«СЕРПІН» – ЖАСТАРҒА ЗОР МҮМКІНДІК СЫЙЛАҒАН ЖОБА Избранное

Среда, 17 Июль 2024 06:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 803 раз

Еліміздің жоғары оқу орындарында 13 шілдеден бері мемлекеттік білім беру гранттарының конкурсына қатысуға өтініштер қабылданып жатыр. Ол 24 шілдеге дейін жалғасады. Биыл құжат тапсыру eGov порталы арқылы онлайн және қабылдау комиссиясы арқылы офлайн форматта жүргізіліп жатыр.

SerPIN

 

2014 жылдан бері жүзеге асырыла бастаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, осы жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі.
«Серпінге» бес облыс – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы мен Жетісу облыстарындағы ауыл мектептерінің түлектері қатыса алады.
«Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Оқу бітірген соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа кеңейтілген.
«Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсушілерге биыл 3 903 грант бөлінген, оның ішінде, 2024 жылы алғаш рет колледж түлектері үшін 400-ден астам грант қарастырылған. Оның ішінде педагогика бағытына – 2500-ден астам, инженерия, өңдеу және құрылыс саласына – 700-ге жуық, IT бағытына - 300-ге жуық, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына – 70-ке жуық грант бөлінген.
Біздің өңір бойынша қаламыздағы М.Әуезов атындағы ОҚУ базасында «Серпін» бағдарламасына қатысатын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясының да жұмысы басталып кетті. Еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінен келген 15-тен астам ЖОО өкілдері талапкерлерге білім бағдарламасы және оқу орындарының мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беруде.
Олардың қатарында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық унверситеті, Рудный индустриялық универсиеті, Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Шәкәрім университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бар.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.