ІЗГІ ІСТІҢ БАСЫНДА – ИГІ ЖАҚСЫ Избранное

Среда, 02 Февраль 2022 03:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1197 раз

Әр ізгі істің басында игі жақсының жүретіні анық. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Шарапат әже Құрманбекова осындай игі істердің бастамашысы.

153

 

Шарапат Құрманбекова — саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Оның ұстаздық жолды таңдауына ата-анасының ықпалы көбірек тиген тәрізді. Әкесі Қожахмет Отан үшін от кешкен Ұлы Отан соғысының ардагері, ал анасы Хадиша құрметті ұстаз болған. Келін болып, ақ босаға аттаған кезде де ұстаздар отбасына түсіпті.
— Ата-енем де ұлағатты ұстаздар еді. Ата жолын жалғаған біздің әулет — ұстаздар династиясының төртінші буыны. Өсіріп отырған ұл-қыздарымыз да педагогика саласын таңдап, бала тәрбиесімен айналысып жүр. Ұстаздық жолды таңдап, бар ғұмырымды ұрпақ тәрбиесіне арнағанымды мақтан тұтамын, -дейді Шарапат Қожахметқызы.
Еңбек жолын 1970 жылы орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, мектеп директоры, кәсіптік білім беру ұйымында кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 2010 жылы зейнетке шыққан. Десе де, Шарапат әжей ұстаздық қызметін қоғамдық жұмыста да пайдаланып, тәрбие ісінен қол үзбеген. 2012-2015 жылдар аралығында «Ынтымақ» этносаралық қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары және «Әжелер алқасының» жетекшісі, 2015 жылдан Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасы» ұйымының төрайымы қызметін абыроймен атқарып келді. Бүгінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.
Ш.Құрманбекова қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы ретінде көптеген игі істерге ұйытқы бола білді. Мәселен, өзіндей зейнет жасындағы, келер ұрпаққа айтары бар ақ жаулықты аналардың басын қосып, «Ақ тілек», «Асыл әжелер», «Достық» топтарын құрған. 2021 жылдың 17 желтоқсанында Алматы қаласында өткен Халықаралық фестивальде осы «Асыл әжелер» тобы И.Омардың «Шымкентім менің» және Б.Рахымбековтің «Ауылға барамын» атты әндерін шырқады. Сөйтіп, фестивальдің лауреаты атанды. 2020 жылдан бері «Әжелер алқасы» қаладағы әскери бөлімдерде «Әже дәмі» акциясын ұйымдастырып жүр. Акция барысында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға отбасылық құндылық, отансүйгіштік, ұлтжандылық тақырыбында рухани әңгіме өрбітіліп, әжелер әзірлеген дәм ұсынылады. Бүгінде бұл бастаманы республикалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастыру қолға алынбақ.
Ш.Құрманбекова тек отбасы мен мектепте емес, ата-ананың қолдауына мұқтаж әлеуметтік нысандарға да көмек қолын созып жүрген жан. Оған Шымкент қаласындағы «Ана үйінің» үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызының сөзі дәлел.
— Шарапат апайдың «Ана үйіне» деген қамқорлығы ерекше. Әркез өзінің көмегін көрсетуге дайын. Жас аналарымызға халқымыздың салт-дәстүрін насихаттап, ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін бөлісіп келеді. Осындай рухани қолдау — жас аналардың қиындықтан шығуына үлкен демеу, - дейді Қалдар Жұмабайқызы.
Шарапат Қожахметқызы 1987 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2009 жылы «ҚР Білім беру ісіне еңбегі сіңген құрметті қызметкері» медалімен марапатталған. Отырар ауданының «Құрметті азаматы». Сондай-ақ, түрлі мерекелік медальдар мен облыс, қала басшылығының Алғыс хаттарын иеленген. Өткен жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Құрмет» ордені тапсырылды.