«Бал шөбі» деген атқа ие болған Стевия өсімдігінің жапырақтарынан өндірілген табиғи өнім қолданыстағы қанттан 15 есе тәтті. Мұны қантпен алмастырумен бірге фармацевтикалық бағытта қолдануға болады. Бұл өз кезегінде одан алынатын дәрі-дәрмек өнімдерінің қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуына сеп болмақ.
– Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы елдері осы өсімдікті өсіруге көңіл бөліп отыр. Себебі, Стевиядан алынатын биологиялық қоспа қант диабетін емдейтін, ас қорыту жүйесінің жұмысын реттейтін және жүйке жүйесіне оң әсерін тигізетін қасиетке ие. Біз осы дәрілік өсімдікті өз елімізде өсіріп, өндіріске енгізуді көздеп отырмыз, – дейді жоба жетекшісі А.Азимов.
Ыстыққа төзімді, ашу процесіне ұшырамайтын, өнімдердің дәмін қанық ететін табиғи тәттінің бағасы қолданыстағы қанттан арзан келеді. Одан бөлек, 5 кг стевиозид 1 тонна қанттың тәттісін береді.
Стевия жылу сүйгіш өсімдік болғандықтан, Қазақстанның климатына төзімсіз әрі өнуге бейімсіз келеді. Сондықтан жоба авторлары оны М.Әуезов атындағы ОҚУ жылыжайында көбейтуді қолға алуда. Заманауи құралдармен жабдықталған кешеннің топырағы өңделіп, қосымша минералды тыңайтқыштармен байытылған.
Осылайша өсімдігінен өндірілетін қант еліміздің ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, тағамтану және экономика саласына оң серпін бермек. Алдағы уақытта бұл өсімдікті қаладағы жылыжай кешендерінде өсіру жоспарланып отыр.