Қала әкімінің кубогы сарапқа салынды

Пятница, 15 Май 2015 02:28 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3976 раз

Жеңіс күнінде қаламыздағы жеңілатлетикалық спорт кешенінде бокстан «Шымкент қаласы әкімінің кубогы» жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды. 1997-1998 жылы туған жас боксшылар арасындағы жарысты Шымкент қалалық №5 бокс мектебі мен облыстық бокс федерациясы бірлесе ұйымдастырды.


2222222Осымен 6-шы рет жалауын көтерген бокс додасына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Армения және Моңғолия елдерінің ең үздік боксшылары қатысты. Турнирдің ресми ашылу салтанатында Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, спорт ардагері Ақжол Асқаров құттықтау сөз сөйлеп, елде бокстың дамуына барлық жағдай жасалынып жатқанын айтты.

Бес күнге созылған тартысты сайыста Алматы қаласының  командасы жарқырай көрінді. Олардың еншісінде – үш алтын. Ал, шымкенттік боксшылар екі алтынға иелік етіп, екінші сатыға орнықты. Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облысы, сонымен қоса ­өзбек елінен келген боксшылар да бір-бір алтын медалға иелік етті. Жарыста 49 келіде сынға түскен жерлесіміз Сәкен Бибосынов турнирдің ең үздік боксшысы болып танылды.

Атап өтерлігі, биылғы бәсекеде Бейжің ойындарының қола жүлдегері, бүгінде кәсіпқой бокста атой салып жүрген қандасымыз Қанат Ислам да турнирге қонақ ретінде қатысты. Қала басшысы даңқты боксшыға сый-құрмет көрсетіп, шапан кигізді. Шымкентке арнайы келген Қанат Сіләмұлына жанкүйерлердің де ыстық ықыласы ерекше болды.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.