ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАНДЫ ТАМАШАЛАДЫ Избранное

Среда, 20 Октябрь 2021 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 345 раз

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қолдауымен ауданның ардагерлер кеңесі тарихын тереңнен тартқан, түрленген Түркістанға саяхаттап қайтты.

110

 

Аға буын өкілдері алдымен Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енген кеңсесін аралап көрді.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаев ардагерлерге ақ жол тіледі, ал Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кезінде бірге оқып, студенттік өмірдің нанын бөліп жеген курстасы, бүгінде ардақты ардагер Әмидулла Ермағамбетов бата берді. Ары қарай Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай бастаған, құрамында тыл ардагерлері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары мен төрайымдары, өзге белсенді аға буын өкілдері бар 40-қа жуық адам түркі жұртының төрін бетке алды.
Шымкенттік ардагерлер түрленген Түркістанды тамашалауды кесенеден бастады. Алдымен осында жерленген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи және қазақтың хандарының, би-шешендерінің, өзге де игі жақсыларының рухына арнап, дұға бағыштады. Сосын арнайы гид ардагерлерге кесенедегі әр бөлменің, ондағы құнды жәдігерлердің тарихын егжей-тегжей таныстырды.
Түркістан облыс орталығы атанғалы бері Қожа Ахмет Ясауи кенесінің айнала-төңірегі де жасыл желекке жаңаша бөленіп, өзге де тиісті жұмыстар атқарылып, ерекше шырайлана түскен. Ардагерлер аумағы ат шаптырым жерде орналасқан айтулы тарихи кешенді өз беттерінше аралап тамашалады.
Қорыта айтқанда Шымкенттен барған аға буын өкілдері еліміздің ғана емес, жалпы Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығынан үшінші мегаполиске ерекше әсермен, көтеріңкі көңіл-күйде оралды. Ардагерлер өздерін осылай елеп-ескеріп, қасиетті қалаға арнайы саяхатты ұйымдастырушыларға бірауыздан ризашылықтарын білдірді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.