Зайырлылық талаптарын орындау – ортақ міндет

Пятница, 21 Октябрь 2016 06:52 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 6679 раз

Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы бекітіп, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенетінін айқындаған.

photo 17221Қазақстанның мемлекеттік білім беру жүйесі де зайырлы және оның діни білім беру жүйесінен бөлек екенін айта кету керек. Яғни, зайырлылық ұғымы – білім беру мекемелерінде жастар бойында белгілі бір діни көзқарасты қалыптастыруға қарсы екенін білдіреді. Зайырлылық – Ата Заңмен бекітілген мемлекет тұрпаты, сондықтан Конституция негізінде жасақталған ҚР «Білім туралы» Заңы да зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. 

ҚР «Білім туралы» Заңына сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады. Аталмыш заңға сәйкес білім беру ұйымдарында діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, діни ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады. 

Сонымен қатар ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 4-тармағында «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп атап көрсетілген. 

Зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты болып табылады. 

Мектеп формасына қатысты талаптар «хиджаб киюді» ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.

Барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі. Дінаралық қақтығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі болып, оған заң нормаларын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс. 

Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені жөн. 

Мектеп қабырғасында жүрген шектеулі кезеңде хижаб кимеу қыз баланы мұсылманшылықтан шығармайтынын мұсылмандардың түсінгені дұрыс. Дін формаға емес, мазмұнға сүйенеді, яғни кез келген дін үшін сырттағы киім емес, жүректегі иман маңыздырақ.

Кейбір ата-ана тарапынан «хиджаб кимеген қыз – мұсылман емес» деп айтылып жүрген көзқарастар Ислам дінінің қағидаттары мен ұстанымына жат. Ислам дінінде адамның сыртқы атрибутикалық келбетінен бұрын, оның ішкі жан дүниесіне, иманының шынайылығына үлкен мән берілетіндігі «Алла Тағала сендердің түрлерің мен мал-дүниелеріңе қарамайды. Алла Тағала сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деген хадис шарифтен көрініс тапқан.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.