— Бүгінгі іс-шараның мақсаты — білім қызметкерлерінің спортқа деген бейімін шыңдап, өзара тәжірибе алмасып, футболды дамыту. Ойыншылар тамаша атмосферада ойын көрсететін болады. Кіші футбол ережесіне сәйкес турнирге он алты команда қызу дайындықпен келіп отыр. Олар екі кіші топқа бөлініп, регламентке сәйкес дөңгелек жүйе бойынша шағын ойын көрсетеді. Жеңген команда жартылай финалға шығады - деді Ердос Төребайұлы.
«Мен өз елімнің азаматымын» атты кіші футбол ойыны салтанатты түрде ашылып, Әнұранмен басталды. Мың бұралған бишілер мен әншілер де өнер көрсетті.
Еңбекші ауданы әкімшілігінің қолдауымен өткен жарыста Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Мұғалімдер білім берумен қатар, спортпен айналысқанын құптаймын. Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын боламыз, - деді Досалы Жайлауұлы.
Салауатты өмір салтын ұстанған мұғалімдер жастар үшін үлгі. Жеңіске жеткен командалар спорттық кубок және алғыс хатпен марапатталды.
А.МҰХТАРОВА