БАЛЫҚ ЕМЕС, ҚАРМАҚ БЕРЕДІ Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 740 раз

Жақында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легі
комиссиясының отырысы өтті.

160

 

Қалалық мәслихаттың депутаты Төрайым Сұлтанова төрағалық еткен комиссия құрамында «Шымкент қаласы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Әлтеев, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Іскер әйелдер» кеңесінің төрайымы А.Архабаева, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы А.Қалкабаев,
Қаратау ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Н.Дүйсенов, Еңбекші ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ғ.Мырзашев, Абай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Қ.Керімбеков, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Б.Жанаев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, кеңес жанынан құрылған ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы М.Сынабаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің жетекші маманы М.Сәлімов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы
Ж.Тоғай, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» қоғамдық-саяси газеттерінің бас редакторы Б.Тайжан және жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары З.Орынбеков бар.
Комиссия қаралымына қатысқан 336 азаматтың 226-ның бизнес-жоспарлары мақұлданып, 110-ны кері қайтарылды. Оң нәтиже алған 36-сы жастар санатынан болса, 157-сі – халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар. Ендікі кезекте оң нәтиже алған азаматтарға вusiness.enbek.kz порталындағы жеке кабинеттеріне хабарлама жолданып, грант қаржысын алуды рәсімдейді.
Жалпы, қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легіне өтінімдер биылғы 1-14 сәуір аралығында қабылданды. Ал құжат қабылдаудың келесі легі өтетін мерзім қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшаларында алдын ала жарияланады.
Ескерту: комиссиядан өте алмаған азаматтар бизнес-жоспарды жаңартып, грант беру шарасының келесі лектеріне қайта өтініш бере алады.

«Ақша таппасам, күйеуім «қадайды»

Комиссия әр үміткердің бизнес-жобасын жеке талқылады. Іріктеу негізінен төрт-бес жоба төңірегінде өтіп жатыр. Инновациялық бастамалар жоқтың қасы.
Аспаздық, тігін, темірден түйін түю және мал бағу. Жобасын қорғай алмағандардың дені ата-бабамыздың кәсібі болған төрт түліктен құрады. Қаланың ортасында сиыр сауып, бие құлындатып, ешкі бақпақ, қой бордақыламақ.
Ау, қала ортасында жайым жер жоқ. Қала болғандықтан, малдың қолаңсы иісі тұрғындарға жайсыздық туғызады. Қала әкімдігі осындай себептермен мал ұстауға рұқсат бермейді десең, кейбірі жау көргендей ежірейеді.
Көңілдеріне қанша қарасақта екі-үш айдан кейінгі іріктеуге жақсы жобамен келуіне мүмкіндік бердік.
Бес биенің сабасындай жас келіншек кірді. Төрт бүлдіршіні бар. Бесіншісіне аяғы ауыр. Үйде отырып торт, бәліш, тағы басқа тәттілер пісірер екен. Көршілері тапсырыс береді. Жақындағы дүкендер алады.
– Күйеуің не істейді? - деген сұрақ болды.
Спортшы екен. Бапкер. Дзюдошы. Келіншектің әзілі мықты.
– Ақша таппасам, күйеуім «қадайды» ғой, – дейді.
Комиссия күлкіден қырылып қалды. Бұл жерге түрлі тағдырлы адамдар келеді. Арасында баласы туасы мүгедек, өзі еңбекке жарамсыз адамдар да бар. Олардың көз жасы, эмоциясы тыңдап отырғандардың еңсесін түсіріп, жүрегін езіп жібереді. Ал мына келіншекте позитив тұнып тұр. Дзюдода баспен қадау деген термин бар. Шалт қимылмен қарсыласының қос қолын бұғаулап, ішке енеді де бір аяғымен бұттан іліп, көтерген күйі басымен кілемге сұлатады. Мұны өздерінше баспен қадау деп түсіндіреді.
Енді бапкер дзюдошының бес биенің сабасындай әрі екіқабат келіншегін жерге баспен қадағанын көз алдыңызға елестете беріңіз...
Дегенмен, енді бұл ханымның жұмысы бар. Шаңырағының бір жыртығын бүтіндейді. Ел бай болсыншы. Солай тіледік. «Елде болса, ерінге тиеді».

Дайындаған Б.БАЙДУЛЛАҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.