Мегаполисте МІН БОЛМАУЫ КЕРЕК Избранное

Среда, 24 Июнь 2020 05:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 366 раз

63

Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, 41 елдімекен қосылғалы бері алып қаланың инфрақұрылымын дамытуға жіті көңіл бөлініп келеді.

Қазіргі таңда Шымкентте 53 шағынаудан шалғайда орналасқан. Бүгінде бұл аймақтарда инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағынаудандарын сапалы ауызсумен қамту бойынша бюджеттен 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, тиісті жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке-20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс, Базарқақпа шағынаудандарында құрылыс аяқталып, тұрғындар ауыз суға қол жеткізеді.
Бұған қоса сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспей тұр. Қазіргі таңда бұл саладағы ең ірі жоба – қуаты 220 кВ Бозарық подстанциясы. Жыл соңында пайдалануға берілетін ірі подстанция іске қосылып, қаланың солтүстік бөлігі сапалы электр энергиясымен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар, екі подстанцияның құрылысы қатар жүргізілуде. Нәтижесінде қуаты 110 кВ құрайтын төрт подстанция 90 мың халқы бар 30 елдімекеннің жарық мәселесінің шешілуіне сеп болмақ.
– Жалпы, соңғы 3 жылдың ішінде Шымкентте 9,7 млрд теңгеге 10 елдімекенге электр желісі тартылды және 2 подстанция салынды. Биыл 12 нысанға қаржы бөлініп, құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 7 нысанда жұмыс аяқталып, 14 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады, – дейді Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөз.
Мұнымен қоса қала тұрғындарын ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда ауыз су бойынша 27 нысан, оның ішінде 3 ірі жоба жүзеге асырылуда. Тұран, Шымкент-Сити шағынаудандарын ауызсумен қамту үшін Көмешбұлақ су ғимаратынан магистралды су құбырлары тартылуда. Жыл қорытындысы бойынша 18 нысанның құрылысы аяқталып 34 мыңға жуық адам сапалы ауыз су тұтынатын болады. Нәтижесінде Шымкент тұрғындарын сумен қамту көрсеткіші 94,7%-дан, 95,3%-ға дейін жоғарылайды.
Қаланы абаттандыру жұмыстары да биыл ерекше қарқын алған. Бүгінде
Қонаев даңғылының Іляев және Түркістан көшелерімен қиылысындағы гүлзарларда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. «Шәмші әлемі» гүлзары мен Чернобыль апатынан қаза болғандарға арналған аллея көркейтіліп, Әл-Фараби алаңы қайта жаңартылмақ. Бұдан бөлек, Орталық стадион аумағындағы «Тұлпар станциясының» алаңы көріктендірілуде.
Айта кетейік, қаланы абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 933 млн теңге бөлініп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 100-ден астам азамат жұмыспен қамтылған.
Мегаполис атына сай инфрақұрылымы да мінсіз қала болуы керек.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.