Оңтүстік спорты: елеулі жетістіктермен ерекшеленді Избранное

Среда, 30 Декабрь 2015 06:21 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6173 раз

Күш атасы Қажымұқан бабамыз мәңгілік дамылдап жатқан, Бекзаттай баһадүрі, Мұхтархандай мықтылары бар Оңтүстік өлкесінің спортшылары үшін биылғы қой жылы аса тартысты жыл болды десек, қателеспейміз. Неге десеңіз, біздің саңлақтар келесі жылы алауы тұтанатын Рио-де-Жанейро Олимпиадасының іріктеу сындарына қатысып, биылғы көптеген жарыстардың көрігін қыздырды. Жеңіс те, же­ңіліс те, қуанышы мен әт­те­ген-айы да болды, әрине. Дегенмен, нәтижесіз емеспіз. Тәубе дейік. Қыз-жігіттеріміз төртжылдықтың басты додасына барар жолда жылды 12 жолдамамен аяқтады.

Маңызды спорт нысандары ашылды

1383184 382219528574653 2078210679 nКелер жылдан да үмітсіз емеспіз. Сәтін салса, келесі жылға дейін Олимпиада жолдамасының санын 20-дан асыру көзделіп отыр. Біз бүгін оқырмандарымыздың назарына Оңтүстік спортшыларының осы жылы қандай ірі додаларға қатысып, қандай көрсеткіштерге қол жеткізгені туралы баяндауды жөн көрдік.
Оңтүстіктің намысты спортшылары биылғы жарыстарда барын да салды, жанын да салды. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері біздің сайыпқырандар Қазақстан чемпионаттарынан 396 алтын, 377 күміс және 340 қола медаль олжаласа, Азия чемпионаттарынан 56 алтын, 34 күміс және 41 қола медальды қоржынға салды. Ал әлем чемпионаттары мен кубоктерінен 44 алтын, 21 күміс және 20 қола жүлде жеңіп алыппыз. Бағалағанға бұл да аз табыс емес қой. Бапкер мен спортшының үйдің бетін көрмей жүріп, тынымсыз еңбектенгенінің арқасында келген табыстар бұл. Бұл ретте аймақ спортының ыстығы мен суығына көндігіп жүрген билік басындағы азаматтардың да еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Тағы да деректер мен цифрларға сөз берейікші. Биыл Қазақстан Республикасының құрамаларына облысымыздан 391 спортшы қабылданды. Бұл да ақжолай жаңалық. Өңірімізде спорт нысандарының саны өткен жылмен салыстырғанда 92-ге артып, 5042-ге жетті. Шымкентте халықаралық талапқа сай көркем гимнастика спорт кешені мен «Бадам» су қоймасында ескекшілердің базасы ашылды. Тассай елдi мекенiндегi «БИIК» спорт кешенiнде пайдалануға берілген «Оңтүстiк» футбол академиясының да маңызы бөлек. Мұнда қазір Испаниядан 5 бапкер шақыртылып, олар әйгілі «Барселона» клубының жүйесiмен 70-ке жуық шәкірттің шеберлігін шыңдап жатыр.
Сөз реті келгесін айта кетсек, бүгінде Оңтүстікте чемпион болам деп мақсат қойған спортшыларға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бес сайыс дейсіз бе, жоқ әлде он сайыс па, бәрі бар. Қысқы, жазғы спорт түрлеріне арналған су спорт кешендері де жеткілікті. Атқан оғын жүзіктің көзінен өткізген садақшы, мергендер мен ат құлағында ойнап өскен кешегі қайран бабалардың бүгінгі ұрпағы Олимпиадада олжа салуы үшін де арнайы ғимарат пен заманауи ипподром есігін айқара ашқан. Әйгілі «Шымбұлақ» секілді «Қасқасу» тау шаңғысы базасында да («Тау самалы» базасынан бөлек) бүгінде қызу жұмыс жүруде. Бұған қуанасыз ба, қуанбайсыз ба? Әрине, мерейіңіз артып, ризалық кейіпте болатыныңыз сөзсіз.

Олимпиадада кiмнен үмiт күтемiз?

image97225Енді спортшылардың жетістігін саралап өтсек. Биылғы бәсекелерде озық өнерімен көпшілікті тәнті еткендердің бірі – шойынжұдырық боксшымыз, әлем чемпионы Біржан Жақып. Ол AIBA Pro Boxing жобасының лицензиялық екінші маусымында мықтылығын байқатып, Олимпиада жолдамасын иеленді. Біржанның бұған дейінгі Бейжің, Лондон Олимпиадаларында төрешілердің әділетсіздігінен жүлдеге жақын қалғанда сүрінгені есімізде. Оның бағындырмаған бір белесі бар екенін білеміз. Демек, бұл бәсеке шымкенттік боксшы үшін «не бел, не белбеу кетеді» дейтін нағыз тартысты дода болары анық. Мамандар «жолы ауыр боксшы» деп жатады. Дегенмен Біржан қазір бабында. Ірі әлемдік жарыстардың барлық медалін мойнына таққан оған енді тек Олимпиаданың медалі ғана жетпей тұр. Ендеше, осы олқылықтың орны бүтінделіп, бағы жанса екен деп тілейміз.
Қой жылын той жылына айналдырып, жеңіске деген жігерлілігімен жұртшылықтың ілтипатына бөленген спортшының бірі, таэквондошы – Нұрсұлтан Мамаев. Лондон Олимпиасында бақ сынаған Нұрсұлтан биыл Оңтүстік Кореяның Кванжу қаласында өткен жазғы Универсиадада 58 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыластарын ұтып, чемпион атанды. Қазіргі таңда ол Олимпиадаға ұпай үлестіретін жарыстарға қызу дайындық жүргізуде.
Оңтүстіктің ғана емес, күллі Қазақ елінің намысын абыроймен қорғап жүрген дарынды спортшымыз, Олимпиада ойындарына үкілеген үмітіміз – Жазира Жаппарқұл. Күні кеше облыс бойынша «Жылдың үздік спортшысы» номинациясын жеңіп алған Шымкенттің шымыр қызы ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш жүлдегер әрі екі дүркін әлемнің күмісін олжалаған. Арыстың асау толқынындай мінез көрсете білетін Жазира биылғы қоңыр күзде АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы әлем чемпионатында екiншi жыл қатарынан күмiс жүлдеге қол жеткiздi. 69 келi салмақ дәрежесiнде сайысқа түскен намысқой қыз қоссайыс қорытындысында 256 келi (116+140) салмақты көтеріп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама алды. Кім біледі, Жазира қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болып жатса, Алты Алаштың абыройы асқақтары анық.

«Ордабасы» Еуропаға барады

Олимпиада демекші, келесі жылғы Риодағы бәсекеде облыс намысын қорғайтын өзге де спортшыларымыз жөнінде айта кеткеніміз жөн болар. Биылғы лицензиялық турнирлерде бірнеше спорт түрлерінен сайысқа түскен жерлестеріміз жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. Әсіресе, мергендеріміз алғашқылардың бірі болып үш бірдей (Р.Юнусметов, Е.Король және Ю. Юрков) жолдаманы иеленді. Сосын байдарка мен каноэде ескек есушілер Азия чемпионатында рекорд орнатып, үш бірдей жолдаманы қанжығасына байлады. Айта кетерлігі, бұған дейінгі өзге сынақта А.Емельянов пен Д. Сұлтанбеков те жолдама жеңіп алған болатын. Нәтижесінде аймақ спортшыларының қоржынында ескекшілердің төрт лицензиясы бар. Ел тарихында алғаш рет Оңтүстіктің ескекшілері осыншама жолдамаға қол жеткізіп отыр. Бұдан бөлек, садақ атудың шебері шымкенттік Л.Сайдиева Бангкокта өткен Азия чемпионатының аясында арнайы сынақта көптен күткен жолдаманы қалтаға басты. Әрине, Олимпиадаға жолдама алудың өзі оңайлықпен келмейді. Ол сындардан сүрінбей өткеннің өзі ерлікпен пара-пар. 
Командалық спорт түрлерінде де биыл Оңтүстік спортшылары намысты қолдан бермеді. Бокстан «ҚР Бокс федерациясы кубогiн» сарапқа салған додада ОҚО боксшылары финалда Астана командасын тас-талқан етіп, Оңтүстiк бокс мектебінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Балуандарымыз да қарап қалмады. Грек-рим күресінен Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының кубогi жолындағы сайыста «классиктеріміз» қарсылас шыдатпай, чемпиондық тұғырға көтерілді. Айтпақшы, биыл «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан біріншілігінде 4-орынға тұрақтап, Еуропа Лигасының келесі маусымына жолдама алды. Бұл да елеулі табыс.
Міне, қой жылындағы Оңтүстіктің мерейін үстем еткен негізгі жарыстардың нәтижесі осындай болды. Әрине, үлкенді-кішілі қай жарыс болсын, ондағы жүлделерді бөле-жармаймыз. Бастысы әрбір жетістіктің маңдай тердің өтеуімен келгені айқын. Жаңа жылда Оңтүстік спортшыларының табыстары мол болғай!

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.