ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ Избранное

Среда, 27 Июль 2022 05:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 166 раз

қала әкімі маңызды нысандардың құрылысын бақылады

ХХ ғасырдың өзінде адамзаттың алдында транспорттық дамуға байланысты өткір мәселе пайда болды. Бір жағынан халықты жаппай автомобильдендіру жүріп жатса, екінші жағынан ортақ пайдаланудағы жолдар мен инфрақұрылымның дамуы оған ілесе алмай қала беретін. Осылайша әлемнің ірі қалаларында өткен ғасырдың сексенінші жылдарының өзінде бұл проблема өзекті бола бастаған. Ал, бүгінде бұл проблема жаһандық сипатқа ие болып тұр.

55

 

Қазақстанда осыдан 30 жыл бұрын көлік қозғалысы соншалықты қарқынды емес еді. Статистикалық деректер 1991 жылы елімізде 1 миллион 200 мың жеңіл автокөлік болғанын көрсетеді. Ал, автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 96 500 шақырымды құраған. Иә, 30 жылдың ішінде елімізде халықаралық көлік дәліздерінен бастап, елді мекендердің ішкі орам жолдарына дейін жолдар жаңартылды. Кейбір деректер 27 мың шақырым жолдың құрылысы жүргенін көрсетеді. Осының арқасында жолдардың едәуір бөлігінің сапасы артып, халықаралық талаптарға сәйкестендірілгенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, Қазақстандағы жолдардың жалпы ұзындығы 96,5 мың күйінде сақталып, өзгеріссіз қалып отыр. Есесіне осы уақыт аралығында елдегі жеңіл автокөліктердің саны 4 есе көбейген. Яғни, бүгінде Қазақстан жолдарында 4 миллион 800 мың темір тұлпар жүйіткіп жүр. Мамандар еліміздің ірі қалаларындағы қиылыстағы көлік қозғалысының жиілік көрсеткіші 30 жылдың ішінде 0.4-тен (еркін қозғалыс) 0.95-ке дейін өскенін айтады. Осылайша отандастарымыз кептеліс дейтін ұғыммен таныс бола бастады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан қалаларындағы кептелістің көбеюіне жергілікті атқарушы биліктің осынау өзекті мәселеге ұзақ жылдар бойы тиісті деңгейде назар аудармауы, «қала тұрғындарының саны – көлік құралдарының саны», «қала шекарасы – жол инфрақұрылымының жағдайы» деген секілді маңызды жүйелі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің арақатынасына сараптама жасап, тиісті шаралар қолданбауы себеп болған. Басқаша айтар болсақ, ірі қалаларда тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүріп, халық саны жүздеген мың адамға көбейіп жатқан кезде жол инфрақұрылымы соған сәйкес қарқынмен дамып отырмай, артта қалып қойған. Міне, осынау күрделі проблеманы шешу үшін Шымкент қаласының әкімдігі соңғы жылдары нақты шешімдер қабылдап, іс-әрекетке көшті.
Жалпы, Шымкенттің республикалық маңызға ие қала атануына байланысты шаһар ерекше қарқынмен өсе бастады. Соңғы 3 жыл қатарынан Шымкентте тұрғындар саны жылына 60 мың адамға көбейіп келеді. Яғни, 3 жылда халық шамамен 180 мың адамға көбейді. Сөз жоқ, бұл қаланың инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіруде. Автокөлік көбейіп, кептеліс орын алып келеді. Бұл мәселе тезірек шешілмесе, уақыт өткен сайын ушыға түсетін сыңайы бар.
Осыған байланысты 2020 жылдан бастап Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында жолайрық салынғаны белгілі. Өткен жылы бұл жолайрық техникалық пайдалануға берілді. Бүгінде мердігер мекеме жұмысшылары жаяу жүргіншілер өткелінің әрлеу жұмыстарына кірісті. Алдағы уақытта жолайрықтың айналасын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс жылдың соңына дейін толық аяқталады.
Ендігі кезекте Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл қаладағы көлік қозғалысы үшін өте маңызды қиылыстардың бірі. Себебі, Бәйдібек би даңғылы қаланың оңтүстігі мен солтүстік бөлігін, ал, Арғынбеков көшесі – қаланың шығысы мен батысын байланыстыратын магистральды жол. Бұл жерде үш деңгейлі заманауи жолайрық салынуда. Ол тоннель, жер үсті бөлігі және эстакада бөліктерінен тұрады. Арғынбеков көшесіне тоннель салынса, Бәйдібек би даңғылында эстакада бой көтереді. Құрылыс алаңы Бәйдібек би көшесінде – 700 метрді, ал, Арғынбеков көшесінде 921 метрді құрайды. Ені 80 метрлік 6 жолақты автомобиль жолын, аяқжол мен веложолақ салу да жоспарланған. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.

56


Өткен демалыс күндері Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жоғарыда аталған қос жолайрықта да болып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын бақылады.
–Жолайрықтың құрылысы кезінде көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру үшін арнайы сызба әзірленді. Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген. Соған қарамастан бұл жағдай тұрғындар үшін уақытша қолайсыздықтар тудырып жатқанын естен шығармауымыз керек. Демек, жұмыстың кестеге сәйкес, уақтылы жүргізілуі өте маңызды. Сондай-ақ, құрылыстың сапасы да барлық талаптарға сай болуы тиіс, - деп ескертті Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер компания және жауапты мемлекеттік органдардың басшыларымен әңгімелесу барысында.
Айта кетейік, Бәйдібек би даңғылы 6 шілдеден бері жабық тұр. Жауаптылар 1 қыркүйек күні Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылатынын айтады. Ал, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесіне бұрылып, А.Байтұрсынов көшесіне қарай өтетін көрінеді.
Қаланың кейбір тұрғындары «Қонаев-Рысқұлов қиылысындағы жолайрық кептеліс мәселесін шешкен жоқ» деп сын айтып жатады. Бірақ, мамандар бір-екі жолайрық үлкен мегаполистегі кептеліс проблемасын толық шешпейтінін айтады. Ол тек сол қиылыстың көлік өткізу қабілетін ғана арттыратын көрінеді. Ал, проблеманы толық шешу үшін оған кешенді түрде қарап, жүйелі жұмыс жүргізу қажет екен. Сол үшін алдағы уақытта жоғарыда айтылған 2 жолайрықтан бөлек тағы кемінде 3 жолайрық салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Бәйдібек бидің
Н.Назарбаев даңғылымен қиылысында және Бәйдібек би мен Қ.Төлеметов көшелерінің қиылысында қос жолайрық салынады. Басқарманың мәліметі бойынша оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.
Сондай-ақ, қазір қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатқаны белгілі. Соған сәйкес егжей-тегжейлі жоспар да қайта қаралады. Сол кезде Бәйдібек би даңғылының басындағы, яғни, Бозарық бағытындағы айналма жолда да үлкен жолайрық салу жоспарланған.
Кептеліс мәселесі тек жолайрықтардың құрылысы арқылы шешілмейді. Қазір қаланың оңтүстік бөлігіне қарай Дінмұхамед Қонаев даңғылының жалғасы салынып жатыр. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, жақында ғана бұл құрылыстың 3-ші кезеңі техникалық пайдалануға берілген.
Таяуда қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл құрылыс нысанында да болып, жұмыс барысын бақылады. Шаһар басшысы Д.Қонаев даңғылының 5 кезеңіндегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Бадам өзенінен бастап, 6 кезеңіне дейін аралықты қамтиды. Яғни, Сәуле шағынауданын жарып өтіп, әскери бөлімнің арғы жағына дейін шығады.
Құрылыс жобасы бойынша
5 кезеңнің ұзындығы 4,6 шақырым, жолдың ені 23 метрді құрайды. Жолдағы салынып жатқан аяқжолдың ені 3 метр,
6 қозғалыс жолағы бар. Бесінші кезеңнің жұмыс шеңберінде жол негізін әзірлеу, тас төсеу, суағарларды орнату, су өткізгіш құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, құрылыс белдеуіндегі инженерлік желілерін ауыстыру жұмыстары жоспарланған.
Сонымен қатар, бұл учаскеде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі – тірек қабырғаларын орнату. Оның ұзындығы оң жағынан
1 620 метрді, ал, сол жағынан – 1 689 метрді құрайды екен.
Жалпы, Д.Қонаев даңғылы жалғасындағы құрылыс жұмыстары шартты түрде 6 учаскеге бөлінген. Бірінші учаске өткен жылы аяқталды. Даңғылдың Түркістан көшесінен Қошқар ата өзеніне дейінгі бөлігі дайын тұр. Қазір екінші учаске Қошқар ата өзенінен бұрынғы тігін фабрикасының аумағына, яғни, Терешкова көшесіне дейін жалғасады. Ұзындығы 1,7 шақырым. Бұл – өте күрделі учаске. Өйткені, онда Қонаев даңғылының Тәуелсіздік және Рашидов көшелерімен қиылыстарында 2 жер асты өткелі салынуда. Қазір бұл учаскеде қызу жұмыс жүріп жатыр.
Үшінші кезең Терешкова көшесінен басталып Бадам өзеніне дейін жалғасады. Бұл учаске де жоғарыда айтқанымыздай дайын тұр. Мұнда теміржолдың астынан өткел салынды. Төртінші учаске – Бадам өзені арқылы өтетін көпір. Ол да өткен жылы салынып біткен, қазір дайын тұр.
Бесінші учаске жайлы айттық. Ал, алтыншы учаске Сәуле шағынауданынан шығып, Ақжар елді мекенінің тұсынан Ташкент тас жолына дейін жалғасады.
Жалпы, жыл соңына дейін екінші және бесінші учаскелер аяқталса, Қонаев даңғылын Сәуле шағынауданындағы Саттарханов көшесіне дейін техникалық пайдалануға берілуі мүмкін. Даңғылдың қалған бөлігі, яғни, алтыншы учаскедегі жұмыстар 2023 жылы аяқталады.
Түйіндей айтқанда, Д.Қонаев даңғылының жалғасы мен жоғарыда айтылған жолайрықтар толық салынып біткен кезде, Д.Қонаев пен Бәйдібек би даңғылдары арқылы қаланың оңтүстігінен солтүстігіне қарай магистралды жолмен тіліп өтуге болады. Қазіргі мақсат осы жолдың өткізу қабілетін барынша жоғарылатып, оны «жасыл дәлізге» айналдыру болып отыр.
Әрине, қаладағы жол-көлік инфрақұрылымының сапасы тек магистралды көшелермен ғана өлшенбейді. Сондықтан қаланың әкімдігі елді мекендердегі ішкі жолдарды да назардан тыс қалдырмай отыр. Соның дәлелі ретінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы Игілік тұрғын алабындағы жолдардың орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, жұмыстың сапасын жеке өзі бақылағанын айтуға болады.
Қазір Игіліктегі Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата және атауы жоқ №№32,33,34,35 көшелерге, жалпы ұзындығы 6,8 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан асфальт жабыны төселуде. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.
Иә, «экономиканы дамытқың келсе, жол сал» деген бұрыннан қалыптасқан қағида бар. Қалада жол инфрақұрылымының дамуы қозғалыстың жайлылығы мен қауіпсіздігін жақсартып қана қоймай, шымкенттіктердің әл-ауқатының жақсаруына да септігін тигізеді деген сенімдеміз.