Балаңыз кітап оқи ма? Избранное

Пятница, 21 Январь 2022 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 618 раз

Бүгінде «Ертегілер елінде», «Бес ғасыр жырлайды», «Шешендік сөздер» сынды халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарымен сусындап, «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» сынды газет-журналдарды асыға күтетін балалар азайған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен-ді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жыл — Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Ал, «2022 жыл — Балалар жылы» деп бекітілді. Мемлекет басшысының назарына іліккен мәселенің шешімі қандай? Сіздің балаңыз кітап оқи ма?

963

 

Кітапханашылардың харекеті қандай?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты. Республикалық үш кітапханадан бөлек, оның 300-ге жуығы балалар мен жасөспірімдерге арналған.
Шымкентте орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің жетекші әдіскері Фарида Тұрғамбаеваның айтуынша, мегаполисте жас оқырмандарға арналған 15 бөлімше бар.
— Балалар кітапханасы — жас оқырмандар үшін білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын ақпараттық орталық. Біздің оқырмандарымыз мектеп жасына дейінгі балалар, 1-9 сынып оқушылары мен олардың жетекшілері. Жүйеге қарасты 15 кітапхананың 40 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Ал, мұндағы кітап қоры 415245 мың дана. Бір жылда 375 мыңнан астам оқырман кітапханаға келеді, - дейді Ф.Тұрғамбаева.
Миллион тұрғыны бар қалада шындығында 40 мыңнан астам тұрақты оқырман болса, ол біз айтқан балалар кітап оқымайды деген пайымды мүлде теріске шығарар еді. Алайда, оқырман саны күмән тудырып отыр. Жалпы, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының оқырмандары мектеп оқушылары екенін ескерсек, олардың сұранысы да пәндік тапсырмаларды орындауға қажетті әдебиеттер екені анық. Яғни, кітапхананың көптігінен жас толқынның кітапқа деген қызығушылығы артып отырған жоқ. Олардың кітап жайлы ойын өзгертіп, зейінін ашу үшін не істемек керек? Сала мамандарының пікіріне назар аударсақ.
— Балалар мен жасөспірімдердің кітапқа қызықтыруда отбасының рөлі зор. Бала берген бағдарға қарағанда, көргенін тез үйренеді. Яғни, «бүйт-сүйт» дегеннен гөрі, ата-анасы, үйдің үлкендері кітап, газет-журнал оқыса, оны көрген баланың қызығушылығы оянады. Ал, кітапханада жас оқырмандарымыздың қызығушылығын арттырып, зейінін ашу үшін жан-жақты зерделеп, түрлі әдістерді қолданып отырмыз, - дейді Фарида Абдурахманқызы.
Алғашқы қадамның бірі — қаладағы кітапханалардың модернизациядан өтуі. 2021 жылы орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің орталығы «Отбасылық кітапхана» мен оған қарасты 8 бөлімше толығымен жаңартылған. Мұнда ішкі интерьер арқылы оқушының кітапханаға деген қызығушылығын арттыру көзделген. Мәселен, отбасылық кітапхана қызыл зал, жасыл зал, «Қазақ әдебиеті», ойын алаңы сынды бірнеше кеңістікке бөлінген. Мұндағы әдебиеттер де ешқандай тәртіпке, картографияға сәйкес орналаспайды. Жұмсақ жиһаздар мен арнайы бұрыштар өз үйіңдегідей атмосфераны ұсынады. Ал, кітапханашылар оқырман сұраған кітаптарды дәстүрлі тәртіпке сай жасақталған кітапхананың қорынан тауып береді.
— Екінші қадам, қазіргі жастардың сұранысына сай әдебиет қорын жасақтау болып отыр. Технология дамыған заманда оқырмандар аудио, комикс және иллюстрациялық кітаптарды сұрайды. Сондай-ақ, Ы.Алтынсариннің шығармалары, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы, Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» туындысы, М.Әуезовтың шығармалары үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, біздің әр бөлімше бүлдіршіндердің зейінін ашу үшін түрлі сайыстар ұйымдастырып отырады, - дейді Ф. Тұрғамбаева.

«Кітапқұмарларды насихаттау кемшін»

Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының жоғалып, қоршаған ортадан гөрі виртуалды «өмірді» дұрыс көретін буын жөнінде психологтардың пайымы бөлек.
— Интернетке тәуелділік тек балалар ғана емес, ересектер арасында да белең алып отыр. «Интернетке тәуелділік» терминін ең алғаш 1995 жылы американдық дәрігер Айвен Голдберг енгізген болатын. Дәл сол жылдары жастар арасында ғаламторға тәуелділік артқан. Күйзеліске түскенде баланың бірден смартфон, гаджет шұқылап кетуі – тәуелділіктің алғашқы белгілері. Яғни, ол бала телефон ұстағанда уақытқа есеп бермейді. Ұйқы, тамақтану режимі бұзылып, тәуліктің беймезгіл уақытында әлеуметтік желілерде белсенді болып отырады. Достарымен араласқаннан гөрі ғаламторда отырғанды дұрыс көріп, отбасы мүшелеріне жалған сөйлей бастайды. Егер ғаламтор болмаса, агрессивтік мінез танытады. Сабаққа қызығушылығы төмендейді. Осылайша шынайы өмірден алшақтай береді, -дейді психолог Гүлжамал Абсатова.

965


Мамандардың айтуынша, бала болмысының бұлай қалыптасуына отбасында бір-біріне деген қамқорлықтың, жылулықтың болмауы, тиісті көңіл бөлінбеу мен қарым-қатынастың жоқтығы әсерін тигізеді екен. Ал, оны қалай түземек керек?
— Балаларды бірден ғаламтордан шектеп, телефонын алып қоюға болмайды. Себебі, бала өзіне деген шектеуді байқаған соң, агрессивті реакция жасайды. Сондықтан интернетті қолдану уақытын біртіндеп азайту арқылы баланы қызықтыратын дүниелерге мән берген жөн. Оның отбасымен, достарымен араласу уақытын жоспарлап, альтернатива ретінде өзі ұнататын үйірмелерге қатыстыру қажет, - дейді Гүлжамал Елубайқызы.
Бүгінгі жастар арасында кітап оқитындар бар. Дегенмен, олардың басым бөлігі көркем әдебиетке емес, аниме жанрындағы кітаптарға қызығады. Психолог мамандар суретті, мәтіні аз кітапты оқыған баланың уақыт өте келе көркем әдебиетке деген қызығушылығы артатынын айтады. Сондықтан баланың интернетке тәуелділігін азайтып, кітапқа деген зейінін ашу үшін, әуелі, отбасындағы байланысты нығайтып, баланың неге қызығатынына мән беру керек екен.
— Американдықтардың тауарлары өте ерекше, сапалы, әрі жоғары сұранысқа ие. Осының себебін білу мақсатында Қытай ғалымдары жасырын зерттеу жүргізіпті. Ұзақ зерттеуден кейін құпияның мәні — американдықтардың кітапты көп оқуында деген шешімге келіпті. Фильмдерін көрсеңіз, әр американдық отбасы балаларына ұйықтар алдында кітап оқиды. Тура бір заңмен бекітілген тәртіп дерсіз. Ал, кітапты көп оқыған адамның қиялы жүйрік, ойлау қабілеті жоғары болады. Қиялы жүйрік адамның жасаған дүниелері де ерекше болатыны сөзсіз. Психологияның ең жиі қолданатын қағидасы бар. «Егер балаңызды тәрбиелегіңіз келсе, ол істі өзіңіз жасаңыз». Кітап оқы деп айтпас бұрын, оған өзіңіз кітап оқып беріңіз. Өзіңіз де оқыңыз. Бала айтқанды емес, көргенін қайталайды. Бүгінгі қоғамда кітапты, кітап оқыған адамды насихаттау кемшін. Егер осы жұмыс қолға алынса, қоғамда кітап оқитындардың қатары көбейер еді,- дейді Г.Абсатова.

Бала күнінен кітапқа құмар жан

Оңтүстік өңіріне белгілі жазушы Нармахан Бегалыұлы ағамыз — бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, перзенттеріне кітап оқытуды ерте жасынан қолға алған жан. Оны ұл-қызының білімі мен өн бойындағы тәрбиесінен көруге болады.
— Ғаламтордан алған білім ағып жатқан өзен суымен бірдей. Ағынды тоқтата алмайсың. Өркениетті елдер түбінде кітапқа қайта оралады. Мәселен, дүниежүзіне электрондық билік жүргізіп отырған Америкада жылына 3 миллион, Қытайда 760 мың (оның 50 мыңы роман) аталыммен кітап басылады. Біз де сол күнге ертерек жетсек екен деп армандаймын. Публицистика, поэзия, проза жанрларын әдемі тоғыстырған қазақ әдебиетінің жаңашыл дара жазушысы Оралхан Бөкей жазғандай «Адамға ауа қандай қажет болса, кітап пен кітапхана да сондай қажет», -дейді Рауан Нармаханқызы.
Бүгінде Рауан Бегалиева — Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми зерттеу офисінің басшысы. Бала күнгі әдеті әлі қалмаған. Қолы қалт етсе, кітап оқығанды ұнатады.
— Мен елге танымал ақын, жазушы, аудармашы мен ұлағатты ұстаздың отбасында дүниеге келдім. Ес білгелі анам мені ертегі оқытып, өлең-жыр жаттауға баулыды. Отбасымыздың байлығы – үйіміздегі кітапхана. Әкем әдетте түскі үзіліске келгенде жатын жайда емес, сол бөлмеде тынығатын. Ол бөлменің өзіне тән сәулеті, жайлылық пен тыныштық атмосферасы, кітаптар мен газеттердің ерекше иісі болатын. Ондағы кітаптардың сөредегі орнын әкем жатқа біледі. Керегімізді сұрасақ, оң жақтан санағандағы бесінші сөреде жетінші болып тұрған сырты қоңыр кітап деп жаңылмай айтатынына таң қалатынмын. Кейде шатасып кететін шығар деп әдейі қайта-қайта қызықтап сұрап та көретінмін. Бертін келе мен де осы бөлмеде уақыт өткізіп, кітап оқуды әдетке айналдырдым, - дейді
Р.Бегалиева.

Расында, отбасы – тәрбие бастауы. Кейіпкеріміздің әрекеті психологтар айтқандай, баланың айтқанды емес, көрген дүниесін қайталауға тырысатынын дәлелдей түскендей.

964

 

— Әкем «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп айтып отыратын. Ал, анам үй шаруасынан қолы босай қалса, менің оқитын кітаптарымның тізімін жасай бастайтын. Кітап оқу әдебінің өзін бала күнімнен қалыптастырды. Әкемнің «кітапты бірінші рет оқығанда көз жүгіртіп, екінші оқығанда тың тіркестер мен сөйлемдер жинақтап, үшінші оқығанда ой түйіп оқы» дегені әлі күнге санамда сайрап тұр. Күнделікті кешкісін бір мезгіл кітапты қолыңызға алып оқуды әдетке айналдырсаңыз, үйдегі ұл-қыздарыңыз да сізден үлгі ала бастайды. Қазіргі таңда мен ата-енемнің қолында тұратын қарашаңырақтағы келінмін. Атам ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ал енем Шымкент қаласындағы Темір жол емханасының бірнеше жыл бас дәрігері болып істеген білікті маман. Ол кісілер де бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін жандар. Атам балалардың кітап оқуын қадағаласа, апам «Қазақ» және «Шалқар» радиоларындағы әдеби-танымдық бағдарламалар мен ұлттық музыкаларды тұрақты тыңдауды балалардан талап етеді. Жолдасым Әбекең екеуміз — бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған отбасымыз. Біздің шаңырағымызда әкемнің кітапханасындай кітапхана жоқ. Бірақ, Шымкентте кереметтей кітапханалар бар. Ұлымыз Сұңқар мен қызымыз Ардақ — Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының тұрақты оқырманы. Кішкентай Ардақ Абай Құнанбаевтың, Исраил Сапарбайдың, атасы Нармахан Бегалыұлының және басқа да біраз ақын-жазушылардың 30-ға жуық өлеңін жатқа біледі. Өзім Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романын оқып жүрмін, - дейді Рауан Нармаханқызы.

P.S.

Мақалада сауатты да саналы ұрпақ өсіру мен оларды кітап оқуғы қызықтырып, зейінін ашудың жолын іздеп, кітапхана қызметкері, психолог-дәрігер мен кітаппен өскен оқырманның ойын ортаға салдық. Үшеуі әр саланың маманы болса да, ой бір арнаға тоғысты. Яғни, бала кітап оқу үшін әуелі отбасы институтын дұрыс қалыптастырып, ата-ана өзі кітап оқу арқылы баланы қызықтыруы керек дегенді алға тартты. Десек те, білім мен тәрбиені ұштастырып, оларды қызықтыру үшін кітапханашылар мен ұстаздардың да жұмысын ширата түсу қажет-ақ. Кеңес дәуірінде шопанның баласы кітап оқымай қалмасын деп жаз жайлауды, қыс қыстауды аралап қызмет еткен кітапханашылар ақпараттық дәуірде де бір амал табар деген үміттеміз.