Цирк – сахналық-эстрадалық өнер саласы. Ат құлағында ойнап өнер көрсету, айтар ойды ыммен білдіріп, түрлі дене қимылдарымен жұртты күлдіру шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Жануарлардың тілін тауып, оларды ойната білу де жауапкершілікті жүктейді. Ал сол қойылымдардың сәтті шығуы – әртістердің киген киімі мен қимыл-қозғалысына сай есеппен әрленген әуенге де байланысты. «Оңтүстік цирк» ұжымында өнерпаз әріптестерін сахналық образын даярлайтын арнайы мамандармен сұқбаттасқан болатынбыз.

DSC 0244

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған эксклюзивті қойылымға дайындық жүріп жатыр,-деп бастады әңгімесін тігін цехы және дизайн бөлімінің меңгерушісі Сапар Исақов. – «Оңтүстік цирк» ұжымы батыл қадам жасап, алдағы қойылымды ерекше етіп өткізуді жөн санадық. Әрине, оны қазір ешкімге айтуға болмайды. Сізге сол құпияның шетін қайырайын, тігіншілер алдағы қойылымға әзірлікті бастап жіберді. Біздің бөлім цирктегі қойылым алаңы дизайны мен әртістер һәм жануарлардың сахналық костюмдеріне жауапты. Екі тігінші мен киім дизайнері әртістердің образына сай костюмдерін жасап шықса, дизайн бөлімінде фотограф, суретшіден құралған тағы бір топ маман құттықтаулар мен хабарландыруларды әзірлейді. Осындай ауызбіршілікте тындырымды тірлік атқарудамыз,-дейді Сапар Әмірханұлы.
Өзін нағыз шығармашыл ортада сезіне білген ол цирктегі жұмысын мақтан тұтатынын, құрылғанына 10 жыл толмаған ұжым жетістіктерінің көп екенін айтты. Үздік жобаларымен ерекшеленіп, тұрақты көрерменін қалыптастырған сарайдың жұмысы бағдарлы, бағдарламасы әркез жаңашыл.
- Циркте көбіне көрермен тек сахнадағы дайын қойылымды көріп, ал балғындар мәз-мейрам болып қайтады. Көпшіліктің көңілінен шығатын жұмысқа жұмыла кіріскен біршама мамандардың еңбегі бар екенін айтып өтейін. Бұл ретте киім мен музыка ерекше маңызға ие. Ал әртістерге арнайы тігілген киімдер қарапайым тұрмыстағы немесе басқа өнер иелерінің сахналық костюмдерінен бөлек. Матасынан бастап пішілген формасына дейін жоспарланып дайындалады. Ол үшін тігіншілер мен дизайнерлер біраз тер төгеді. Цирк ұжымында жұмыс жасаудағы бір ерекшелік мұнда мені нағыз шығармашыл жандар қоршаған. Орекстр мен әртістер, акробатшылар, клоундармен бірге жұмыс істеудің өзі бір бақыт. Сонау 60 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық циркі және құрылғанына бірнеше жыл толған
Астана цирктерімен салыстырғанда, енді ғана танылып келе жатқан біздің ұжымның да ауыз толтырып айтар жетістіктері көбеюде. Осы орайда, ұжымның абыройын асқақтатып, шаһарымыздың атын шығаруда әр қайсымыздың қосқан үлесіміз бар деп ойлаймын, - деп сөзін қорытындалады цирк қызметкері.
Цирк ашылған уақыттан бері өнер ордасының тазалығына жауапты болып, кейіннен әртістердің киімін тігуді қолға алған Манат Омбаева да өз ісінің шебері атанған.
- Бұл өнердің ерекшелігі сахнаға шыққан әртістердің киімдері көздің жауын алып тұруы қажет. Бұл тұста көзі қырағы көрерменнің көңілінен шығар дүниені дайындау үшін біраз еңбектенеміз. Ізденеміз. Жаңа қойылымның сценарийі бекітілгеннен бастап, дизайнермен киімнің қалай болатынын ақылдасамыз. Әртістер мен жануарлардың секірген, жүгіргеніне қарай лайықтап костюмдерді тігеміз. Жылына екі қойылым болса, 10 күнде 20-30-ға дейін сахналық киімдерді дайындаймыз. Тіпті, осында түнде қалып тігін тіккен кездеріміз болған. Сол жұмыстарымызды әріптестеріміздің үстінен көргенде, шаршаған кездерді ұмытып кетеміз. Жақында өздеріңізге белгілі 3 акробатшымыз халықаралық фестивальде алтын жүлде жеңіп келді. Біз сол жігіттерге барлық костюмдерін өз қолымызбен дайындап, киігізіп жібердік. Олар қиын трюктер арқылы өнер көрсететіндіктен, кейде матасы жыртылып кетуі мүмкін. Созылмалы материалдан өздеріне құйып қойғандай киім тігіп бергеніміз бар. Өнерпаз арқылы көрермен қуанышын көру – біздің еңбегіміздің жанғаны. Біз тек әртістермен ғана емес, цирктегі күшіктер мен аюларға да керекті костюмдерін тігіп, жан-жануарлармен де жұмыс істейміз. Аюларды құшақтап, олардың өлшемін алатын кездеріміз болады, - дейді Манат Мейірбайқызы.
Ал Қызманат Хамза цирктегі тігін цехы және дизайн бөлімінің киім-дизайнері. Жұмысқа орналасқанына енді бір жыл болған жас маман әртістердің киім үлгісін сызады. – Кейде сызып алып, ал тігетін кезде басқаша киім үлгілері пайда болатын жағдайлар жиі кездеседі. Ол өнерпаздардың қозғалысына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Цирк әртісі өзін біз тіккен киімде сергек, еркін сезінуі қажет. Қойылым барысында киімді ойлауға жеткізбеуіміз керек. Кейде жыртқыштармен шығатын өнерпаздарымыз болады. Оларға да үйлесімді әрі ыңғайлы киімдер тігіледі. Тігілген дүниелерді шабыттанып жасаймыз. Көз майын тауысып, еңбекпен келетін костюмдер де болады. Ұжымда әркім өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарса, жетістік жолы жеңілдейді,-дейді киім-дизайнері.
Құрылғанына 7 жылға жуықтаған өнер ордасында бүгінде 200-ге жуық қызметкер бар. Оның 44-і әртіс болса, Жарылқасын Байқараев сынды білікті музыкант та қазақ циркінің даму жолында ерең еңбек етіп келеді.
- Еңбек жолын осы өнер ордасында оператор қызметінен бастадым. Алты жылдан бері дыбыс жазу студиясындамын. Жұмысым – цирк қойылымындағы музыкалық, көркемдік дыбыстарын әрлеу. «Алақай, балайқай!», Жазғы маусымдағы балалардың демалысында қойылатын нөмірлер мен жаңа жылдық қойылымдарға, әртістердің гатсрольдік сапарлары мен фестивальдерге арналған нөмірлерінің әуенін дайындаймын. Бұл жерде айтып өтетіні, музыка сол қойылымның дәмдеуіш қоспасы іспетті. Оның әсері көрерменге жетпесе, әртіс оған ілесе алмай, ойлаған сахналық нөмір сәтті шықпай қалуы мүмкін. Кейде қойылым бес-он минутқа созылады. Режиссермен бірге әуені дайындалады. Ол қойылым әбден пісіп жетілгенше көркемдік, сүйемелдеуші дыбыстар өзгере береді. Бұл жерде әрбір секундтың өзі үлкен рөл ойнайды. Ал жан-жануарлардың да құлағы үйренген әуендер таңдалады. Қойылымда егер әуен ауысып кететін жағдай орын алса, өнерпаздың айтқанын түсінбей қалу да ғажап емес. Сондықтан әуенге аса мән беріледі,-дейді Жарылқасын Әбдімажитұлы.
Ал «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 жоба» аясында ашылған таңғажайып өнер орталығы осыған дейін Шымқала тұрғындарына сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді. Айта кетейік, цирк өнерпаздарының жеткен жетістіктері де аз емес. Халықаралық «Шабыт», «Азия жаңғырығы» сынды байқауларында жүлделі орындарды иемденген. Қазіргі таңда цирк әртістерінің көпшілігі шет елдерде тәжірибе алмасып жүр. Қазақстанда 3 цирк болса, соның ішіндегі ең жас әрі ең тәжірибелі «Оңтүстік цирк» ұжымы. Ал кәсіпорын басшысы Арман Әлиев дарынымен дараланып, сегіз қырлы бір сырлы азамат екенін дәлелдеп жүр. Ол келер жылы жарыққа шығатын қаисетті топырақ Түркістанда түсіріліп жатқан тарихи фильмде батырдың рөлін сомдайды. «Оңтүстік цитрк» үшінші мегаполистегі өнер сүйер қауымды жақында жағымды жаңалықтарымен қуантпақ.

Күздің алғашқы айы базарларда диқандар өнімдерін өткізіп, жұрт қыстың қамына кірісетін нағыз сауданың қызған шағы. Қызанақ пен қиярды тұздықтайтын кезең де дәл осы уақыт. Көбіне үй жағдайында консервіленген өнімдерді қолданылуынан пайда болатын ауруды бірі естісе, бірі біле бермейтіні анық. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары үй жағдайында дақылды өнімдерді консервілеуде уланудың алдын алуға шақыруда.

555

– Ботулизм (Botulismus) «Clostridium botuilinum» таяқшасының 7 серотиптері табиғатта ең күшті у шығарып, улануды туындататын, сапронозды, адамнан адамға жұқпайтын ауыр өтетін тосикозды ауру, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекші маманы Ш.Кокебаева. – Ботулизм қоздырғышы сыртқы ортаның физикалық және химиялық факторларына аса төзімді. Аталған ауру көбіне үй жағдайында консервіленген өнімдерді қолданылуынан болады. Ботулизм қоздырғышы адам ағзасына түскен соң әлсіздік, бастың айналуы, ауыздың құрғауы, температура бірқалыпты күйінде қалуы мүмкін немесе 36,90С-37,20С дейін көтеріледі. Кейде лоқсу, құсу, үлкен дәретке жиі шығуға немесе іштің қатуы байқалады. Бірнеше сағаттан соң, кейде 1-2 күннен кейін ботулизм уы көзге әсер етеді, заттар қосарланып көрінеді, оқуға мүмкіндік болмайды, көздің қарашығы үлкейіп кетеді, көз қабағы түседі, жұтыну қиындайды, жүргенде теңселіс пайда болады. Беттің әжімдері кетіп, маска кигендей кейіпке түседі. Тыныс алу бұзылып, кейде тіпті тұншығып өлуі де ұшырасады. Аурушаңдықтың емі науқасты міндетті түрде ауруханаға жатқызу және арнайы ботулизмге қарсы сары суды енгізумен емделеді.

«Ботулизмнен» 31 адам зардап шеккен

«Өнімдерді консервілеудің режимін сақтау, сірке суы немесе лимон қышқылын міндетті түрде пайдалану керек. Үйде әзірленген консервілерді, окорокты т.б. пайдалану алдында 15-20 минуттай қайнату қажет. Қақпағы көтерілген, түсі бұзылып иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою керек, тіпті дәмін де татуға болмайды. Үй жағдайында консервіленген салаттар, саңырауқұлақ, қияр, қақталған балық, окорокты т.б. базардағы және көшелердегі сатып жүрген белгісіз адамдардың қолынан сатып алуға болмайды. Аурудың белгісі пайда болған жағдайда өнім қалдықтарын тастамай зертханалық бақылау үшін сақтаңыздар».
Міне, бұл кеңестер аты жаман дерттің алдын алуда үлкен септігін тигізеді, – дейді сала мамандары.
Айта кетейік, өңірде биыл «Ботулизм» ауруымен 17 жағдай тіркеліп, 31 адам зардап шеккен. Барлық тіркелген ботулизм ауруы үй жағдайында консервіленген өнімдерді қолданылуынан болған. Осы аурудың алдын алу және Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» 2016 жылғы 28 желтоқсандағы №5 қаулысына сәйкес барлық аудандық, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары жергілікті білім басқармасымен, емдеу профилактикалық мекемелерімен бірлескен іс-шаралар жоспарын түзген. Жоспарға сәйкес, ботулизм және тамақтан улану ауруларының алдын алу бойынша санитарлық ағарту жұмыстары жүргізілуде, дейді сала мамандары.

#Baskazhol бокс клубы ашылды

Среда, 12 Сентябрь 2018 05:00

Шымшаһар воркаутшылары жаңа бокс клубын ашты. #Baskazhol спорт клубының салтанатты рәсімі танымал спортшылардың қатысуымен өтті.

46

Қаламызға белгілі жас, спорт шебері Александр Водолацкийдің бастамасымен #Baskazhol воркаутшылар қозғалысының екінші клубы өз жұмысын бастады. Кәсіби боксшылар даярлайтын орында шымкенттіктер муай-тай, фитнес боксын меңгеріп, жаттықтырушылармен бірге кәсіби түрде воркаут, кроссфит спортымен шұғылданады.
Бұл күні белгілі спортшылар Арман Оспанов, Біржан Жақыповтар жаңа клубтың ашылуымен құттықтаса, Шымкент қаласы бойынша отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Қалтаев жас өрендерге сәттілік тіледі.
-Елбасының бұқаралық спортқа көңіл бөлінсін деген тапсырмасын өз қаражатымен жүзеге асырып жүрген жас спортшыларға алғыс айтамыз. Жігіттер жаңадан клуб ашып қана қоймай, бұрынынан осы салаға еңбегі сіңіп жүрген, біраз жастардың баптаушысы болған жаттықтырушы Серік Ақашев, кейінгі толқыннан белгілі спортшылардан Арман Оспанов, Біржан Жақыповтарды жиынға шақырып отыр. Яғни, осындай өнегелі ісінен-ақ жаңа орында жаттығатын шәкірттер ағалар жолын қуып, чемпион атанар деген ойдамыз. Ал басқарма тарапынан алдағы уақытта аз қамтылған отбасылар, жетім тұл жетімдерге осындай клубтарға тегін жолдама беріп, әлеуметтік жобалар құрмақпыз. Жастар тек жаттығумен шектелмейді, жолдастық кездесулер мен тәжірибе бөлісуге арналған жиындар да ұйымдастыруға әзірміз, – деді Жандос Төлембекұлы.
Салтанатты жиын барысында шәкірттер белгілі спорт шеберлерінің алдында өнер көрсетсе, қонақ спортшылар шеберлік сағатын өткізді.

Жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік мекемелермен етене жұмыс жасамақ. Осы мақсатта Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарамасының қызметкерлері шаһарда белсенділік танытып, жастарға қолдау білдіріп жүрген бірлестіктердің жетекшілерімен бейресми кездесу ұйымдастырды.

41

Галстуксіз жиын жастарға жанашырлық танытып келе жатқан 20-ға жуық қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен өтті. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер, әйелдермен жұмыс жасайтын қауымдастықтың төрағалары және жаңадан қоғамдық бірлестік құруға ниетті бастамашыл топтар, белсенді азаматтар болды. Кездесуді жаңадан құрылған Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Қалтаев жүргізіп отырды.
– Басқарма енді құрылып жатыр. Мамандар саны басшымен қосқанда 11 адам. Әкімшілік, отбасы және жастар бағытындағы, жастармен жұмыс жасау бөлімдері бар. Осы жиында көптеген ұсыныстар айтылды. Олар бір жүйеге келгенде нақты қай мәселелердің шешімін табатынын хабарлаймыз. Қоғамдық бірлестіктер бос ғимараттар мен қаржылай қолдау көрсетуімізді сұранып отыр. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған басқосуда алдымен аталған ұйым белсенділермен танысып алуды жөн көрдік. Осындай жанашыр жандардың болғаны бізді қуантады. Біз осы азаматтарды бірлесе жұмыс жасауға шақырып отырмыз, – дейді Жандос Төлембекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жастардың ата-аналарын жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Шымкентте 14 пен 29 жас аралығындағы 240 мыңға жуық жас тұрғын болса, оның тең жартысы студенттерді құрайды. Қаладағы 10 жоғары, 38 арнаулы оқу орыны мен 2 балалар үйі, жастар оңалту және жастар ресурстық орталықтары Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарамасына қарасты. Жандос Төлембекұлы алдағы уақытта шаһар жастарын өміршең бастамалармен жұмыс жасауға шақырды. Сондай-ақ, ол қаланың кез-келген жас тұрғының мәселесін тыңдауға әзір екенін айтты.
– Шырайлы шаһар жастарының әлеуеті өте зор. Олардың бәрі де айтары бар азаматтар. Қолдарынан көп іс келетін еңбекқор жандар. Біз осындай замандастарымызбен қаланың мегаполис екенін шын мәнінде дәлелдей аламыз. Қала халқының дамуына бағытталған жобаларымыз тікелей жастардың қатысуымен жүзеге асады. Ал, бұл іске жаңадан құрылған бақарма қызметкерлерімен қатар бүгінгі жиынға қатысып отырған қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бір кісідей кірісіп отыр, – деді Жандос Қалтаев.

Үшінші дербес шаһарда жұмыссыздық мәселесі оң шешілуде. Осы орайда, қалада «Жылжымалы бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мен қаладағы аудан әкімдіктерінің мамандары бірге ұйымдастырған шараға 500-ге жуық шымкенттік қатысты. Оның ішінде 300 тұрғын тұрақты бос жұмыс орнына жолдама алды.

IMG 2592

Ал 76 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға өтініш білдірсе, 33-і шағын несие алуға ниет білдірді. Шара барысында тұрғындар жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алуға, және Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті екендерін жеткізді. Олардың қатары 100-ге жуық.
Жұмыс берушілерді қолдау секторының бөлім басшысы Бағдат Арқабаевтың айтуынша, екі қолға бір күрек іздегендердің санын төмендету мақсатында алғаш болып іске кіріскен Абай ауданы әкімі аппараты. Осыған орай, сала мамандары бастаған топ Жаңаталап тұрғын алабы мен Қатын көпір шағын ауданында болып, «Жылжымалы бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Кейін шара қаладағы басқа да аудан халқын қамтыған. Осылайша екі аптаға жалғасқан жәрмеңкеде сала мамандары тұрғындарға тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындары, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, қысқа мерзімді кәсіби оқыту, жастар практикасы жайында ақпарат беріп, кеңестер жүргізді. Жергілікті халықтың көкейтесті сауалдары да жауапсыз қалмады.
Айта кетейік, жәрмеңкенің мақсаты – қала аумағына жақында қосылған елді мекендердегі жұмыссыздар санын төмендету. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы халықты жұмыспен қамту орталығы жайында ақпараттандыру.

Интернет желісі адамдарды өзіне баурап алғалы көптеген салаларда өзгерістер орын алуда. Елдің игілігіне жұмыс істеуді көздеген кәсіп иелері ендігі сұранысқа сай цифрлы дәуірге көшті. Бұл орайда маркетингте де айтарлықтай жаңашылдық байқалады. Биылғы маркетингтегі трендтер қандай?

Fotolia 43919286 banner

– Соңғы жылдары жарнама беруші кәсіпкерлердің қызығушылығы интернетке ауа бастады, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының маркетолог-маманы Асхат Шотаев. – Кәсіпкерлер қаржыны аз жұмсап, тұтынушыларды көптеп тартуды көздейді. Осы тұста интернеттегі маркетинг жүргізудің оңтайлы жолын таңдап жатады. Бұл – олар үшін тиімді құрал. Бүгінгі таңда еңбектеген баладан, егде жастағы қарияларға дейін смартфон қолданушылары екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Бұл адамдар қажетті ақпараттарды смартфондардан оқиды. Міне, интернет маркетингтің кәсіпкерлерге берер мүмкіндігі осыдан арта бастады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының маманы жарнаманың екі жолын бүгінде қалай жүзеге асып жатқанын айтып өтті.
– Жалпы жарнаманың екі жолы бар. Олар – онлайн және оффлайн жарнамалар. Алдымен, онлайннан бастасақ. Биылдан бастап ірі компаниялар жасанды интеллектерді қолға алуда. Intercom және Drift секілді бағдарламалар арқылы маркетологтар тұтынушыларымен онлайн-чат құралдарымен жасанды интеллект бойынша сөйлесіп, сайт арқылы сапалы қызмет көрсетуге тырысуда. Сонымен қатар, жаңадан шығатын көліктерде де жарнамалық тақтайшалар орналастыруды құп көруде. Дыбыстық жарнамаларда жыл санап сұранысқа еніп келеді. Былтырғы онлайн сауданың 20 пайызын дауыстық іздеулер құрағанын білесіз бе? 2020 жылдары бұл нарықта 50 пайызға көтеріледі деген болжам бар.

4

Аудиториясы көп әлеуметтік желілердегі жарнама да кәсіпкерлер үшін ыңғайлы бола түсуде. Компаниялардың іс-шаралар ұйымдастыру арқылы да жарнама жасауын ұтымды шешім деп қабылдауға болады. Кәсіпкерлерге арналған LinkedIn B2B сайты да жанданып келеді. Міне, бұл онлайн сауда жасау немесе кәсіпкерлікті интернет желісі арқылы жүргізудегі биылғы трендтер. Онлайн дүкен ашуда өңір кәсіпкерлерінің белсенділігі байқалмайды. Дегенмен олар компания сайтын немесе мобильді қосымшасын іске қосуда. Тек жеткізу қызметтерін ұсынатын онлайн сайттар оң жолға қойылып келеді – дейді Асхат Шотаев.
Маркетолог маманың айтуынша, оффлайн жарнамаларға БАҚ және сыртқы жарнамалар жатады. Осы тұста, кейінгі кезде кеңінен нарыққа еніп кеткен мекемелер мен компанияларда қолданылып жатқан әлеуметтің медиа маркентингі жайында да айтып өтті. Асхат Шотаев жалпы елімізде SMM мамандары контентті орыс тілінде жүргізіп жүргенін де тілге тиек етті.
– Біздің өңірде контент қазақша жүргізіледі. Яғни, мемлекеттік тілде сапалы ақпарат беріп жүрген ірі ұйымдар көбейіп келеді. Бірақ кері байланыс кезінде мекемелер тарапынан уақытылы жауап қайтару керек екенін ұмыт қалдырып кететіндей. Әлеуметтің медиа маркентингінде кері байланысқа ең ұзағы 30 минут беру керек деген ұстанымда жүрміз. Бұл әлі нақты жолға қойылмағандықтан белгілі компания немесе кәсіпорынның талабына сай жүргізіліп келеді. Бірақ интернетте үнемі өзгерістер орын алып жататынын ескерген жөн. Сондай-ақ, браузерлер мен әлеуметтік желілерде жаңаша функциялар ойлап табудан бәсекелестіктің бар екенін де назарда ұстау қажет. Визуалды ақпарат та нарық сұранысын өтеп жүр, – деп түйіндеді өңір маркетологы.
Ал алматылық маркетолог Мақсат Серәлі қазіргі таңда елімізде халық онлайн-саудамен айналысатын 75 мың сайттың қызметіне жүгінетінін айтуда. – Ғаламтор арқылы жасалған сауда көлемі биыл 1,8 пайызға артқан. Бірақ онлайн саудамен айналысатын сайтты таңдаған кезде сатылатын тауардың сапасы, сайт жайлы ел-жұрттың пікірін қаперге алу керек. Содан соң тауар ұнамай қалса, 14 күннің ішінде кері қайтаруға болады. Онлайн сауда жасау үшін банк карточкасы керек немесе тауарды жеткізушіге қолма-қол ақша беріледі. Тағы бір ескеретін жайт, сайт арқылы киім-кешек сатып алу кезінде тапсырыс беру уақыты ескерілуі. Өйткені тапсырыс шетелдік сайтқа берілсе, екі апта күтуге тура келеді, ал егер отандық сайт болса тауарды 2-3 кей кезде 5 күнге күтесің. Жалпы, сауда-саттық жасаудың дәл осы тәсілінің тиімділігі – уақытты үнемдейсің әрі көп шығын шығармайсың. Дей тұрғанмен, тапсырысың келген кезде тауарды бірден жан-жақты тексеріп алған жөн. Сосын сайт арқылы тапсырыс берген адамдармен ақылдасып, сондағы киім-кешек, сайт жұмысына қатысты пікірлерін біліп алып, таңдау керек. Жеткізу үшін ақы сұрамайтын, ақшасын бермес бұрын киіп көруге мүмкіндік беретін, сонымен қатар жеңілдіктер ұсынатын сайтты таңдаған абзал, – дейді маркетолог.
Қазір халықтың 60 пайызы ірі сауда орталықтарындағы дүкендерден киім сатып алатынын ескерсек, оффлайн сауда мен онлайндағы кәсіпкерлікте алға жылжу байқалады. Еліміздегі кәсіпкерлердің сауаттылығы мен бүгінгі маркетингке қатысты мамандар осындай тұжырымдарымен бөлісті. Дегенмен, тұтынушының таңдау еркі бар екенін ұмытпаған жөн. Тіпті, екінші деңгейлі банктер «бөліп төлеу» қызметін тұрмыстық техникаға ғана емес, ірі сауда орындарындағы дүкендерге де енгізіп отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен жергілікті халық үшін тиімділігін көрсетуде.

Шымкентте биылғы жаңа оқу жылында 22 900 бала алғаш рет білім ошағының табалдырығын аттады. Тиісінше мектептер саны да жыл санап өсіп келеді. Білім күнінде шаһарда жаңадан бой көтерген 2 мектеп пен №99,103 білім мекемелерінде қосымша құрылған ғимараттар ел игіліне пайдалануға берілді. Осылайша 133 мектеп білімгерлерге есігін айқара ашты. Алайда олардың жағдайы көңіл көншіте ме? Биылғы оқу жылының ерекшеліктері мен дайындығы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

DSC 2230

133 мектепте сабақ басталды

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов білім күнінде Бозарық шағынауданындағы жаңадан пайдалануға берілген №57 жалпы орта мектептің «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысты. Қала әкімі барша ұстаздар қауымы мен шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуы және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жаңадан бой көтерген нысан заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалған. 900 орындық мектеп 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда оқытатын білім ошағында 40 оқу бөлмесі бар. Бұдан бөлек, жаңа үлгідегі 2 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 4 информатика сыныбы (71 компьютерімен) жұмыс істейді, 2 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ, білім ошағында 2 шеберхана бөлмесі, спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын медпункт қарастырылған. Енді жаңа мектепте 1300 оқушы білім алмақ.

Мектептер жөнделді

DSC 2245

Шымкент қаласының білім басқармасы басшысы А.Абылайханның айтуынша, 2018-2019 оқу жылында мемлекеттік 133 мектеп, 88 балабақша, 8 мектептен тыс мекеме жұмысын бастады. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Биыл 2 жаңа мектеп (Бозарық ш.а., №112 мектеп), 2 қосымша құрылыс (№99,103 мектептерде) пайдалануға беріліп, 2100 орын ашылды. Жоспарға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 8 мектеп (№28,30,43,47,64,65,104 және 116), 2 балабақша (№40,118) және жастардың уақытын тиімді пайдалану орталығының ғимараттарында жүргізілуде. Келісім-шартқа сәйкес 9 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Дегенмен, балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында №30 мектептің ғимаратына сейсмикалық нығайту жұмыстары қаралып, қосымша мерзімді талап етуде. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуы үшін қосымша мерзім беріліп, оқушылар іргелес орналасқан №2,12 және 44 мектептерге уақытша орналастырылып отыр.
– Ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 265 203,0 мың теңге қаралып, жоспарға сәйкес басқармаға қарасты 118 мектепте жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Ал жылу жүйелерін сығымдау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 66 046,0 мың теңге бөлінді. 131 мектеп, 88 балабақша және 8 мектептен тыс мекемелерге сығымдау жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалды. Жылу маусымына нақты дайындалған бюджеттік мекемелердің дайындық төлқұжаты мен қысымдау актісі қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырылды, - дейді білім басқармасының басшысы.

Қыстық отын әзірленуде

Ақерке Абылайханқызы білім мекемелерінің жылу маусымына дайындығы мен материалдық-техникалық базаны жаңарту, оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері жоспарға сәйкес орындалып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын қосты.
2018-2019 оқу жылында 229 мекеме қатты және сұйық отынмен қамтылып отыр. Жылыту жүйесі қатты отынмен жұмыс істейтін 17 мекемеге 5 188 тонна көмірге тапсырыс берілген. 228 тонна сұйық отын мекемелерге қажеттілігіне қарай жеткізілуде. Көмірді «KazTransSpecStroy» ЖШС тасыды, ал сұйық отынды тасымалдаушы -«Бибо & Company» ЖШС.
Білім мекмелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін жергілікті бюджеттен 85 мектепке – 2 183 парта, 123 мектепке – 615 мультимедиялық құрылғы мен жабдықтар сатып алынып, білім ошақтарына бөлініп берілуде. Биылғы жоспар бойынша 15 мектепте спорт алаңшалардың құрылысын салуға 299 770,0 мың теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 10 мектептің спорт алаңшалары пайдалануға берілген.
– Қалған 5 мектептің (№12, 15, 37, 53, 94) спорт алаңшаларын салатын «Mega Most Kz» ЖШС қаржысының болмауына байланысты жұмысты мерзімінде аяқтай алмағандықтан, білім басқармасы компанияның үстінен сотқа шағымданды. Алдағы уақытта аталған олқылықтың орнын толтырып, тиісті жұмыстарды ретке келтірмекпіз, - деді Шымкенттің бас ұстазы. – Оқулықтармен қамтылу мәселесіне тоқталсақ, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 2018 жылы 3, 6 және 8 сыныптардың оқушылары оқулықтармен қамтылса, 1, 2 сыныптар үшін қосымша дәптер үлестірлетін болады. Ол үшін 2 016 348,0 мың теңге қаржы қаралып, бүгінгі күні алынатын кітаптардың 97,7%-ы қоймаға жеткізіліп, мектептерге таратылды. Тасымалдаушы мекеме – «Береке Мол ЛТД» ЖШС. Айта кетерлігі, «Бөбек» баспасынан 28 мың дана кітап кешіктірілуде. Жеткізілген бойда мектептерге таратылатын болады.

DSC 6090

Ақерке Абылайханқызының айтуынша, мектептердегі бала саны ескеріліп, оқулық артылып қалған жағдайда басқа мектептерге жеткізелді. Осылайша шымкенттік оқушылардың толық оқулықтармен қамтамасыз етуді қаланың бас ұстазының бақылауында ұстамақ.

Оқу жылындағы демалыс күндері

– ҚР білім және ғылым министрлігінің 5 шілде 2018 жылғы №322 бұйрығына және Шымкент қаласының білім басқармасының 2018 жылғы 22 тамыздағы №579 бұйрығына сәйкес 2018-2019 оқу жылының басталуы 2018 жылғы 1 қыркүйек болып бекітілді, – дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Текебаева.– Оқу жылының ұзақтығы мектеп алдындағы дайындық сыныптарында 32 оқу аптасы болса, 1 сыныптарда 33 оқу аптасын құрайды, ал 2-11 (12) сыныптар 34 апта оқиды. Мейрам күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күніне ауыстырылады.

Биыл оқушылар күзгі демалыста 29 қазан мен 4 қарашаны қоса алғанда 7 күн тынығады. 31 желтоқсан мен келер жылдың 9 қаңтары аралығында 1-11 сыныптар қысқы демалыста болады. Көктемгі демалысқа 13 күн беріліп отыр. Ол 21 наурыз – 2 сәуір аралығында болмақ. Ал мектепке дайындық сыныптарына 4-10 ақпан аралығында қосымша каникул беріледі, - дейді Айгүл Қалыбайқызы.

Кино – өнер һәм идеологиялық қару

Пятница, 24 Август 2018 04:57

Жиырмаға жуық қысқаметражды фильм түсіріп, сол кинотуындалары арқылы әлеуметке ой салып жүрген Серік Таласов кино режиссері ретінде танылып үлгерген. Отан мен отбасыны құрметтеуге шақырып, имандылық пен парасаттылыққа жетелейтін дүниелер түсіру – сол кино маманының бүгінгі басты мақсаты. «Барыңды бағала», «Ойлан», «Жанұя», «Майдангер» сынды туындылары әлеуметтік желілерден көпшілікке таныс. Міне, бұл тізім қатары жуырда жаңа толық метражды фильммен жаңармақ.

9

«Кино – өмірімнің бөлшегі»

– Ата-анамның берген тәрбиесінен бе, мені бүгінгі қоғамдағы отбасы мәселесі мен бала тәрбиесі жиі алаңдатады, - дейді Серік Таласов. – Ауылда туып, еңбекке епті болып өстік. Басқа салада өзімнің қабілетімді байқап көрдім. Әркім қоғамды өзгерткісі келетіні сөзсіз. Мен де өзімнің қолымнан келгенше кино арқылы бүгінгі әлеуметтің кемшін тұстары мен өзекті мәселелерді жеткізгім келді. Осындай мақсатпен бес жыл бұрын алғашқы «Жаңғырық» толық метражды фильмімді түсірген болатынмын. Көрермен жылы қабылдады. Соңынан жалғастырып, қысқа метражды фильмдер мен әлеуметтік роликтерді көрермен назарына ұсынып келеміз. Біраз фестивальдерге қатысып, еңбегіміз де бағаланып жатты. Кейде кәсіби маман ретінде қарап, байқаулардан алып тастады. Бірақ бұл менің шығармашылығыма айтарлықтай нұқсан тигізбеді. Қайта өзімді қамшылап, сапалы да салиқалы дүниелерді жасауды тоқтатпадым.
Бүгінгі талғам басқа. Әлеуметтік желілерде көрермен тарапынан хаттар келеді. Бірі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кейіпкерлер жайында фильм түсіруімді сұрайды. Енді бірі тастанды балалар мен ажырасудың салдарын кино арқылы көрсетуімді өтінеді. Әрине, көрермен талап-тілегі де ескерілуі керек. Айта кетерлігі, толық метражды фильмге қарағанда кино сүйер қауым үшін қысқа метражды фильмдердің қаралымы артып, тез таралады. Бір оқиға көрерменге жетіп, содан біреу сабақ алып жатса – режиссердің еңбегінің бағаланғаны. Үміттің ақталғаны. Еңбектің жанғаны деп білемін. Біздей шығармашыл адамдарға одан асқан бақыт жоқ. Кино – өмірімнің бөлшегі.

«Көгілдір экран – тәрбие құралы»

– Бала кезімізден шығыс актерлерінің ерлігіне тәнті болып өстік қой. Ол кейіпкерлер салауатты өмір салтын ұстануға, адамдарды мейірімділікке шақыратын. Шабыттандыратын. Соңғы кездері, өкінішке қарай, телеарналарымызда жасанды қимылдары мен жаттанды мәтіндер оқылған, айтар ойы жоқ, мән-мағынасыз түсірілген дүниелер қаптап барады. Оның қатарында түрік пен кәрістің сериалдары бар. Осы арқылы жастарымыздың санасын жаулап, рухани әлсіретіп жатқанын көпшілік әлі түсіне қоймаған сыңайлы. Бір оқиғаны келтірейін, жақында ұлым тырнағын өсіріп алғанын байқап қалдым. Ақырын неге олай істегенін, қайдан көргенін сұрап білдім. Дегенмен іштей сездім. «Көпшілікті шулатқан топтың» артынан ілесіп кетпей тұрғанда сақтанайын деген мақсатпен музыкалық арналарды көруіне тыйым салдым. Міне, біз қарапайым бейнебаян деп, жеңіл-желпі қарағанымыздан, балаларымыз басқа бағытта кетіп, соңы адасушылыққа апармасын деп, баса мән бере бастадым. Бұл мәселеде ел ағаларына да үміт артамын. Оның алдын алу үшін министрлік телеарналарға мұқият қарап, бақылауына алғаны дұрыс шығар. Тәнін жалаңаштап, ерсі киінгендері былай тұрғанда, ерлеріміздің боянып-сыланғаны өзекті өртейді. Намысқа тиеді. Олардан елдің батырлары шығар дейсіз бе?!
Тағы айта кетерлігі, біздің төл туындыларымыздың барлығы қыр-адыр мен ой-салада түсіріліп жүр. Батырларды ұмытпауымыз да, ұлықтауымыз да керек. Бірақ көретін фильмдеріміз тек дала өмірі болуы тиіс емес қой. Сіз бен біз сәулеті келіскен ғимаратта отырмыз. Шаһарымыз дамып, халық саны миллионнан асып, мегаполис дәрежесін алып жатырмыз. Міне, осындай еліміздің өркендеуін де кейде киноларда көрсетуді ұмыт қалдырдық. Досым жақында Мәскеуге барып келді. Сонда ол жақтағы әріптестеріміз сендерде камера бар ма өзі деп тиіскен екен. Шынында, біраз фильмдерімізде тек ауыл көрінісі бейнеленеді. Өркениетті елдерге қарап, экономикамыз бен еліміздің әл-ауқаты нығайып келеді. Осындай жақсы жақтарымызды, заманауи кейіпте жеткізуге көшуіміз керек пе деп кейде ойға ерік беремін. Көпшілік айтуы мүмкін. Неге мықты болса, Серік өзі сондай дүниелерді түсірмейді деп. Қолдан келгенше өз бағытымнан жаңылмай, мақсаттарым орындалып келеді. Бұл пікірімді бір қазақтың жан-айқайы деп емес, кино өнерімізді бірге өсірейік деген ұсыныс ретінде қабыл алғаны дұрыс шығар. Әрқайсымыз пікірімізді айтуға құқылымыз.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, ондай керағар дүниелер кино өнерінде де кездеседі. Бірақ бұл біздің өшкеніміз емес. Шүкір біз өсіп келеміз. Сапалы фильмдер көптеп түсірілуде. Біздің туындылар мен өнерпаздарымыз әлемді мойындатып жатыр. Әсіресе, жастардың кино саласына қызығушылығы жоғары. Алматы қаласы – отандық кино индустрияда алғашқы орында. Онда сапалы туындылар жасайтын мамандар да, мүмкіндік те мол. Біздің шырайлы шаһарға да Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы сынды кино мамандарын даярлайтын өнер ордасы керек. Біздегі жоғары оқу орындарда театр актерін оқытады. Бірақ театр мен кино бөлек емес пе?! Осы мәселені қолға алса, біздің қазіргі жастарымыздың арасынан дарынды актерлер мен атақты режиссерлер шығар еді, - деген тілегін жеткізді Серік Таласов.

Мақсат – 7 фильм

Әңгіме ауаны біз күткен жаңа фильмге жақындады. Кастингтің қай деңгейде өткенін, түсірер фильмнің мазмұны қандай болатынын кино маманы шет жағасынан қайырды. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, сүйіншілер жаңалықтарының көп болатынын айтты.
– Бұл туынды «Гарантия» деп аталады. Фильмді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебековтің бастамасымен түсіргелі жатырмыз. Фильм желісі келін мен ене арасындағы оқиғаға негізделеді. Оны көрсеңіз, қорқып та, күліп те, жылап та алатын боласыз. Сценарий керемет жазылған. Барлық жанрды қамтиды. Барлық адамның бір күнгі жұмысы үйден шыққандағы көңіл-күйге байланысты. Міне, бұл туындыда осы жағдайды баяндаймыз. Жарыққа шыққан кезде көптің көңілінен орын алып, халық бағасын бере жатар. Біз іске кірісіп те кеттік. Қазір түсірілім орындары мен іріктелініп алынған 50-ден аса өнерпазға рөл бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптада фильм түсірілімі басталады деп жоспарлап отырмыз.
Ал, шығармашылық жалпы жоспарларыма тоқталсақ, бірінші қаражатқа келіп тіреледі. Бұл фильмнен басқа 6 қысқа метражды туындыны түсіруге бел байлағанбыз. Сол фильмдерге де нүктесін қойып, көрерменге ұсыну - биылғы алға қойған мақсаттарымның бірі. Сонымен қатар, Алматыда үлкен кинофестиваль өткелі жатыр. Қазір керекті құжаттарды жолдап жатырмын. Оны да уақыт көрсетеді. Бағымыз жанса, жүлделі болармыз. Өнер адамы болған соң, біздің жұмыс көбірек еңбек етіп тер төгуді талап етеді. Бастысы деніміз сау, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Басқасын бейнетке қарай зейнетін көреміз.

Страница 45 из 51