Басқосудың күн тәртібінде үш басқарманың – атап айтқанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, қаржы және тұрғын үй басқармалары басшыларының есебі тыңдалды.
Алдымен Балмаржан Нарбекова қалада әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Жауапты маманның мәліметінше, 2022 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша қаладағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрайды.
– Осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде биыл 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, бүгінге дейін нақты 6 004 адам қатысты немесе жоспар 17,9 пайызға орындалды. Ал кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3050 адамға кәсіпкерлікті қолдау бағыты көрсетіледі. Оның ішінде 1 900 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерді оқыса, 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант беріледі деп жоспарланған, – деді басқарма басшысы.
Балмаржан Полатқызы бұған қоса алғашқы тоқсанда нақты 3 013 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын хабарлады.
Бұдан кейін күн тәртібі бойынша қаржы және тұрғын үй басқармаларының басшылары баяндама жасады.