс істейтін білім мекемелерінен IT -сыныбын ашып, мектеп оқушыларына мектеп бағдарламасынан тыс «Python», «Роботтық техника», «Мехатроника», «Ақпараттық қауіпсіздік», «3D модельдеу»-ден дәрістер өтеді. Жалпы біздің мақсат – өңір халқының цифрлық сауатын жоғарылату, – дейді Ғани Әбзелбекұлы.
Елбасы биылғы Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп нақты бағдар берді.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана ІT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарлама ішкі жалпы өнімдегі ІT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. ІT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады. Ал бұл жолда Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебіндегі IT -орталығының сүбелі үлесі болмақ. Аталған мектеп деканының айтуынша, ғылымға ден қойған шәкірттер мен магистратурада білім алатын студенттер үшін тигізер пайдасы мол.
– Соңғы заман талабына сай қондырғылармен жабдықталған орталыққа келген қонақтар және осында болған сала мамандары жоғары бағасын берген. Осы орталықтың күшімен біз екі жобаны 36 айда жүзеге асыруға мемлекеттік грант жеңіп алдық. Олардың біреуі 45 миллион болса, екіншісі 24 миллион теңгені құрайды. Одан бөлек, Шымкент қаласы әкіміне де «Smart city» жобасына оқытушылық құраммен ақылдаса келе шәкірттерімізбен шаһарда қандай жобалар жасай алуға мүмкіндіктеріміз бар екенін айттық. Ұсыныстар жасалды. Ол жобалар әлі де пысықталуда, – дейді жоғары мектеп басшысы.
Ал аталған орталықтың жетекші-инженері Бауыржан Нұрмаханбетов мемлекеттік грант негізінде жеңіп алған жобаларға тоқталып өтті. IT-маманның айтуынша, бірінші жоба – атмосфералық жерсерігі, ал екіншісі – асинхронды желінің қызмет көрсету сапасының статистикалық параметрлерін есептеу әдісін әзірлеу.
– Атмосфералық спутник әскери және жалпы мақсатта қолданылады. Екінші жобада біз асинхронды желінің қызмет көрсету сапасының статистикалық параметрлерін есептеу әдісін әзірлейміз. Яғни, серверлердің жұмысын автоматтандырамыз. Бұл жобалар 36 айда толық жүзеге асырылады. Бірінші жыл ақпарат алмасу, мемлекеттік сатып алу аясында құрылғылар және қажетті бөлшектерін жинақтаймыз. Қажетті бөлшектер болмаған немесе табылмаған жағдайда арнайы өлшемін беріп, еліміздегі зауыттарға тапсырыс береміз. Сондай-ақ, басқада сала мамандарымен ой бөлісіп, пікір алмасатын боламыз, – дейді Б.Дүйсебайұлы.
Жоғарғы мектеп ұжымы сонымен қатар өңірдегі IT-мамандарды дайындайтын орталықта шаһардағы «ақылды қала» аясында «Smart parking», «smart house» және мақта шаруашылығында арнайы есептеуіш құрылғысын әзірлеуге қауқарлы.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес, биылғы мемлекеттік білім гранттарын бөлу конкурсында техникалық мамандық даярлайтын оқу орындарына қосымша 20 мың грант қосылғаны белгілі. Ал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универститіне биыл IT-мамандықтарына 400-ге жуық шәкірт оқуға қабылданса, оның 287-і мемлекеттік білім беру грантының иегерлері.
Қазіргідей өндіріс, білім, мәдениет, медицина және тағы басқа салалардың толықтай автоматтандырылу заманында IT маманның қоғамдағы орны жоғары. Ал ІТ-орталық халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасайды. Міне, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті маман даярлау Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің – басты мақсаты.
Сіз не дейсіз?!
Ермек Мамыраев, IT-маманы, «ino.Lab» инновациялық зертханасының негізін қалаушы:
– Цифрлы трансформация – заман талабы. Бүгінде көліксіз таксопарк ашып, тауарсыз интернет-дүкен арқылы әлемдік нарыққа енген әйгілі компаниялар бар. Бұл IT-саласындағы үлкен серпіліс біздің отандастарымызды да қызықтыруда. Жаңа технологияның көмегімен ірі кәсіпорындардың жұмысын бір немесе бірнеше компьютер арқылы басқаруға болады. Технологияның қарыштап дамуы өзге елдерде оң нәтижесін беруде, сондай-ақ, ол мемлекеттердің экономикасына да үлес қосып, мол пайда әкелуде. Ал елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірлерде жаппай IT-орталықтары ашылып жатыр. Халықтың цифрлық сауатын арттыруда, олардың жобаларын қолдауда үлкен жұмыстар жасалып жатқаны осы саланың маманы ретінде мені қуантып отыр. Аталған жобаның негізінде және «Туған жер» бағдарламасымен Шымкентте алғашқы инновациялық зертханасын аштық. Онда 7-9 сынып оқушылары білім алуда. Біздің мақсат – IT-технопаргін іске қосу, яғни, Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылып жатқан стартап алаңдарын үшінші мегаполисте де жандандыру. Шырайлы шаһар алдағы жылдары «ақылды қала» ғана емес, ақпараттық технологияда да елеулі орын алатын ірі орталыққа айналарына сенімім мол.
Дильноза Ирисметова, PR-маманы, Дәрігер Мауриньштің флебология және лазерлік медицина клиникасының қызметкері:
– Медицинада сандық технологияны дамытудың қысқа мерзімді келешегін үш бағытта қарастыруға болады. Электронды медициналық картаны енгізу арқылы қағазбастылықтан арылу жүйесіне көшу. Ал екіншіден, медицина саласына арналған интернет желісін жандандыру. «Қосылулы пациент» концепциясын дамыту – интеллектуалды құрылғы арқылы медициналық қызметтің көрсетілуіне және жағдайына мониторинг жасау.
Ал үшініші жолында лазерлік технологияға тоқталған жөн. Медицина саласындағы лазерлік технология бүкіл әлемде өте танымал һәм кең қолданыста. Соңғы жылдары қарқынды дамуы арқылы жыл сайын лазерлік технологияның жаңа мүмкіндіктері мен медициналық құрылғылар пайда бола түсуде. Бүгінгі таңда лазерлік қондырғыларсыз емхана ашудың өзін елестету қиын. Денсаулық сақтау саласында негізгі сандық жүйенің артықшылығына тоқталатын болсақ, қаржылық үнемдеуге, яғни науқастың дәрігермен жүздесуінде уақыт үнемделіп, шығындар азаяды. Ал әлеуметтік жағынан алып қарасақ, медициналық көмек көрсетудің, кәсіби дәрігердің қателігі көлемі төмендеуі есебінен көрсетілген қызмет сапасын арттыруға болады.
Бегайым Әділханова, педагог-сарапшы, Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
– Цифрлық технологияның білім саласына да пайдалы тұстары жетерлік, әсіресе тіл үйренуде. «Ағылшын тілін үйренемін, жетілдіремін, уақытымды пайдалы іске арнаймын» деген адам үшін мүмкіндік өте көп. Білім қорын молайтуға арналған көптеген сайттар бар. Бір ғана мысал Belouga.org деп аталатын білім платформасын айтуға болады. Біз еліміздің мектептері арасында алғаш болып тіркеліп, 90 мың ұпай жинап, нәтижеге қол жеткіздік. «Белуга» жобасына әлемнің 79 елінен 2000-нан астам, ал Қазақстан бойынша бар-жоғы үш мектеп қана тіркелген. Сондықтан басқалардың бұл тамаша жоба жайлы білгенін, ұстаздар мен оқушылардың белсенділік танытып, мектептердің көбірек тіркелгенін және атсалысқанын қалаймыз. Бір әттеген-ай дейтінім жобаның басталғанына 1,5 жыл болса да қала және облыстағы білім беру ұйымдары тіркелуге асығар емес. Ал қуантарлығы – жақында платформада жоғары оқу орны білімгерлеріне арналған тапсырмаларымен толығады. Қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу керек. Бұл ретте рухани азық болар кітаптармен қатар, интернет ресурстарын меңгеру артық болмайды.
Бағлан Айдаров, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ИЧ-167/4 түзеу мекемесінің аға инспекторы:
– Әр нәрсенің пайдалы және кері тұстары болуы заңдылық. Сандық технологияның да қоғамға зиянды жағы жетерлік. Әсіресе, интернет желісі әртүлі айла-тәсілдерге баратын қылмыскерлер үшін тиімді бола түсті. Әлеуметтік желіде мұқият болмасаңыз, ондай адамдардың оңай тұзағына түсуіңіз ғажап емес. Ал достарыңыздан хабарлама алмасқанда әртүрлі сілтемелерге, кез келген сайттарға кіруден аулақ болуға шақырамын. Тіпті әртүрлі спам хабарламалардың өзін бөлісуде қауіпті болуы ықтимал. Құқық қорғау органдары және басқа да басқарушылар пайдалана алатын арнайы бағдарламалар бар. Сол Dark web-те түрлі қылмыскерлердің әрекетін бақылауға болады. Дегенмен, интернет желісінің ауқымы кеңейе түскендіктен оны бақылау қиындық туғызуда. Әркім жеке басының қауіпсіздігіне жауапты екенін жадынан шығармаған абзал.
Шымкентте орташа айлық – 118 мың теңге
Пятница, 21 Сентябрь 2018 04:26Шымкентте жалақы мөлшері бір жылда 6,2%-ға өсті. Биыл қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 118043 теңгені құрап отыр. Түркістан облысының статистика департаментінің мәліметінше, осы тоқсанда нақты жалақы индексі – 100,2%. Еңбек нарығында Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2018 жылғы шілденің соңына 5,2 мың адамды құраған. Ал шаһардағы халық саны осы кезеңдегі деректерге сәйкес, 1006 мың адамға тең.
– Шымкент қаласы бойынша 2018 жылғы қаңтар-маусымда халықтың табиғи өсуінің абсолюттік көрсеткіші 10,3 мың адамды құрады (2017 жылғы қаңтар-маусым деңгейіне 102,6%), осы кезеңде 12,5 мың (102,1%) – туу, 2,2 мың (99,5%) – өлім оқиғасы тіркелді,-дейді Статистикалық ақпараттарды пайдаланушылармен жұмыс басқармасының басшысы Гүлнара Күнтуғанова. Ал қаладағы көші-қон мәселесіне тоқталсам, қаңтар-маусымда 55799 адам келсе, (облыс ішіндегі көші-қонды есепке алмағанда), 12306 адам шырайлы қаладан басқа өңірлерге кеткен, көші-қон ағыны бойынша абсолюттік ауытқу айырымы 43493 адамды (оң) құрады. Еңбек нарығы және еңбекақы төлеуде өзгерістер бар. II тоқсанда Шымкент қаласында жұмыссыздар саны, бағалау бойынша, 21,6 мың адам. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне 5,2% құрады, – дейді Г. Күнтуғанова.
Сандарды сөйлеткен сала маманның айтуынша, азық-түлік тауарларына баға 1,2% төмендесе, ал басқа тауарлар – 0,3%, халыққа ақылы қызмет көрсету – 1,2% көтерілген. Ұлттық эконмикада өсім байқалады. Қаңтар-шілдеде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 378616,8 млн. теңге болып, 2017 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 2,9 есеге өскен. 1 тамыздағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 22359 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 12970-ы жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 21943, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 303, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 113, оның ішінде жұмыс істейтіндер– 12568, 293 және 109 бірлік.
Ал мегаполистегі бөлшек сауда көлемі 173595,7 млн. теңгені немесе 2017 жылғы қаңтар-шілде деңгейі 106,5% қөрсетсе, көтерме сауда көлемі 352453 млн. теңгені немесе 112,3%.
Экономикалық нақты секторлар бойынша қаңтар-шілдеде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 250873 млн. теңгені құрады, бұл 2017 жылғы қаңтар-шілдеден 2,1% өсімді көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс – 1,3%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 8,3%, сумен жабдықтау; кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таралуын бақылауда – 51,1% артса, ал кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі – 29% кеміген. Ауыл, орман және балық шаруашылығы жалпы өнімдерінің (қызметтерінің) көлемі 14024,5 млн. теңгені құрап, 2017 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 11,2%-ға ұлғайып отыр.
«Көлік» (көлік және қоймалау) саласы бойынша нақты көлем индексі 119,4%-ды көрсетеді. Соңғы жеті айлық көрсеткіш бойынша жүк айналымының көлемі 2681,9 млн. ткм (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) немесе 2017 жылғы қаңтар-шілде деңгейі 100,3% құрады. Жолаушылар айналымының көлемі 9879,4 млн. жкм құрап, 15,1% артқан.
Сондай-ақ, биыл шаһарда 242,1 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Бұл 2017 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 30,7% көп. Соңғы деректерге сәйкес, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны –58280 бірлікті немесе 2017 жылдың тиісті кезеңіне 105,2% құрап отыр.
Шымқала кеші көңілді
Среда, 19 Сентябрь 2018 05:33Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін шаһарда бірнше жобалар жүзеге асырылуда. Оның бірі студент жастардың сүйікті орнына айналып үлгерген орталықта өтеді. Қалада демалыс күндері бой жазып, көңіл сергітетін орталар қалыптастып жатқаны көңіл қуантады.
Жастардың бүгінгі таңдағы өміріне қатысты ең өзекті мәселе – бос уақытты дұрыс пайдалана білу. Бос уақытты тиімді өткізуде салауатты өмір салтын ұстану - тұлғаны қалыптастырудың басты қағидалық принциптерінің бірі. Жастардың қолы қалт еткенде уақыттарының қызықты өтуі - өнер үйренуге, шығармашылық мазмұндағы ізденіске, дене тәрбиесін жетілдіруге бағытталады. Сонымен қатар, ол денені жетілдіруге ғана емес, рухани баюға да мұрындық болатыны әмбеге аян. Бұл орайда, Шымқалада орын тепкен жастар ресурстық орталығындағы оңды істерге тоқталғанды жөн санадық.
– Жазғы демалыс басталғаннан-ақ бізде ашық аспан астында бірнеше демалу шараларын қолға алдық. Апта соңы орталыққа атбасын бұратын жастар қатары арта түседі. Бұл күндері кинокөрсетілім, караоке-думан, үстел теннисінен ойындар өтеді,-дейді «Талантты жастар қолдау» бөлімінің маманы Қ.Боранбай.
Қажығали Жұмадиллаұлының айтуынша, орталықта дарынды жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған ресурсттар тегін ұйымдастырылады. Орталық қызметкерлері бұл жолы сенбілікте үстел теннисшілерінің арасында ашық турнирін өткізген.
– Жастарға үстел теннисінен ашық турнир болатыны әлеуметтік желілер арқылы хабарланып, 40-қа жуық жас қатысуға өтініш білдірді. Қуантарлығы – аталған турнир кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, сайыс жеңімпаздарына сыйлықтар үлестірілді. Ойын нәтижесі бойынша Әсет Қадырқұл топты жарса, Ролан Қибатов есімді жас екінші орыннан көрінді.
Нұрлан Досов үштікті қорытындылады. Бұл турнир ай сайын ұйымдастырылып тұрады,- дейді орталық қызметкері.
Ал мұнан бөлек, Шымкент жастарының ұйымдастыруымен өтіп жүрген шараның бірі әрі бірегейі «Домбыра кеші». Аталған басқосуда өнерлі жастар шаһар саябақтарына жиналып, ән шырқауды әдетке айналдырып келеді. Соңғы жиын «Нұрсәт» шағын ауданындағы әкімшілік іскерлік орталығының алаңында өтіп, патриоттық әндер кеші ретінде көптің жадында қалды.
Суицид: өңірдегі педагог - психологтардың біліктілігі қай деңгейде?
Среда, 19 Сентябрь 2018 05:21Жастар арасында зорлық-зомбылық және өзіне-өзі қол жұмсау көрсеткіші биыл 30-ға артқан. Қоғамның түйіткілді мәселесіне айналып отырған ғасыр дертімен күресте білім беру ұйымдарындағы психолог-мамандарының иықтарына артылар жүк те аса ауыр. Осыны ескерген облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары өңірдегі 500-ге жуық педагог-психологтың басын қосып, біліктілігін арттыру курсын ұйымдастыруда.
Биыл сегіз айда 230-ға жуық жастың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі тіркелген. Оның ішінде 157 жас суицидке оқталса, 72 әрекет қайғылы жағдаймен аяқталған. Үлкен өмірге қадам баспай жатып, қыршынынан қиылғандардың неге ондай қадамға баратынын облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебеков өңірдегі сала мамандарымен бас қоса отырып зерттегенін айтты.
- Алғашқы зерттеу жұмыстары былтыр Қаратау ауданына қарасты қалаға енді қосылған елдімекендердің тұрғындарына жүргізуден басталды. Бұл пилоттық жоба аясында тұрмыс жағдайы төмен және ауыр-мінез құлықты балаларды бақылауда ұстадық. Назарымыз ауған жастардың көбінің отбасындағы жағдай балаларға кері әсерін тигізіп, психологиялық тұрғыдан келеңсіз жағдайларға алып келетініне көз жеткіздік. Ондай жанұялардың көбінде әкесі ішімдікке салынған немесе бұрын сотты болғаны анықталды. Міне, бірінші «тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, отбасылардың әлеуметтік жағдайын зерттеуден бастадық. Ал биыл өңірдегі барлық білім беру ұйымдарындағы психологтармен кездесіп, мектептерді араладық. Мұнда біз жан басына шаққанда психолог мамандарға балалар санының артық келетінін, олардың арнайы бөлмелері мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмегеніне көз жеткіздік. Біліктілігіне тоқталсақ, кейбір мұғалімдер сырттай оқыған болып шықты. Бұл мәселені шешуде бүгінгі заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын өткізуді қолға алдық,-дейді Береке Талғатұлы.
Өңірдегі 500-ге жуық мұғалім «Energy» республикалық педагогикалық-психологиялық дамыту мен «ReFrame» тұлғалық дамыту орталықтары өткізген бес күндік біліктілігін арттыру курсына қатысқан. Ал оқыту бағдарламасын Алматы қаласының «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры, ҚМҚПУ-нің «Теориялық және практикалық психология» кафедрасының профессоры, PhD докторы – Күлмаш Елшібаева, тәжірбиелі психолог Айнұр Батырбекова, Гульмира Шалғынбаева мен Гулжан Вероцкая жүргізуде.
- Біздің болжам бойынша осы курстың нәтижесі арқылы өңірдегі суицид пен зорлық-зомбылық дерегін екі есеге төмендетуге немесе ең төменгі көрсеткіште ұстауға бағытталған. Оқыту бағдарламасы бойынша қатысушы педагог-психологтар «Психология ғылымының бағыттары. Психодиагностика. Жеке консультация жүргізу тәсілі мен методикасы. Баланы жан жақты зерттеу. Қазақстандық баланың типологиясы. Ата аналармен жүргізілетін жұмыс форматы мен әдістері. Калибрлеу. Нейро-ленгвистикалық бағдарламалау. Ыңғайлану. Көзқарас, сөз, эмоциялар, стереотиптер мен ойлау стратегиясы. Түзету. Психикалық дамуға бағытталған әдістерді қолдану» тақырыптарында кеңінен теориялық және практикалық бағытта біліктіліктерін ұштастыра алды. Жоба 5 кезең бойынша жүзеге асуда. Алғашқы кезеңінде зерделеу жұмыстары жүргізілген соң, бағдарламалары мен методикалық әдістері нақтыланды. Оқыту курстары – аталған жобаның үшінші кезеңі. Мамандар ендігі практикалық кезеңге өтеді. Алдағы бір айда мұғалімдер алған білімдерін тәжірибе жүзінде тексереді. Оның нәтижесі облыс көлемінде алғаш рет ұйымдастырылатын барлық қатысушыларға арналған форумда, яғни жобаның соңғы кезеңінде талқыланады. Мұғалімдерге күнделікті жұмыстарына пайдаланатын бейнероликтер мен өзіміз құрастырған арнайы нұсқаулық құралдар берілді,-дейді Гүлжан Ералықызы.
Сала мамандарының сөзінше, аталған жоба аясында елді дүрліктірген оқиғаның бірі зорлық-зомбылық та назардан тыс қалмайды. Бұл ретте психологтар мектептегі тәртібі нашар сынып оқушыларын жеке қадағалауға алып, оқу жылында бақылауда ұстайтынын айтты. Осылайша мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының мамандары бірге өңірдегі жастар суициді мәселесін шешуге біркісідей кірісуде. Ал бұл жоба оң нәтижесін беріп жатса, келешекте психолог-мамандарын жыл сайын біліктілігін осындай оқутыдан өткіземіз, дейді жастар ресурстық орталығының мамандары.
Коворкинг-орталығында бас қосты
Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:28Шымкенттік «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері аталған республикалық ұйым төрағасы Данияр Сүндетбаевпен жүздесті. Үшінші мегаполиске табан тіреген ол жақында «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасында ашылған коворкинг-орталықта жастармен еркін форматта кездесу өткізді.
Таяуда «Нұр Отан» партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің үшінші мегаполисіне арнайы келіп, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасында ашылған коворкинг-орталығында болған еді. Cонда Мәулен Сағатханұлы«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі - халықтың білімге деген құштарлығын арттыру» деген болатын. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Жобаның негізгі мағынасы да осы, яғни дәстүрлі кітапханаларға жастарды тартып, олардың кітап оқуына, сапалы білім алуына жағдай жасау екенін тілге тиек еткен-ді. Осыны қаперінде сақтай білген шымкенттік жастар мен «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы орталықта еліміздің бүгіні мен болашағы жөнінде сұхбат құрды. «Қазір ғаламтор дәуірі. Дегенмен сіздер кітап оқудан алшақтап кетпеулеріңіз керек. Кітап - білім көзі, өмірдегі айнымас ақылшыларыңыз»,-деді саяси ұйым өкілі.
Сонымен бірге кездесуде жастар алда атқарылар мақсат-міндеттерін тағы бір пысықтап алды. Кездесу соңында студенттер өзара ой бөлісіп, пікір алмасты. Елордадан жеткен қонаққа гитара ұсынып, қолқа салған жастар бірге ән салып, көтеріңкі-көңілде тарқасты.