МӘ, ҚҰЙРЫҚ ЖЕЙСІҢ БЕ?

Пятница, 15 Май 2020 02:46 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1409 раз

3dcc13d1af8bfda962cf73d466ad5e7e

Мұхтархан ердің сойы ғой. Ділдабековті айтам. Боксшы болам деп талаптың атын ерттеп мінгендерден он жыл кейін бокс қолғабын қолына киді. Былай айтқанда 18 жасында көкпар тартып жүріп келіп қалды. Айналдырған 5-10 жылда спорт жұлдыздарына арман болған барлық жүлделерді жеңіп алды. Аса ауыр салмақта кеше де, бүгін де оның алдына түскен қазақ жоқ.

Жыл сайын турнир өтеді. Мұхтархан Ділдабековтің жүлдесіне. Халықаралық. Қазақстаннан бөлек Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан бар. Жиыны он бес шақты мемлекеттен жастар келген. Өз елінің кілең чемпиондары.
Біздің жігіттер мықты екен. Былтыр Азия чемпионатын Өзбекстан чемпионатымен шатыстырып алған ала топылы ағайындардың ең соңғы үміті ауыр салмақтағы боксшысында. Алтыны жоқ. Жоқ болуы да мүмкін еді. Алматылық бозбала мықты шықты. Соққылары жойқын. Таза ұрады. Жеңгеніне шүбәсіз едім, рефери өзбек боксшысын қолын көтерді.
– Әй, мыналарың не?
Мұхтархан, ақкөңіл інім кеңкілдеп күледі.
– Обал ғой, аға. Біздің жігіттердің алтынға өкпесі жоқ. Мыналар да еліне жарқырап барсын да...
Осы енді. Сүйтсем, облыстық бокс мектебінің директоры, кезінде айтулы боксшы болған Заңғар Қасқаев інім де ашуланып тұр. «Олар мынадай жекпе-жекте бізге өлсе де жеңіс бермейді» дейді.
Сосын Мұхтархан туралы әңгіме кетті. Жақсы жағына.
Сиднейде ол Кубаның ғана емес, әлемдегі ең алып боксшылардың бірі Рубалкабаны есеңгіретіп тастағанын дүние жүзі көрді ғой.
Бірақ, сол Рубалкабаның Сиднейден екі жыл бұрын Қазақстанға келіп Азияның супер алыптарын жамсатып кеткенін көп адам біле бермейді.
Оқиға Қарағандыда Ғалым Жарылқаповты еске түсіруге арналған халықаралық жарыста болған. Ол кезде Өзбекстан құрамасының бетке ұстары, Әлем Кубогінің жеңімпазы Ләшкер Закиров болған.
Рустам Саидов екінші. Қазақстаннан Мұхтархан Ділдабеков бар. Рубалкаба бәрін дырдай қылып сабапты. Арбаға таңып қоймаған. Қара зәңгі бес батпан жұдырығымен алдымен Закировті құлатқан. Сосын Сабировты. Мұхтарханмен ақтық сында тойласыпты. Бокстың «Әліппесін» оқымай-ақ құрамаға өтіп кеткен біздің батыр қайқалаңдап қаша ұрыс салды дейді.
Қара зәңгі төрт раунд бойы еңкілдетіп қуған.
Заңғар айтады. Мұхтарханмен бір бөлмеде жатамын. Жарыстан соң қараймын, Мұхтархан жоқ. Бапкерлер де, боксшылар да таппай жатыр. Бөлмеге келсем, Мұхтарханның бір қолында қой құйрығы, бір қолында пышақ. Қиялап турап жеп отыр.
Артық сөз айтсам ұрып тастауы мүмкін. Қорқып та отырмын. Бірақ, үнсіз отыра беруге болмайды. Сөз табу керек.
– Мұхтархан, сен маладессің.
Мұхтархан маған тесіле қарады. Кекетіп отырма деп. Қасында пышақ. Сыр білдірмедім.
– Мұхтар, өзің қара. Ана екі өзбекті Рубалкаба талдырып тастады. Саған төрт раунд бойы ештеңе істей алмады ғой.
Әлі де бойымда қорқыныш бар. Ашуланып бір ұрса сүйегің шашылып қалады.
Жоқ, ұяттан өртеніп отырған Мұхтархан ептеп жадырады.
Қолындағы құйрықтан бір білем кесіп алып ұсынды.
– Мә, Заңғар, май жейсің бе?!
Осыны айтып Заңғар кеңкілдеп күледі. Батыр аңғал деген осы. Жеңілгенін Мұхтар білмей отырған жоқ. Бірақ, аналар құсап құлап қалмағаны дәтке қуат. Тауып айтылған сөз іштей тығылып отырған батырдың құлағына майдай жаққаны анық.

 

1522731076 article b

 

Мұхтархан Ділдабеков. Азия чемпионаты, Азияда ойындарында алдына жан салған жоқ. ТМД-нің жеңімпазы болды. Әлем чемпионатында және Олимпиада ойындарында ақтық сынға жетті.
Тағы да қайталап айтайық, аса ауыр салмақта қазақта бұл белесті бағындырған боксшы жоқ. Мұхтар ағасынан асатын жігіттер болса деген тілеудің азаматтарымыз. Тезірек
ассыншы.
Бір қызығы, осынау жетістіктерге ол қазақша құлаштап ұрып-ақ жетті. Оны Елбасы да айтып күлген. Бапкері Нұрғали Сафиуллин, Рубалкабадан сескеніңкіреп бокстасып жатқанда, алыс Австралияның шаршы алаңында, бүкіл әлем көз алмай қарап отырған айқаста «қазақ емессің бе?!» деп жағынан тартып жіберетін Нұрғали көкеміздің айтқаны бар.
«Мұхтархан бокстаса білмейді, бірақ, қалай жеңуді біледі деген. Қанатты сөз. Ол ойдың бір кілті бар еді.
Намыс. Қазақтың, ердің намысы. Елдің тілеуін орындау. Мұхтархан намыс жолында қабырғасын біртіндеп сөксең де, қабағын шытпайтын ердің сойы ғой.