КОРОНАДАҒДАРЫС ШЫМКЕНТКЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ? Избранное

Среда, 16 Сентябрь 2020 06:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 297 раз

ebf139a7-7ef0-4446-805d-2fd27fa0e267

Коронавирус пандемиясы кімге оңай тиді дейсіз?! Қазақстандағы кәсіпкерлерге де салқынын сездірген індеттің соңы коронадағдарысқа әкеп соқтырды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына ашылады деп жоспарланған кәсіпорындардың құрылысы кілт тоқтап қалды. Республика бойынша жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған еді.

Тіпті, жұмыс істеп тұрған ірі, орта және шағын бизнес компаниялары да тұтынушыларының азаюы, қызметкерлерінің ауыруы және карантиндік шектеулерге орай жұмыс орнына жете алмауынан, шикізат пен импорттық құрылғы алып өтетін шекараның жабық болуы себепті тығырыққа тірелді. Осылайша кәсіпкерлік саласы локдаунға түсті. Бірақ, қараңғы түннің артынан жарқырап күннің шығатынындай, бизнес саласына да жақсы күндер туатын уақыт алыс емес.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезінуі керектігін айтты. Кәсіпкерлерді қолдауға қатысты бірқатар шаралар да қабылданды. Ал Қазақстан халқына жасаған Жолдауында бұл саланы қолдауға қатысты кеңінен тоқталды. «Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс», - деді Президент.
Осы орайда еліміздің үшінші мегаполисі Шымкенттің жағдайының өзге өңірлерге қарағанда едәуір ілгері екенін дәлелдермен айтсақ. Осындайда жазушы Әбіш Кекілбаев «Оңтүстік аман болсын! Бәріміз жабылып Шымкенттің етегінен ұстайық, жағаға өзі алып шығады» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
ҚР Индустриалды-инновациялық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2020 жылы жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалардың барлығы да индустриаландыру немесе кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Болжам бойынша республика көлемінде 17 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Сол 160 жобаның 30-ы осы жылдың бірінші жартыжылдығында жұмысын бастап кетуі керек еді.
«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 23,7 млрд теңгеге 900 жұмыс орны бар төрт жоба ғана іске қосылды. Елдегі карантиндік шаралар оларды дер кезінде іске асыру мен өңдеуші саланың инвестициясын игеруге әсер еткені сөзсіз. Бұл бірінші жартыжылдықта 26 жобаның іске асу мерзімінің кешеуілдеуіне алып келді.
Әрбір жобаға сараптама жасалынғанда инвестициялардың 85%-ы – бір ірі өнеркәсіпке салынған салым екені белгілі болды. Жеңіл автокөлік шығарып, 700 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС ашылуына 20,3 млрд теңге жұмсалыпты.
Басқа үш жаңа компанияны жұмыс орнының санына (30-дан 120-ға дейін) және инвестиция көлеміне (800 млн-нан 1,5 млрд-қа дейін) қарап шағын деп қарастыруға болады. Ақтөбе облысында қатты ұнтақталған толтырғыш өндіретін «Alina Holding» ЖШС шеберханасы мен мұздатылған жартылай өнімдер өндіретін «Геба» ЖШС зауыты іске қосылды. Алматы облысында «Жетісу Соя» ЖШС мал жемі мен соя майын өндіріп бастады.
Сонымен қатар коронавирусқа орай Қазақстанда мемлекеттік жоспарда болмаған «жоспардан тыс» төрт компания ашылды. Олар жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Bizon» ЖШС, дезинфекциялық құралдар шығаратын тағы үш өндіріс орны: «Топан», «Неохим» және «Sari Suppliers» ЖШС-лары.
Ал Шымкентте 6 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 125, 6 млрд теңгеге 124 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 69,1 млрд теңгеге 81 жоба іске қосылып, бүгінде 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков Шымшаһар кәсіпкерлеріне қолдау көптеп көрсетіліп жатқанын айтады. «Мәселен, 200 гектар аумақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы табысты жұмыс істеуде. Аймақта 3 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 90,1 млрд теңгеге 42 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 30,8 млрд теңгеге 17 жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды», - дейді басқарма басшысы.
Мысал үшін 6 шілде – Елорда күнінің қарсаңында 9 инвестициялық жоба іске қосылғанын дүйім ел біледі.
Иә, коронадағдарыс пен карантиндік локдауннан көптеген өнеркәсіп ошақтары жұмысын тоқтатты. Карантин кезінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың қуаттылығы 2 есеге дейін қысқарған. Алайда, жалпы есеппен алғанда өндіріс көлемі азаймаған, қайта өсім байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биылғы 1-ші жарты жылдықтағы көрсеткіш 2 пайызға дейін еселенген. Кейбір кәсіпорындардың өндіріс қуаты артып, сұраныстары жоғарылаған.
– Бізде көбіне тұрмысқа қажетті тоқыма және тігін өнеркәсібінің өндірісімен айналысатын кәсіпорындар. Олар өз өнімін өткізетін сауда орындары мен нүктелері жабық болғандықтан, өндірісін уақытша тоқтатуға немесе азайтуға мәжбүр болды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындардың 80 пайызы іске қосылған. Қалған 20 пайызы жақын күндері жұмысын бастайды», - дейді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ басқарушы компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев.
Арнайы экономикалық аймақта орналасқан «AZALA COTTON» ЖШС 2017 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жіп иірумен айналысатын кәсіпорын жылына 5 600 тоннаға дейін өнім шығарып келген. Алайда, бұл көрсеткіш карантин кезінде біршама төмендеген.
– Бізге көбірек ауыр соққаны жұмысшылардың 50-60 пайызы қала тұрғындары емес, ауданнан қатынағандықтан, карантиндік шектеулердің әсерінен олар жұмысқа келе алмады. Сол кедергі жасады. Сонда да елу пайыз қуаттылықпен жұмыс істеуді тоқтатпадық. Қазір жұмысшыларды қайта әкеліп, жұмысты толық құрамда жалғастырып жатырмыз, - дейді зауыт директоры Бекет Тұрсынханов.
Зауыт бірінші кезеңге жоспарлаған жұмыстарды толығымен аяқтаған. Енді екінші кезеңге аяқ басқалы отыр. Бұйыртса, мұнда мақтадан иірілетін жіппен қатар, синтетикалық сұранысқа ие жіптер де иірілмек. Жоба жанданған жағдайда 200 адамды жұмысқа тарту межесі тұр. Бұл мақсатта орта арнаулы мамандар дайындайтын оқу орнымен арнайы келісімшарт та жасап қойыпты.

Ел аумағында төрт жоба іске қосылса, бір ғана Шымкенттің өзінде 9 бірдей инвестициялық жоба жұмысын бастаған. Бұл салыстырмалы түрде өте жоғары көрсеткіш. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында өндірістік әлеуетімізді толық пайдалану, отандық өндірушілерге жергілікті шикізаттың қолжетімді болуы, кәсіпкерлерді ұйымдастырушылық кедергілерден арылту, квазисектордағы мемлекеттік сатып алудың ашықтығы жайлы жақсы айтылды.
«Кәсіпкерлер мықты қорғанысты сезінуі тиіс. Заңды бизнеске кедергі жасау аса ауыр мемлекеттік қылмыс болып саналады» деген сөз де Президенттің аузымен айтылған-ды. Үшінші мегаполистегі іске асырылған және қайта қосылған жобаларға қарап, олардың «тірілген» тіршілігін көріп, Шымкент коронадағдарыстан қиналмай шығады деген ой түйдік.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.