ШАҺАРДАҒЫ СУ ЖАҒДАЙЫ ҚАШЫҚТАН БАҚЫЛАНАДЫ Избранное

Пятница, 09 Июль 2021 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 404 раз

9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. ҚР Үкіметінің қаулысымен ресми түрде 2019 жылы бекітілген бұл кәсіби мерекені мамандар биыл үшінші рет атап өтеді.

404

 

Тіршілік көзі саналатын сумен қамтамасыз ету – кез келген елдімекен шаруашылығының негізгі саласының бірі. Коммуналды қызметтің осынау түрі тұрғындар үшін аса қажет екені анық. Осыған орай мегаполисте тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмысының жағдайын сала маманының өзінен сұрадық.
Қазыбек Сариев су шаруашылығында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Күндіз-түні шаруаның басында жүретін маманның айтуынша, жаз ортасына жетіп, күн ысығаннан қалада су тұтыну көлемі күрт көбейеді.
– «Жаз шанаңды сайла» дегендей, қазіргі таңда қысқа дайындық жұмыстары жүруде. Судың қысымын реттеп отыру, ықтимал апаттың алдын алу мақсатында жоспарлы жөндеу жұмыстары әрдайым атқарылады. Мұндай шаруалар «Су арнасы-Маркетинг» мекемесінің жұмыс жоспарына сәйкес атқарылады, – дейді Қазыбек Мейірбайұлы.

408


Тәжірибелі маман еңбек жолын 2002 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық су басқармасында апатты қалпына келтіру слесары болып бастайды. Бірер жылдан кейін бригада шебері, 2009 жылы бас инженер атанады. Ал 2016 жылы сол мекеменің бас директоры қызметіне жоғарылаған. Екі жылдан кейін «Су ресустары-Маркетинг» ЖШС өндіріс менеджері қызметін атқарады. 2019-2020 жылдары бас директордың су құбырлары және су жүйелерін пайдалану бойынша орынбасары болған. Жылдың басынан бері мекеменің суды тиімді пайдалану менеджері болып істейді. Яғни, суды тұтынушыларға уақтылы жеткізу, үздіксіз сапалы сумен қамтамасыз ету және орынсыз су шығындарымен күресу саласында еңбек етіп жүр.
– Қаламызды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жүйеге қойылған. Бас директорымыз Орман Анарбек Оңғарұлының білікті басшылығының нәтижесінде көп жетістіктерге қол жеткіздік. Мысалы, қала аумағындағы орталық су құбырларында 200-ше жуық су бақылау нүктесі орнатылған, – деген менеджер сол нүктелердің жұмыс барысын үстеліндегі монитордан көрсетті. – Солар арқылы құбырлардағы судың қысымын қашықтықтан бақылап отырамыз. Орталық диспетчер торабының мамандары да осы көрсеткіштерді үлкен монитормен бақылап, судың қысымын реттеп отырады. Нәтижэесінде апаттың алдын алу жұмыстары жолға қойылған.
Маман су жүйесіндегі ауыз толтырып айтарлық жетістіктің бірі – қала бойынша су есептегіш құралдар толық орнатылғанын айтады. Одан бөлек орамдық, аумақтық ірі су есептегіш құралдары қойылған. Яғни, жердің астынан көтерілгеннен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықтағы құбырлардағы су көлемі әрдайым бақылауда. Бұған қоса тұрғындарға қызмет көрсету, апатты қалпына келтіру жұмыстары да жүйеге қойылған.
– Мамандарымыз көшелердің басында, көп қабатты үйлерде орнатылған, аумақтық су есептегіш құралдарының көрсеткіштерін қашықтықтан көріп, ала алады. Ал 200-ге жуық бақылау нүктесінде су құбырына ультрадыбысты датчик орнатылған. Бұл бағытта Германияның, Израильдің жетекші фирмаларымен келісім-шарт жасасып, бірге жұмыс істеп келеміз. Ал тұрғындардан тәулік бойы жұмыс істейтін орталық диспетчерге түскен қоңыраулар дер кезінде тіркеуге алынып, жұмыс жүзеге асырылады. Апатты бригадалар GPS арқылы бақыланады. Көрсетілген мекенжайға бара сала мамандар орын алған олқылықты видео-байланыспен баяндайды. Содан жұмыс атқарылған соң видеомен хабарланады, акті түзіліп, қосымша фотомен диспетчерге жіберіледі. Оның нәтижелері гео-ақпараттық бағдарламаға енгізіледі, – дейді Қазыбек Сариев.
Апатты қалпына келтіру жұмысы туралы барлық мәлімет – тапсырманың қабылданған уақыты, жауапты маманның аты-жөні, реттік нөмірі, нәтижесі арнайы бағдарламаға енгізіледі. Қазыбек Мейірбайұлы монитордағы картадан бір мекенжайдың үстін тінтуірмен басып еді, архивтелген мәлімет шыға келді. Яғни, сол жердегі су құбырының жағдайы, қашан апат болып, қалай жөнделгені толық жазулы тұр. Ол мәлімет келесі жолы құбырларды жаңарту кезінде есепке алынады, мамандар су құбырлары жүйесін жаңарту жоспарына енгізу немесе енгізбеуді талқылағанда ескереді.
Айта кетейік, бұл жетістіктер еліміздің көп қаласында жоқ. Ал ағын суды өңдеп, биогаз өндіру, одан электр жарығын алу кешені
Қазақстан түгілі, ТМД бойынша баламасы жоқ. Жылда еліміздің басқа қалаларынан, алыс-жақын шетелдерден делегация келіп, «Су арнасы–Маркетинг» мекемесінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.