Ата заңмен айқындалады Избранное

Среда, 08 Июнь 2022 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 561 раз

Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем берген Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш рет өтті.

557

 

Қазақстандықтар тарихи таңдаудың маңызын түсініп, үлкен жауапкершілікпен сайлауға қатысып, өз дауыстарын берді. Алдағы уақытта елімізді үлкен өзерістер күтіп тұр. Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады. Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600 ден 200-ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты болатыны анық.
Конституцияның жаңа редакциясының ескіден басты айырмашылығы – бұл басқару жүйесінің өзгеруі, биліктің қатаң вертикалынан бас тарту, президенттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға бірқалыпты және заңды түрде көшу болмақ. Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.
AMANAT партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісті. Республикалық штаб құрылып, оған партия Төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Республика бойынша аймақтарда 217 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасы өтті. Сондай-ақ, Шымкент қаласынан да арнайы штаб құрылып, халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шағынаудандар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары, жастары, мұғалімдері, кәсіпорын қызметкерлерімен еркін, ашық форматта кездесулер өтті.
Халықпен өткен кездесулерде тұрғындардың негізі мәселелері тыңдалып, ұсыныс-пікірлері ескерілді. Кешегі өткен сайлауда Шымкент қаласының дауыс беру нәтижесі бойынша алдыңғы қатарда тұрғаны, бір ай көлемінде жасалған еңбектің жемісі деп білемін. Аманаттықтар белсенді түрде дауыс беріп, әділетті қоғамның алғашқы іргетасын қалауға өз үлестерін қосты. Ендігі кезекте әрбір азамат өзгерісті өзінен бастап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел дамуына жасап жатқан оң өзгерістерін қолдайды деп сенемін.

Наргиза КЕРІМБАЕВА,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы
фракциясының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.