ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ЖАЛҒАСУДА Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1044 раз

Әл-Фарабиде газдандыру мәселесі толық шешіледі

Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.

296

 

Шаһар басшысының халықпен кездесуіне барлық салалық басқармалардың және құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті қоғамдық кеңестердің белсенділері мен көпқабатты үйлердің төрағалары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін, барлық мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілетінін мәлімдеді.
Кездесуде Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
–Әл-Фараби ауданында 235 мыңға жуық тұрғыны бар. Бүгінде ауыз су және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Ал табиғи газбен қамту мәселесі биыл толық шешілетін болады. Қазіргі таңда Сәуле шағын ауданы 276-орамда табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылға қарай толық шешімін табуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, биыл барлығы 28 көшеге асфальт және 12 көшеге шағал тас төсеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 14 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр екен.
Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында биыл 39 ауланы абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған болса, бүгінде 24 ауладағы жұмыс толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріліпті. Қалған 15 аулада жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
Қала әкімі аудан және тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.

Халықтың ұсынысымен 25 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылды

Қала әкімінің халықпен кезекті кездесуі Еңбекші ауданындағы Қаратөбе тұрғын алабында өтті. Қала әкімі азаматтардың мәселелерін тыңдап, тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық даму, инженерлік-инфрақұрылым және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Алдымен аудан әкімі Досбол Есілбек барлық салада жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жоспарланған 35 көпқабатты үй аулаларының 25-інде абаттандыру жұмыстары аяқталды. Биыл 7 спорт алаңшасы орнатылуда. Халықтың негізгі шоғырланған аумақтары инфрақұрылыммен қамтылған.
2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамту 97 пайызға жетпек. Қарабастау, Қаратөбе, Тоғыс, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарының жаңақұрылыс аумақтарында, жалпы 6 нысан құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,7 пайызды құрамақ. Және ауданда 73 көше (45,5 шақырым) жөнделеді.
– Қалада тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыс та бар, кемшіліктер де аз емес. Жаңадан қосылған шалғай елдімекендерде әлі де мәселе көп. Барлық мәселелер басымдығына қарай, уақытпен, кезең-кезеңімен шешіледі. Атқарылатын жұмыстардың басталуы және аяқталу мерзімін нақты айтып, тұрғындарды үнемі ақпараттандырып отыру керек. Бүгін айтылған мәселелерді жүйелеп, зерделеп, тиісті шешімдерді тұрғындарға жеткізіп отырамыз. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, аудан тұрғындары кездесуде инфрақұрылыммен қамту, жол белгілерін орнату, балалар ойын алаңшасы, мобильді байланыс, қоғамдық көлік мәселелері бойынша сауалдарын қойды. Атап айтқанда, Қарабастау тұрғындары су, газбен қамту, мобильді интернет сапасын жақсарту мәселесін көтерсе, Жастар көшесі тұрғындары мектепке баратын аяқжол, кәріз жүйесі және балалар ойын алаңшасын орнатып беруді сұрады.

А.ҚҰЛЖАНОВ
Т.ҚАСЫМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.