Құрылысшы қыз Избранное

Пятница, 04 Март 2022 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1066 раз

Гендерлік теңдік дамыған қазіргі заманда еңбек бөлінісі теңдей дерлік дәрежеде сақталатыны заңдылық. Бұрындары тек ер-азаматтар атқарып келген мамандықтан енді қыз-келіншектерді жиі кездестіру таңсық болмай қалды. Әйелдер көлік жүргізуден бастап зауыттар мен өндіріс секілді бұрын тек ерлерге «арналған» деп саналатын салаларда тер төгіп жүр. Солардың бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлден Қамбарова.

403

 

Гүлден Қамбарова құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Әдеттегідей, жобалау-құжаттама жағында емес, құрылысқа нағыз қажет
материалмен жабдықтау саласында істейді. Нақты айтқанда, «Феб строй» компаниясының материалды-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы.
Ел астанасында туып-өскен Гүлден Ақанқызы бұл салаға күтпеген жерден келгенін айтады. Мұхамеджан
Тынышбаев атындағы Қазақ көлік-логистика академиясының Тасымалдауды ұйымдастыру факультетін тәмамдаған соң, мейрамхана бизнесінде істеп жүреді. Бір ресторанның жұмысын басқарып, өз ісіне жауапкершілікпен көзге түседі.
– Бір күні танысым құрылыс компаниясына менеджер керек деді. Қарқындап дамып келе жатқан мекеменің жұмысын ұйымдастыруға атсалысу керек. Дәл осы саладағы тәжірибе маңызды емес, бастысы, сеніп тапсырылған саланың жұмысын тыңғылықты атқаратын маман қарастырып жатыр екен. Бұл 2012 жыл болатын. Осылайша құрылыс саласында келдім. Әрине, алғашқыда оңай болған жоқ. Әсіресе, құрылысқа қатысты терминдерді білмей, қасымдағылардан сұрап немесе интернеттен көріп жүрдім. Бірақ, әрдайым маған сеніп тапсырылған тапсырманы тыңғылықты орындауға барымды салатындықтан, көп оқып, зерттеп, бұл қиындықтан да өттім, әбден ысылдым. Соның нәтижесі болар, екі жылдан кейін бөлім басшысы болдым, – дейді Гүлден.
Пандемия басталған соң басқа салалар секілді біршама кідіріске ұшыраған құрылыс саласы көп ұзамай жаңа қарқынмен дами түсті. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде – облыс орталығы атанған Түркістан қаласы мен үшінші мегаполис Шымкентте құрылыс қызу жүреді. Сол жылдары көптеген мамандармен бірге Гүлденге де Шымкенттегі бірнеше құрылыс компаниясынан ұсыныс түседі. Бұған дейін құрылыс барысында әбден таныс болып, шаруаны атқару қабілетін білетін әріптестері Гүлденді шырайлы қалаға шақырады. Көп ойланбай, келісім берген кейіпкеріміз осылайша 2020 жылдың тамызында Шымкенттегі құрылыс компаниясының жауапты бөлімі – материалды-техникалық жабдықтау бөлімін басқаруға кіріседі.
Әрине, қазіргі таңда ерлер мен әйелдер мамандығы болып бөлінбейді десек те, құрылыста ер-азаматтар көбірек екені даусыз. Гүлден де жігіттердің ортасында еңбек етіп жүр. Ал, қандай да бір нысанды салуда материалды-жабдықтаудың алар орны ерекше. Себебі, құрылысқа қажет барлық материал мен техниканы, құрылғыларды жеткізу, қабылдап алу, сапасын тексеру – осы бөлім мамандарының жауапкершілігінде. Сондықтан Гүлден де, қыз баласымын деп отырмай, құрылыстың қақ ортасында жүреді.
– Құрылыс белгіленген кестеге сай жүріп, тиісті мерзімде аяқталуы маңызды. Сондықтан, құрылыс жүргізетін компанияның барлық маманы осы бағытта еңбек етеді. Біздің бөлім мамандары да жұмыстың бел ортасында жүреді. Материалдарды, техниканы қабылдап аламыз. Учаске басында таңғы сағат 07:30-да шұғыл жиналыс өткізіп, одан соң 9-ға дейін кеңседе болуымыз керек. Міне, жауапты қызметте болған соң, осы сәттерде ер-азаматтармен бірге жүремін. Оған қоса, біз құм-тас қазылатын карьерлерге, кірпіш зауыттарына барып, материалдың сапасын тексереміз. Әрине, қыз баласына оңай емес, таңертең ерте тұрып, дайындалу керек дегендей. Дегенмен, қазір үйреніп кеттік, – деп жымиды Гүлден Ақанқызы.
Кейіпкеріміз еңбек жолының басында біраз қиындықтар, түсініспеушіліктер мен қызықты оқиғалар болғанын жасырмайды.
– Шығыс менталитетінде қыз баласы от басы, ошақ қасынан алыстамай жүруі керек деген ұғым бар ғой. Ол менің де алдымнан жиі кездесіп тұрады. О баста «Сен құрылыста неғып жүрсің, кеңседе отыра бермейсің бе? ... Дала суық, айнала батпақ, қиналып қаласың» деген көзқарастармен жиі ұшырастым. Мысалы, елордада жүргенде құрылысшылармен нысан басында кездестік. Бригадирімен материалдар туралы біраз сөйлескен соң, «Жарайды, келістік, енді бастықтарыңмен нақтылап алайық» деді маған. «Басшы – менмін» дегенде ол қатты таңқалды. Ал, мына оқиғаны әлі күліп еске аламыз – учаске басында бірінің үстіне бірі қойылған екі контейнер тұр. Ал, ұсақ материалдар соның үстіңгісінде екен. Жас жігіттер менімен әзілдегісі келіп, ешқайсысы сатыны алып келмеді. «Ал, қалай шығасың жоғарыға?» деп қарап тұр. Айналама қарасам, жүк тиегіш техниканы жүргізетін жасы үлкен ағаға көзім түсіп кетті. Бір-бірімізді лезде түсіністік. «Қызым, төбеге шығарайын ба?» деді. Басымды изедім. Ол техниканы контейнердің қасында айдап әкелді. Мен жүк тиегіштің шөмішіне шығып алған соң жоғары көтере бастады. Алғашында қорыққанымнан темірдің жиегінен тас қылып ұстап алдым. Бірақ, оны сыртқа білдірмедім. Мұны көрген жігіттердің қылжағы бірден басылып, сатыны әкелді де өздері де жоғары шықты. Бұған қоса, кеңседен алыс жерге барар кезде бөлек көлік күтіп отырмай, күй талғамай, басқалармен бірге Газель секілді көпшілікке арналған көліктерге мініп кете беремін. Мұндай жағдайға кеңседе кроссовки, шалбар мен арнайы костюм сияқты жұмыс киімім дайын тұрады. Міне, осылайша құрылыста кездейсоқ жүрген адам емес, өзім ісімнің маманы екенімді басшылардан бөлек барлық жұмысшыларға да дәлелдеген соң олардың көзқарастары өзгерді. Әрине, қазір ондай жағдай сирек, құрылыста еңбек етіп жүрген қыздар көбейіп келеді, – дейді Гүлден.
Гүлден өз мамандығын жақсы көретінін айтады. Ата-анасы да қарсы болмай, таңдауына кедергі болмаған. Қай салада болса да еңбек етіп жүрген маман, ең алдымен, кәсібіне адалдық танытып, жауапкершілікті орындаса, өз ісін сүйіп атқарса, жетістікке жетпей қоймайды. Осы қағиданы басты принцип етіп ұстанған қазақтың қызы бүгінде өз әріптестерінің құрметіне бөленген, нағыз шеберге айналған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.