Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының өткен 9 айдағы орындалу көрсеткішінде айтарлықтай өсім байқалады. Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіне сәйкес, қаланың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының және қала бюджетінің өткен 9 айдағы қорытындысы бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосынов баяндама жасады.
Баяндамашы келтірген мәлімет бойынша, қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 239,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,5 пайызға жоғарылаған.
– Жекелей алғанда, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнім көлемі 17,5 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім байқалады. Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өнім көлемі 55,4 млрд теңгені құрап, 8 пайызға артқан. Тұрғын үй көлемі 15,6 пайыз, автомобиль көлігімен тасылған жүк көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға ұлғайды. Жылдық жоспары орындалған 17 индикатордың 6-уы өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында, 3-уі білім, өзгесі халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту саласында, мәдениет, құрылыс, демография, ішкі саясат, қоршаған ортаны қорғау салаларында уақытылы орындалған, – деді Кенжебек Керімбекұлы.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселенің маңызы жоғары екенін айта келе, алдағы уақытта тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеп, орындалу барысын өз қадағалауына алатынын айтты.