Электр энергиясын таратушыларға талап күшейеді Избранное

Среда, 16 Июнь 2021 04:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 261 раз

Биыл табиғат тосын мінез танытып, жауын-шашыннан бөлек, дауылды желдің тұруы жиіледі. Осы себепті қаланың біраз бөлігінде жарық жиі сөніп, тұрғындарды әбігерге салуда. Мұндай келеңсіздіктерді жою үшін апатты бригадалар тәулік бойы жұмыс істеді. Ал қаладағы электр жарығының жиі сөнуіне жауын мен желдің әсері бар ма? Бұл сұраққа Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков жауап берді.

208

 

–Бүгінгі таңда қала әкімінің тапсырмасымен шаһар аумағындағы электр жүйелерінің техникалық жағдайын, электр энергиясының жиі сөнуінің себебін анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша кемшіліктерді жою іс-шараларының жоспары жасалды. Алдағы уақытта электр энергиясын таратушы ұйымдарға талап күшейтілетін болады, – дейді Боранбай Нығметұлы.

27


Бұған қоса басқарма мамандары жарық жиі сөніп қалатын аудандардағы барлық кабель желісін тексеріп шықты. Ол жұмыстар «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Қуат жылу орталығы-3» мекемелерімен бірге атқарылып, мамандар жер астындағы негізгі және резерв кабель желілерінің бүтіндігін анықтау мақсатында лабораториялық зерттеу жасаған. Нәтижесінде бүгінгі таңда жер астындағы 24 кабельдің бүлінгені анықталды. Соның салдарынан ол желілер істен шыққан.
– Мысалы, Нұрсәт шағынауданында жұмысшы топ жүргізген лабораториялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 10 жер асты кабелінің зақымданғаны және жұмыс істемей тұрғаны анықталды. Алдағы уақытта ол кабельдердің иеліктеріне қарай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ал Асар-2 шағынауданындағы көп қабатты 10 үйдің электр жүйелері «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС-не тиесілі екені анықталып, мекеме өкілдерімен бұл мәселені шешу жолы талқыланды. Бүгінге дейін құрылыс компанияларының жұмысшылары жер қазу барысында үйлерді электр қуатымен қамтамасыз ететін кабель желісін 3-4 рет үзіп, қайта қалпына келтірген, – дейді Боранбай Болатбеков.
Жалпы, нормативтік талаптар бойынша қала аумағындағы барлық аудандарда резервтік кабель болуы тиіс. Оған қоса қаладағы тұрғын үйлерге қосылған желілерде резервтік желілер қарастырылған, барлық аудандарда резервтік желілер бар.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент тұрғындарының 95 пайызы қазіргі таңда сапалы электр қуатымен қамтылған. 2020 жылы 13 елдімекенде ішкі электр жүйелерінің құрылысы аяқталып, 23 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді.
Жарық жиі сөнетін Тұран шағынауданын электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңнен тұратын жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша 10 кВ магистралды электр желілері тартылады. 2022 жылдың III тоқсанында жұмыстар толық аяқталған соң, аудандағы үйлер жаңадан салынған желілерге қосылып, электр қуаты тұрақты түрде берілмек.
– Сонымен қатар биыл 12 елдімекеннің ішкі электр жүйелерінің және 3 қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 7 елдімекеннің ішкі электр жүйелерінің және 3 қосалқы станцияның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде ең ірісі – «Бозарық» қосалқы станциясы. Құрылысы аяқталуға жақын қалған нысан пайдалануға берілсе, қаланың солтүстік бөлігі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілмек, – деді басқарма басшысы.
Нақты айтқанда Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Жалын, Ақжар сияқты 7 елдімекенге сапалы жарық жеткізілмек. Нәтижесінде 20 мыңға жуық абонент қамтылады деп көзделген.
Осылайша қазіргі таңда қаланы сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында 3 қосалқы станцияның құрылысы қатар жүргізілуде. Олар Бозарық, Ақжар, 1-М-1 станциялары. Бұл жұмыстар қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бақылауында. Егер үш бірдей нысандағы құрылыс аяқталып, жарық жүйелері тартылып жатқан елдімекендердегі жұмыс тәмәмдалатын болса, миллионды қаланы қуат көзіне қосу көрсеткіші 95 пайыздан 97 пайызға өспек.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.

Другие материалы в этой категории: « ШЫМКЕНТ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН Бүгінгінің батыры »