БАҒА БАҚЫЛАУДА Избранное

Среда, 19 Январь 2022 04:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 377 раз

Шаһарда ауыл шаруашылығы басқармасы мен табиғи монополияларды реттеу, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің мамандары қаладағы жанар-жағармай құю бекеттері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына тұрақты мониторинг жүргізуде.

949

 

Мониторингтік топ көкөніс пен жеміс-жидекті көтерме бағамен саудалайтын «Барыс» базарында болды. Мұнда картоп 140-200 теңге, пияз 70 теңге, сәбіз 150-170 теңге аралығында сатылуда. Саудагерлер тауарға 10-15 пайыз үстемеден артық қоспайтынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары әлеуметтік бағаның негізсіз өсуі анықталған жағдайда тұрғындарға 24-75-41 нөміріне хабарласуын сұрайды. Бағаны негізсіз өсірген сатушыларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес ескерту мен айыппұлдар қарастырылған. Ол шағын кәсіпкерлерге 10 АЕК, орта бизнес субъектілеріне 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарына 300 АЕК-ті құрайды.
— Бағаны реттеу екі жолмен іске асырылады. Біріншісі, қорға азық-түлік сатып алу болса, екіншісі, 0,1 пайызбен айналымға қаражат беру. Үкімет қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін 7,7 млрд. теңге бөлініп, оның қазір 5,4 млрд. теңгесі айналымда жүр. Қалада 3 әлеуметтік дүкен бар. Олардың санын биыл 30-ға жеткізу жоспарда тұр. Бұған қосымша арзан бағада азық-түлік сататын 115 шағын сауда орындары ашылады. Сондай-ақ «Магнум», «Фиркан», «Грамад» секілді ірі сауда дүкендеріне 2,3 млрд. теңге айналымға қаражат берілді. Ірі сауда дүкендері желісінің артуына қарай бөлінетін қаржы көлемі де өсе түседі, - деді ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков.
Мегаполисте газ құю бекеттерінде сұйытылған газ бағасы 60 теңгеден деп бекітілген. Бұған «Gas Energy» жанар май бекетіне мониторинг жасау барысында көз жеткізілді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Бағлан Адыр мемлекет тарапынан жанармайларға шекті баға бекітілгелі газ бағасын негізсіз өсіруге қатысты деректер анықталмағанын айтты. Департамент өкілі егер тұрғындар бағаның өскенін байқаған жағдайда, бейнебақылауға түсіріп, айғақ ретінде департаменттің өзіне немесе жергілікті әкімдікке ұсынуға болатынын жеткізді.
Сондай-ақ мониторингтік топ 18-ші шағынауданда орналасқан Qaz Et әлеуметтік сауда дүкенінде болып, ет өнімдері бағасының тұрақтылығына бақылау жүргізді. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы азық-түлікпен қамту бөлімінің басшысы Қайрат Базарбековтің айтуынша, әлеуметтік баға тек сиыр етінің жауырын мен төс бөлігіне бекітілген. Әлеуметтік дүкенде оның бағасы — 2150 теңгеден саудалануда. Еттің басқа түрлері нарықтық баға бойынша сатылып жатыр. Мәселен, жылқы еті – 2700 теңге, қой еті – 2400 теңге, сиыр еті – 2150-2900 теңге аралығында. Дәл осындай әлеуметтік дүкен қаланың екі жерінде бар. «Нұрсәт» шағынауданындағысы ет саудасына арналса, Елшібек батыр көшесі бойындағы әлеуметтік дүкенде көкөністер белгіленген бағада сатылады.
— Үкімет қаулысына сәйкес бағаларды тұрақтандыру бойынша іс-шаралар жалғасуда. Осы мақсатқа орай мегаполисте арнайы Тұрақтандыру қоры құрылған. Биыл көктемде ет сататын әлеуметтік дүкендердің келісімшарты аяқталады. Осыған орай тұрақты комиссия қайта шешім қарап, нәтиже оңды болса, аталған әлеуметтік дүкендермен келісімшартты тағы бір жылға созуға ұйғарым жасайды, - деді Қайрат Базарбеков.
Елшібек батыр көшесіндегі әлеуметтік дүкенде картопты 120 теңгеден, пиязды 75 теңгеден, сәбізді 130 теңгеден, қырыққабатты 100-теңгеден арзан бағада сатып ала алады. Аталған дүкенге тауар күн сайын жеткізіліп отырады. Өйткені халық бағасы арзан болғандықтан көкөністі осы сауда нүктесінен сатып алуды жөн көреді. Бұл әлеуметтік сауда орны былтырдан бері жұмыс істеп келеді.
Бұдан бөлек қаланың «Айна», «Жаңа шаһар», «Қапланбек», «Алаш» базарларында әлеуметтік маңызға ие бірнеше тауар түрі сатылады. Сондай-ақ «Магнум», «Фиркан», «Грамад» ірі сауда орындарында І сұрыпты жұмыртқаның бір қорабы 966 теңгеден босатылуда.