«Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айт»

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1315 раз

Үшінші мегаполисте жастар жалпы халықтың 21,7% пайызын немесе 239 986 адамды құрайды. Қалада 8 жоғары және 38 арнаулы оқу орыны бар. Бұл білім ордаларында 125 390 студент білім алуда. Биыл қала әкімінің бастамасымен төрт ауданда жастарға қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бұл туралы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көрме орталығында өткен қала әкімдігінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңесте айтылды.

202

 

«Жастар қоғамның қозғаушы күші» атты кеңес ашық әңгіме форматында өтті. Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кеңесте мегаполис жастар саясатын қалыптастыруда, жұмыссыздықтың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. «Жастар - Отанға» жол картасы индикаторларының орындалу барысы қорытындыланып, алдағы атқарылатын жұмыстары сараланды. Кездесу барысында өңірімізде жас кәсіпкерлерге арналған жобалар, маусымдық шаралар және жастар орталықтарының жұмысы қозғалды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен кеңеске «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, таэквондошы, Қазақстан Республикасының чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, Азия ойындарының жеңімпазы Феруза Ергешова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев пен мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, құқық қорғау, аумақтық департамент басшылары, қала әкімдігінің басқарма басшылары, түрлі салада жұмыс жасайтын жас мамандар, жоғарғы оқу орынның басшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен белсенді жастары қатысты.
Жиында сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы шаһарда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырылу барысына тоқталды.
– Баршаңызға белгілі биыл елімізде егемендіктің 30 жылдығы аталып өтіп жатыр. Шымкентте әрбір екінші адам немесе халықтың 52 пайызы тәуелсіздіктің төл тумалары. Орташа жас – 26. Шымшаһар – еліміздегі жастардың қаласы. Мегаполистің болашағы жарқын, жастардың мүмкіндіктері мол. Бүгінгі жастарға ең бірінші білім керек. Бұл ретте қаламызда 782 білім беру ұйымы бар. Кәсіпкерлік саласында және жастарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуде де жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Еліміздің дамуында жастардың алатын орны ерекше, - деді ол.
Жиын барысында қаладағы жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, тұрғын үй салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар арнайы бейнеролик арқылы таныстырылды. Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көрген жастар жарыссөзге шығып өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, жас кәсіпкер Ғалия Заидинова өзі ашқан білім беру орталықтары жайында сөз қозғап, үш тұғырлы тіл саясаты бүгінгі қоғамға қажет екенін тілге тиек етті. Ал жас маман Алмас Қуатов «жастар практикасы» тиімділігін айтты. Жарыссөзге шыққан Айнұр
Құлтасова «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қалай ипотекалық тұрғын үй алуға болатынын жеткізді.
Арнайы елордадан келген президиум спикері Аян Хажимерұлы үшінші мегаполисте қолға алынған жобаларға оң бағасын берді. Ал жастарды белсенді болуға шақырған кеңес төрағасының орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы жиында айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жастар саясатын дамытуға тың серпін беретін жобаларға әкімдік тарапынан қолдау болатынын атап өтті.