«GRAND PARK/ATAMURA» қала экономикасы мен экологиясына қалай әсер етеді? Избранное

Среда, 20 Январь 2021 03:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2109 раз

(немесе ипподром аймағында тұрғын үй алабын салу мәселесі туралы

«Шымкент келбеті» газеті мен Халықаралық Бизнес Университетінің бірлескен зерттеуінің қорытындылары)

 

 

 

Шымкент қаласындағы ипподром аймағында жаңа тұрғын үй алабын салу мәселесі қоғамдық резонанс туғызғаны белгілі. Бір жағынан қоғам белсенділері мен табиғат жанашырлары бұл жобаның қаланың экологиялық жағдайына қалай әсер ететініне алаңдаушылық білдіруде. Екінші жағынан мамандар бұл жобаға құйылатын ірі көлемдегі инвестиция Шымкентті экономикалық дамудың жаңа сатысына көтеретінін айтып отыр.

561

 

Осыған орайХалықаралық Бизнес Университетінің бизнесті талдау орталығы қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тапсырысы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Бүгін сол зерттеудің қортындыларын оқырман назарына ұсынбақпыз.

Газет редакциясы зерттеу орталығына, ең әуелі, жобаға құйылатын 135 миллиард теңге инвестицияның қала экономикасына қаншалықты әсер ететінін, өңірлік ішкі өнім көлемі мен қала бюджетінің кірістері қанша көлемде артуы мүмкін екенін және қанша жұмыс орны құрылатыны жөнінде сұратқан болатын.

Мамандар Шымкентте 2016 жылы 885 799 адам тұрса, 2020 жылдың тамыз айында 1 054 413 адамға дейін жеткенін, яғни халық санының жылдам өсіп жатқанын атап өткен. Осының өзі қаланың өмір сүруге қолайлы екенін әрі тұрғындардың шаһардың болашағына сеніммен қарайтынын көрсетеді. Зерттеушілер халық санының өсімі, тұрғындардың көп шоғырлануы –инвесторлар үшін маңызды фактор екенін айтады. Алайда, қала халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өмір сүру деңгейі мен төлем қабілеті – өз алдына бөлек бір мәселе. Яғни, Шымкенттің экономикасына мол инвестиция тартылып, оның орнықты дамуы үшін аталған көрсеткіштер жоғары болуы тиіс.

Олай болса, қаланың ескі ипподромы және оған іргелес жерде «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешенін салу қаланың экономикалық және әлеуметтік жағдайына, халықтың өмір сүру сапасына, қаланың экологиялық жағдайына қалай әсер етеді?

Біріншіден, Халықаралық Бизнес Университетінің сарапшылары, Шымкент қаласының 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, өңірлік жалпы ішкі өнім көлемі жылына 3 пайызға өсуі көзделген. Алайда, бұл болжам дүниежүзілік пандемия мен оған байланысты енгізілген карантин режимін есепке алмай жасалған болатын. Өз кезегінде карантин өңірлік ішкі өнімнің өсімін тежеп, Шымкентте жұмыссыздықтың көбеюіне ықпал еткені сөзсіз.

Ресми деректер 2020 жылдың 1 қаңтары мен 1 қараша аралығында жалпы тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 9 067-ден 12 117-ге жетіп, жұмыссыздық деңгейі күннен күнге артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда, сарапшылар ресми деректің қаладағы жұмыссыздыққа байланысты шынайы картинаны көрсетпейтінін айтады. Олар қалада еңбекке жарамды 506 мың адам болса, соның 295 мыңы 42 500 мың теңге жәрдемақы алғанын алға тартады. Яғни, Шымкенттегі еңбекке жарамды адамдардың 58 пайызы табысынан уақытша айырылуына байланысты жәрдемақыға мұқтаж болды деген сөз. Зерттеушілер бұл көрсеткіштің 295 мыңнан 12 117-ге қысқарып кеткеніне сенбейді. Мамандар қалада тұрақты жұмысы жоқ 100 мың адам болуы мүмкін деген болжам айтады.

Сарапшылар осы тығырықтан шығу үшін жергілікті әкімдік шұғыл шаралар қабылдауы керек деп есептейді. Әзірге маусымдық жобаларға жұмыссыз азаматтарды тарта тұрса, кейінірек жұмыспен қамтудың кешенді бағдарламаларын әзірлеуі қажет. Демек, «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешенінің жобасы айтарлықтай маңызға ие. Өйткені, 2021– 2026 жылдары құрылыс жұмыстарында 6 мың адам еңбек етеді. Ал 2022 жылдан бастап тұрғын үйлердің алғашқы бөлігі эксплуатацияға берілген соң 2500 тұрақты жұмыс орны ұсынылмақ.

Осыған орай, сарапшылар «бұл жоба Шымкенттегі жұмыссыздықтың азаюына біраз көлемде әсерін тигізеді» деген қортынды жасаған. Жұмыс орындары құрылыс, білім беру, қызмет көрсету және көңіл көтеру салаларын қамтиды.

Екіншіден, Тәуелсіз сарапшылар «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешенінің жобасы Шымкент қаласының өңірлік ішкі өнімінің өсіміне айтарлықтай серпін бередідейді. Бүгінде Шымкенттің өңірлік ішкі өнім көлемі 2 триллион теңгені құрайды. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция 135 миллард теңге десек, оны 2021-2026 жылдарға, яғни 5 жылға бөлгенде орта есеппен жылына 27 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Сарапшылар осыған байланысты «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешенінің жобасы Шымкент қаласындағы өңірлік ішкі өнімнің қосымша 1.35 пайызға өсуін қамтамасыз етеді» деген қортынды жасап отыр. Бір ғана жобаның бүкіл қала экономикасына осылай ықпал етуі — тамаша көрсеткіш.

Сондай-ақ, шартты түрде салықтық түсімдерді 10 пайыз деп алсақ, ол жергілікті бюджетке шамамен 5 жылға 13.5 млрд қосымша кірісті қамтамасыз етуі мүмкін.

Сарапшылар осы инвестицияны қарастырғанда мынадай бір мәселе туындайды: «BI-Group» компаниясы тұрғын үй кешенін салған кезде жабдықтаушы ретінде Шымкент қаласы және оған іргелес аймақтағы құрылыс кәсіпорындарымен қаншалықты бірлесе жұмыс істейді? Бұл өте маңызды сұрақ. Себебі, құрылыс компания жергілікті жабдықтаушылармен бірлесе жұмыс істесе, бұл жоба қаланың экономикасының дамуына септігін тигізеді.

 

557

 

 

Халықаралық Бизнес Университетінің зерттеушілері мынадай да қауіптің бар екенін қаперден шығармауға шақырады: Жоғарыдағы болжамдар толық орындалуы үшін құрылыс жұмыстары кезінде «BI-Group» компаниясы жергілікті өнімді алуы тиіс. Айтулы жобада құрылыстың өзіне 95 млрд. теңге жұмсау көзделуде. Құрылыс материалдарының 70 пайызы жергілікті кәсіпорындардан алынады деген мәлімет бар. Сонда 66,5 млрд теңге жергілікті өндірушілердің тауарын алуға жұмсалады. Ең маңызды мәселе — Шымкенттегі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар осы сұранысты қанағаттандыруға дайын болулары қажет.

Үшіншіден, «бұл инвестиция қала экономикасының дамуына мультипликативті әсер ете ме» деген сауалға Халықаралық Бизнес Университеті бизнесті талдау орталығының сарапшылары «Сөзсіз әсер етеді» деп жауап берді. Мұны келесі көрсеткіштерден байқауға болады:

- 2019 жылы Шымкент қаласына 194,9 млрд теңге инвестиция құйылған. 135 млрд теңге бұл соманың 70 пайызына тең, ол тек қана құрылыс саласына ғана бағытталып отыр.

- 2019 жылы Шымкенттің құрылыс саласына 87,6 млрд теңге инвестиция құйылған. 135 млрд теңге Шымкент қаласының құрылыс саласына салынған 2 жылдық инвестициядан да асып түседі.

Төртіншіден, сарапшылар бұл жоба Шымкент қаласындағы баспанаға деген сұраныстың қанағаттандырылуына ықпал етеді. Нақты айтар болсақ:

- 2019 жылы Шымкент қаласында 280,1 шаршы метр көпқабатты тұрғын үйлер қолдануға берілді. Ал «ВІ Group» салып жатқан комплекстің тұрғын үйлерінің ауданы 403 283 шаршы метр. Ол Шымкент қаласындағы 2019 жылғы берілген көпқабатты үйлердің ауданынан 44 пайызға үлкен.

- 2019 жылы жеке компаниялар 126,2 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үй салды. Ал «ВІ Group» салып жатқан кешен ол көрсеткіштен 3,2 есе көп.

- 2019 жылы Шымкент қаласында 3208 пәтер қолдануға берілді. Оның 2094 пәтерді мемлекет салып берсе, 1114 пәтерді жеке меншік компаниялар салған. Ал «Grand Park/Atamura» кешендерінде жалпы саны 6151 пәтер болады. Ол Шымкент қаласы бойынша 2019 жылы берілген пәтер санынан 92 пайызға көп.

Бесіншіден, мультипликативтік серпінге синергиялық түрде үлес қосатын тағы бір фактор бар, ол – кәсіпкерлік саласына құйылатын инвестиция.

Халықаралық Бизнес Университетінің зерттеушілері, Шымкент қаласының экономикалық белсенді халқының 30 пайызы орта және шағын бизнесте жұмыс істейтінін алға тартады. 2020 жылдың қарашасындағы мәліметке сәйкес, 72 598 кәсіпкерлік субъектісінде 160,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл дегеніміз Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамытып және сол арқылы жұмыссыздықпен күресуге негіз бар.

Әрине, «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша жұмыс жүргізілуде. Алайда, мамандар бұл бағдарламалар халықты толықтай жұмыспен қамту үшін жеткіліксіз деп есептейді.

Сарапшылар осы орайда тұрғын үй кешенінде 430 мың шаршы метр үй-жай берілетініне, соның ішінде 23 302 шаршы метр коммерциялық нысандарға бөлінетініне назар аударып отыр. Бұл Шымкент қаласында жаңа шағын және орта бизнес кәсіпорындарының ашылатынын және сол бизнесте біршама жұмыс орнының пайда болатынын көрсетеді.

Алтыншыдан, кез келген қаланы дамытуда экологиялық қауіпсіздікке мән беру — қазіргі заманның талабы. Қазір ипподром орнында 1,5 гектар аумақта ағаш отырғызылған. Жаңа кешеннің аумағында 20 гектар жасыл желектер отырғызылады деп күтілуде. Осыны ескерген сарапшылар Халықаралық Бизнес Университетінің мамандары «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешенінің жобасы қаланың экологиялық қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейді» деген қортындыға келіп отыр.

Жетіншіден, сарапшылар «BI-Group» компаниясының өз есебінен Шымкент қаласының басқа аймағынан жаңа ипподром салатынына назар аударған. Сонымен қатар аталған компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңа мектеп, емхана мен ортопедиялық ауруларды емдейтін реабилитациялық орталықты да өз қаржысына салмақ. Бұл қала бюджетінің қаражатын үнемдеп, дағдарыстық кезеңде басқа бағыттарға жұмсауға мүмкіндік береді. Сарапшылар осы фактор жобаның тиімділігін арттыра түседі деп есептейді.

Сегізіншіден, Халықаралық Бизнес Университетінің мамандары қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыратын факторлардың қатарында дамыған инрфрақұрылым мен сәулетті, зәулім ғимараттар бар екенін алға тартады. (Мысалы, Сингапур, Дубай... ) Сондықтан, осындай заманауи, көрікті ғимараттар салу арқылы қала экономикасын дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға болады. Зерттеушілер «Мұндай жобалардың көп болғаны қаланың жаңа келбетін қалыптастырып, инвестициялық тартымдылығын арттырып, шаһардың синергиялық түрде дамуына үлкен септігін тигізеді» деп қортынды жасаған.

Тоғызыншыдан, «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешенінің жобасы Шымкентке өзге қалалар мен өңірлерден капитал ағынының келуіне әсер етеді.

Қалай дейсіз бе? Соңғы жылдардағы деректер Шымкентте салынған сапалы тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың 80 пайызы құрылысы аяқталмай жатып сатылып кеткенін көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл заманауи стандарттарға сәйкес салынған нысандарға сұраныс жоғары және халықтың соған сәйкес келетін төлем қабілеті де бар деген сөз. Әрі Шымкенттен салынған осындай нысандарды тек шымкенттіктер ғана сатып алып жатқан жоқ. Алушылардың арасында өзге қалалар мен өңірлердің де ауқатты тұрғындары бар.

Сарапшылар бұған дейін республиканың әртүрлі өңірлеріндегі қалталы азаматтар өз өңірінде жұмыс істеп тапқан қаржысына Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан жылжымайтын мүлік сатып алуға ұмтылса, ендігі жерде сол қатарға Шымкент қаласы да қосылып келеді деп есептейді. Мамандар қала экономикасын одан әрі дамыта түсу үшін осы басымдықты ұтымды пайдаланған жөн деген пікірде. Яғни, өзге өңірлердің тұрғындары Шымкенттен тұрғын үй сатып алса, өзге өңірдегі капитал да біздің қаламызға келіп, осы жердің экономикалық дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына және табысының көбеюіне жол ашады. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Grand Park/Atamura» тұрғын үй кешені нарықтағы сапалы нысандарға деген сұранысты қанағаттандыра алады.

Осы жәйттерді ескере отырып сарапшылар мынадай қортынды жасап отыр: Бұл жобада қаланың тұрақты дамуының үш тағаны толық ескерілген. Ол: экономика, әлеуметтік жағдай және экология. Кез келген қаланы дамытуда осы негізгі құндылықтар ескерілсе, ол қаланың болашағы жарқын болып, тұрақты даму жолына түсетінін әлемдегі озық мегаполистердің тәжірибесі дәлелдеп отыр. Зерттеушілер ең маңыздысы жобадағы шарттардың орындалуын халық қоғамдық бақылауда ұстау қажет деп есептейді.

 

Сіз не дейсіз?

 

Ғани Ахметбаев,
Ұлттық спорт түрлерінен балалар
мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры:

– Шымкенттегі атшабарды қоғам қайраткері Асанбай Асқаров 1979 жылы үлкен күрескерлікпен салып берді. Ал оған дейін бұл жер құрылысқа қажет тас пен құм өндіретін карьер болатын. Сол карьердің үстіне сиыр фермасы салынған. Кейіннен бұл жер ипподромға айналдырылды. Одан бері 41 жыл өтті. Әбден ескірді. Ұлттық спортқа жанашыр көрермен бәйгені көруге келгенде бір-бірінің көлеңкесіне, панасына тығылып, әбіржіп отырып көреді. Жыл он екі ай әр мезгілдің қолайсыз ауа райына төтеп беруіне тура келеді. Сонда бәрінің айтатыны «Шатыр жоқ па? Қашан салынады?» деген сауал. Әу баста карьердің үстіне салынған атшабар болғандықтан, қазіргі орны 8 метр төменде, желдің өтінен төмен жатыр. Ал самал соқпай, ауа алмаспай тұрған соң, аттар қиналады. Ертеректе ипподромның айналасы ашық болатын. Қазір «Наурыз» алаңындағы карусельден бастап, «Otau Group» құрылыс компаниясы салып жатқан 4-5 тұрғын үй бар. Бұл да атшабар аймаққа самалдың енуіне кедергі болғаны шүбәсіз. Бұған дейін Ө.Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі боп тұрған кезде Оңтүстік Кореядан онға жуық инвестор келді. Солардың бәрі күнгейдің табиғаты, ауа райы жарыс өткізуге қолайлы екеніне келіскенімен, сегіз метр тереңдікті көріп, райынан қайтып, кетіп қалған. Жасыратыны жоқ, ескі ипподромның қазіргі заманның талабына сай қызмет көрсетуіне мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне жарты белдеуіне этноауыл салынды. Тастан қаланып, бөгеттер жасалды. Жануарлар жүретін жол қысқарды. Қазір жаттығуды атшабардың жарты алаңында жасап жүрміз. Ал бұл аттардың психикасына әсер етіп, мінезі өзгеруде. Жолдағы кедергілердің кесірінен өз жолынан адасып, жарты жолдан шығып кетіп жатады. Жолдағы түрлі кедергілерден мертігіп, әр жарыс сайын кемінде 4-5 аттан айрыламыз. Одан бөлек, ипотерапияны түрлі аурулардың емі ретінде дамыту үшін жағдай жетіспейді. Қора-жайларымыз да тар.
Венгрияға барған кезде ипподромға жергілікті халық тойға барғандай келіп, жарыстарын жоғарғы деңгейде өткізгенін көзіммен көрдім. Қытайдағы қазақ өлкесіндегі орталықтан 20 км жерге орналасқан атшабары мен атқорасын көрсеңіз, жаныңыз жай табады. Ең бастысы, көрермендердің жағдайы жасалған. Ал біздегі ескі ипподром
Асқаровтың көзіндей қымбат мекен екеніне ешкімнің дауы жоқ, алайда, уақыт өз бұйрығын жүргізбей тұрмайды.
Осы орайда «жылқыларға да, спортшыларға да, келуші көрермендерге де, ипотерапиямен айналысатындарға да жайлы заманауи, кең ипподром салынса ғой» деген ой-мақсатымызбен бөлісіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов таяуда ескі ипподромды Алматы айналма жолының бойындағы Бозарық шағынауданына, шаһардың ең биік нүктелерінің біріне көшіру туралы айтты. Жаңа атшабар қырдың үстіне орын тепсе, атқұмар жандардың бүкіл жағдайын жасауға мүмкіндік туар еді. Шымкенттің кіреберіс қақпасы ретіндегі нысан жан-жақтан келетін спортшылардың орналасқанына да ыңғайлы болар еді. Биік дөңге салынатын атшабардың жалпы аумағы 47 гектар болмақ.
Жаңа ипподром бойынша бірнеше жоба ұсынылуда. Ең бастысы, жаңа жоба қонақжай орын болады. Міндетті түрде қонақүй салынады. Жан-жақтан жарысқа қатысатын спортшылардың отбасымен келіп, сол жерге қонып, ертеңіне спортпен шұғылдануына жағдай жасалады. Мәселен,
Нұр-Сұлтан қаласында сондай мүмкіндіктер бар.
Қазіргі ипподромға көрермен 1,5 км жаяу жүріп барса, жаңа нұсқасында жолдың бойынан кіреді де жабық алаңқайдың ішінде рахаттанып отырып тамашалайтын болады.

 

 

Өмір Шыныбекұлы,
тарихшы, өлкетанушы, қоғам белсендісі:

– Салынғанына 40 жылдан асқан ипподром моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да ескіріп, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отыр. Ежелгі өзеннің кеуіп кеткен арнасында орналасқан ипподром теңіз деңгейінен шамамен 485 метр жоғары жатыр. Ал әлгі кепкен өзеннің жағалауынан орын тепкен Бәйдібек би ескерткішінің табаны теңіз деңгейінен 525 метр биікте, яғни ипподром орналасқан жерден 40 метрдей биікте тұр. Өзеннің арнасы шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Енді Шымкентте соғатын желдің бағытын анықтап көрейік. Мәселен, жел солтүстік-шығыстан («Шақпақ» желі) және оңтүстік-батыстан соғады... Яғни, екі бағыттан да өзен арнасына көлбеу соққан самал жылқылардың тезегі мен терінің иісін, күн суытқанда көмір жағатын жеке тұрғын үй секторынан шыққан түтінді дәл осы қазаншұңқырға жинайды. Бұл аттарға да, адамдарға да зиян. Егер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарымыз еуростандартқа көшсе, мынау жердегі санитарлық тазалықтың жағдайы оған жауап бере алмайды. Сондықтан, ипподромды басқа жерге көшіру – заман талабы.
Осыған қатысты екінші мәселе, қаламызға келіп жатқан еліміздегі аса ірі «BI Group» құрылыс компаниясы осы жерді үй салу үшін сұрап жатса, беру керек. «BI Group» салады деген үйлерге жұмысшылар қажет екені белгілі. Бүгін үйлердің салынуына қарсы болып отырған біраз азамат келесі жылы сол құрылыста жұмыс істеп жүрсе, таңғалмаймын. Қалай болғанда да қаламызға келгелі тұрған 135 млрд теңге инвестициядан айырып қалу үлкен қателік болар еді. Ал «BI Group» ештеңеден ұтылмайды. Экономикасы қарқындап дамып келе жатқан көрші Өзбекстанда да ол компанияға сұраныс артып тұр.

Последнее изменение Понедельник, 25 Январь 2021 08:51