Шомылу маусымы: сақтан да, сайранда Избранное

Среда, 15 Июнь 2022 04:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 834 раз

Маусымның 1-нен бастап ел аумағында шомылу маусымы ашылды. Маусым басталысымен-ақ шымкенттіктердің бассейндер мен су айдындарына демалуға асығатыны анық. Оған ата-анасынан жасырын, өзен-көлге рұқсатсыз баратын балалар мен масаң күйде суға түсетін ересектерді қосыңыз. Қай-қайсысы болса да, шомылу маусымында тыйым салынған орындарға барып, қауіпсіздік шараларын сақтамаған жағдайда соңы қайғылы оқиғаға ұласатынын ескермейтіні өкінішті. Мәселен, 5 мамыр күні Ақбұлақ каналында жазатайым оқиға орын алып, 2006 жылғы жасөспірім суға кеткен. Ресми деректерге сүйенсек, биыл елімізде 56 адам суға кетіп, соңы қайғылы оқиғаға әкелген. Оның ішінде 20-сы бала.

9

 

13 су айдынына тыйым салынған

Биылғы шомылу маусымына дайындық барысын білмекке Шымкент қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментіне хабарластық. Департаментке қарасты Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Әуесхан Серіктің айтуынша, Шымкентте 3 мобильді құтқару бекетінде 55 құтқарушы бар.
— Шымкент қаласы бойынша су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 55 құтқарушы қызмет етіп жатыр. Сонымен қатар, жеке бассейндер мен демалыс орындарында арнайы оқу-жаттығудан өткен 60 ерікті-құтқарушы бар. Дегенмен, әр азамат демалыс аймағына барғанда жауапкершілік танытып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы тиіс. Жуырда Азаматтық қорғаныс басқармасы Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасында қала аумағында орналасқан бассейндер мен аквасаябақтардың басшыларының басын қосып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырдық, - дейді Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Әуесхан Досболұлы.
Мамандардың айтуынша, Шымкентте қала әкімінің қаулысымен суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін арнайы бекітілген 5 орын бар. Олар Тоғыс су қоймасының «Холодильник», Бадам су қоймасының «Рахат Бадам» демалыс орны, Қошқар ата өзенінің бастауы, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағындағы көл мен «Жайлаукөл» демалыс орны. Алайда, мұның ішіндегі 3 орынға ғана шомылуға рұқсат етілген.
—Тоғыс су қоймасының «Холодильник», Бадам су қоймасының «Рахат Бадам» демалыс орындары және Қошқар ата өзенінің бастауына шомылуға рұқсат етілген. Сонымен қатар, жазатайым, қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында, Департамент қаладағы аудан әкімдерімен бірлесіп шомылуға тыйым салынған 13 орынды белгіледі. Олар — Бадам, Сайрам-су өзенінің қала аумағындағы барлық арналары; Текесу, Ақжар су қоймасы; Янги-шек, Шымкент магистральді каналдарының қаладағы барлық арналары; Қарасу, Қошқар ата өзенінің барлық арналары; Қайнарбұлақ жасанды көлі; Азат, Көкбұлақ, Хауау, Сасық каналдары. Ескеретін жәйт, Қошқар ата өзенінің бастауы ғана шомылуға рұқсат берілген аймаққа жатады, - дейді Ә.Серік.

8

 

Оқыс оқиға тіркелмеген

Қалада рұқсат етілген су айдынының бірі — «Жайлаукөл» демалыс аймағындағы көл. Алайда, мұнда шомылуға болмайды. Тек катамаранмен суда саяхаттап, табиғатты тамашалай аласыз.
— Жаз айларында демалыс аймағына келушілердің қатары арта түседі. Демалыс орнына тиесілі
40 катамаран күн сайын бақылаудан өтіп, су айдынына шығады. Жалпы орталықта 8 кәсіби құтқарушы бар. Олар екі ауысыммен жұмысқа шығып отырады. Бір жұмыс күнінде
10 азамат дәл осы су айдынындағы жағдайларды бақылап, қадағалап жүреді. Оның ішінде инструктор, құтқарушы азаматтар бар, - дейді «Жайлаукөл» демалыс орнының әкімшісі Қ.Жамалханов.
Қанат Жамалхановтың айтуынша, катамаранмен демалушылардың әрбіріне суда жүзу тәртібі түсіндіріліп, бағыт-бағдар беріледі.
— Міндетті түрде әр саяхаттаушыға жилет кигізіп, оларды катамаран салмақпен ауып кетпейтіндей етіп орналастырамыз. Демалыс мерзімі аяқталғанша су жиегіне қатты жақындамауға, су үстінде катамаранда орын ауыстырмауға кеңес береміз. Сондай-ақ, жел, жауын кездерде суға шығуға шектеу қойылған. Бақылаушы-инструктор үн зорайтқыш арқылы тәртіп бұзған, су жиегіне жақындағандарға ескертіп отырады. Барлық сақтық шаралары сақталды дегеннің өзінде катамаранды игере алмай немесе басқа да себептермен су ортасында, жиегінде тұрып қалатын демалушылар да кездеседі. Ондай жағдайда кезекшіліктегі инструктор моторлы қайықпен жедел жетіп, көмек көрсетеді. Бірақ, адамдар суға құлап кетіп, құтқарушы қызметіне жүгінетіндей оқыс оқиғалар тіркелмеген. Себебі, демалысты тиімді, әрі қауіпсіз етіп ұйымдастыру – біздің міндетіміз, - дейді ол.

Біз үшін қауіпсіздік маңызды

Деректерге сүйенсек, балаларды, оның ішінде әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасының балаларына тегін суда жүзуді үйрету мақсатында бассейн иелерімен 10 меморандум түзіліп, бүгінде 1776 баланы баулып жатыр. Ал, өткен жылы дәл осындай меморандуммен 500 бала суда жүзуді тегін үйренген.
— Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер арасында суда қауіпсіздік шараларын сақтау, келеңсіздікке жол бермеу мақсатында қалалық білім басқармасына қарасты мектептерде «Судағы қауіпсіздік» және «Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету» тақырыптарында интерактивті дәрістер өтті. Оған қаладағы 130 мектептен 27 584 оқушысы қамтылды. Сонымен қатар, суға шомылуға тыйым салынған аймақтарға арнайы тақтайшалар орнатылып, тұрғындарға ақпараттық үнпарақтар таратылды. Себебі, біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды, - дейді Әуесхан Досболұлы.

11


Шымкентте 38 су бұрқақ бар. Аптап ыстық кезеңдерде қала ішіндегі су бұрқақтарда да балалардың ойнап, шомылып жүргенін байқап жатамыз. Алайда, мамандар су бұрқақтарға түсуге тыйым салынғанын және оның қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда. Тіпті, қоғамдық тәртіпті бұзғандар үшін арнайы айыппұл да қарастырылған. Мәселен, су бұрқақта шомылудың қауіпті екеніне дәлел ретінде бір жыл бұрын Алматы қаласында орын алған оқиғаны алсақ болатындай. Онда екі қыз бен олардың анасын су бұрқақта ток ұрып, әзер аман қалған-ды. Әуелі бір қызы су бұрқақта шомылмақ болып түсіп, су астындағы сымдардың бірін іліп кетеді. Қызының жағдайын көрген анасы суға түсіп, токтан есін жоғалтқан және қасындағы екінші қызына да әсер еткен.

10


— Қауіпсіздік сақтау мақсатында Шымкент қаласының Полиция департаменті, ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімі, қалалық білім басқармасы, «Жастар» ресурстық орталығымен бірлесіп, патрульдік және рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жүр. Мәселен, өткен маусымда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 (жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу), 440-баптары (спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу) бойынша Полиция Департаменті 31 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 452 мың 135 теңге айыппұл салынған, - дейді Ә.Серік.

P.S.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды». Иә, жазғы демалысты қызықты әрі тиімді өткізіп, ерекше әсер қалдырғыңыз келсе, суға шомылу кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн. Әсіресе, тыйым салынған аймақтарда, су бұрқақтарда шомылуға, кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Елімізде жыл басынан бері 56 адамның суға кетуі әлі де жауапкершілікті, бақылауды күшейтуді талап етіп отыр. Бұл, ең әуелі, сіздің қауіпсіздігіңіз үшін маңызды!