Отанды сүю – имандылық пен елжандылықтың белгісі

Пятница, 29 Январь 2016 06:26 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 8202 раз

Ата-бабаларымыз қорғаған, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы, бейбітшілігі мен тыныштығы, әлеуметтік және рухани дамуы бәрінен қымбат. Бұл тұрғыда, қазақтың салт-санасы өз ұрпағын, туған топырағын шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеген. Дәстүрге берік ата-бабаларымыздың бойға сіңген осы бір қасиеті ұлаңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарға тойтарыс берді. Сынық сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша қолына қару алып, жауына қарсы тұрды. Оның түпкі мәні олар туған жерін шексіз сүйді. Сол жолмен баласына тәрбие берді. Қазақтың осындай асыл қасиеттері қай халыққа да өнеге-үлгі бола алады. Яғни, өзін ұлтының патриотымын деп санайтын әрбір азамат ең әуелі, елдің  мүддесін, халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлауы тиіс.

610

Асыл дініміз Исламда отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айырықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – депті. Иә, шын мәнінде, Отанға қызмет ету – әрбір ел азаматы үшін үлкен мақтаныш. Ата-бабаларымыз қорғаған, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы, бейбітшілігі мен тыныштығы, әлеуметтік және рухани дамуы бәрінен қымбат. Отанды сүю, әрине, иманнан екені сөзсіз. «Екі көзді тозақ оты шалмақ емес: біріншісі, Алладан қорқып, жылаған көз, екіншісі, елінің тыныштығын күзетіп, кірпік қақпаған көз» деген хадис бар. Иманы әлсіздер Отанның қадір-қасиетін терең түсіне алмайды, тәні мен жаны қатерге тігілген сәтте елін, Отанын қорғауды бұйырған Жаратқанын ұмытып, арғы жақта алатын жазасын елемей, тайқып шыға келері бек мүмкін. Ал асыл дінімізде бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі.
Осы орайда, халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген  аталы сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан  сұраққа тартылады» - деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие беруге, туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, отанын қорғауды, кісінің, мемлекеттің ақысын жемеуді үйретуге отағасы жауапты. Өзіңізден бастап, ұрпағыңыз Алладан қорқып, мемлекет мүлкін жемей, оны қорғауға, одан әрі дамытуға күш салатын болса, елінің тыныштығын күзетуді илаһи борышым деп білсе, еліміздің болашағы жарқын деуге болады.
Отанға қызмет көрсетуде, оның халқын имандылық жолына шақыруда атақ-абырой үшін емес «ұрпағым, елім болашақта қор болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік ұстану шарт. Қарап отырсақ, жер бетінде отансыз ұлттар қаншама?! Ендеше, атадан қалған асыл мұраны сақтап, иманды да, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті парызымыз.
Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын қастерлі орда. Бұл ретте, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев
айтқандай: «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан!» – деген қағидалы сөзді айрықша атап өткен жөн секілді.
Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына кө­ңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді. Ендеше, адамгершілік, имандылық жолынан жаңылдырмай, Алла Тағала Отанымыздың тәуелсіздігін баянды етсін! Ел тыныштығы мен тұрақтылығы үшін еңбек етіп жүрген ерлердің ісіне береке берсін!

Нұрғали ЕРІМБЕТОВ,
«Халифа Омар»
мешітінің бас имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.