Дәуренбек САНДЫБАЕВ, Асанбай Асқаров атындағы қоғамдық қордың төрағасы: «ТАЗАЛЫҚ ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ – АСҚАРОВ ТҰЛҒАСЫНЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚЫРЛАРЫ» Избранное

Среда, 19 Октябрь 2022 07:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 618 раз

–Дәуренбек аға, биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 толып отыр. Ол кісі облысты басқарған жылдары Сіз де ауыл шаруашылығы саласында жауапты қызмет атқардыңыз ғой. Ол кісінің іскерлігі, елге сіңірген еңбегі мен кісілік келбеті туралы естеліктеріңізбен бөлісе отырсаңыз...

510

 

–Асанбай Асқаров тек қана оңтүстік өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқан көрнекті тұлға. Өйткені, көпшілік ол кісінің Шымкент облысын басқарған жылдардағы еңбегін айтып жатады да, Жамбыл мен Алматы облыстарындағы атқарған сүбелі еңбектері көп айтыла бермейді. Мәселен, Асқаров Асанбай кезінде Алматы қаласы архитектурасы және мәдени көрінісін өзгертіп, Алматы облысында Күрті және Қапшағай аймағындағы Ақдала және Шенгелді суғарылу массивтерін игеруді бастаған адам.
Ал, туған жері Жамбыл облысында 2-ші Түркісібке айналған Хантау-Сарышаған, Шу-Мойнты темір жол бөлімдерін іске қосқан. Асқаровтың еңбегінің арқасында ашылған бұл теміржолдар әлі күнге дейін халықтың, елдің игілігіне қызмет етіп тұр. Оған қоса Жамбыл облысында фосфор өндірісінің өркендеуіне ықпал еткен бірден бір басшы Асқаров екенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол кісінің табандылығы мен қайраткерлігінің арқасында Химпром өндірістік бірлестігінің негізі қаланған.
Ұлы Отан соғысының ардагері, әскери шені полковник Асанбай Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 1951-1985 жылдары аралығында комсомол, совет, партия салаларында қызмет атқарған.
Асекең 1978-1985 жылдары Қазақстан коммунистік партиясы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Облысқа басшы болып келген күнінен бастап өзінің іскер, ұйымдастыру қабілеті зор білікті басшы екенін көрсете білді. Ол кісінің басшылығымен Шымкент қаласында балалар темір жолы, дендросаябақ, хайуанаттар паркі, атшабар, №3 жылуэлектр станциясын, көп қабатты үйлер, жасанды көл, мәдени, спорт, сауда орталықтары салынды.
Асанбай Асқаров – ауыл шаруашылығы саласының үлкен білгірі болатын. Облысты басқарып тұрған кезінде әрбір дақылдың өнімділігін, гектар түсімін қалай арттыруға болады деген мәселені жеке-жеке ғылыми тұрғыда зерттеуге бастамашы болды. Жүгері, бидай, мақсары мен күріш секілді дақылдарды өсіргенде қандай сортты тұқым еккен тиімді, қандай агротехникалық шараларды қолданып, қандай тыңайтқыштар берген жөн деген сауалдардың бәріне ғылыми негізде жауап берілуіне ықпал етті.

Мен сол жылдары Шардара ауданындағы ВАСХНИ-ге қарасты күріш тұқымын дайындайтын Қызылқұм ғылыми-тәжірибелік шаруашылығында директор қызметін атқарып жүрген едім. Асекеңнің тікелей басшылығымен ұйымдастырылған төрт күндік семинарға қатысып, өзіміздің тәжірибемізбен бөліскеніміз, күріштің ең тиімді тұқымдарын ұсынғанымыз есімде. Облыс басшысы бола тұрып осы семинарға бастан-аяқ қатысып, сондағы материалдарды кітап етіп шығарып, бүкіл облысқа таратқан болатын. Бірінші хатшының осындай жанашырлығының арқасында облыстың ауыл шаруашылығы саласын өркендеп, қанатын кеңге жайғаны баршаға мәлім.
Өкінішке қарай, 1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Колбин басқарған кезде, одан кейін де Асекеңнің басына ауыр күндер туып, төрт жылд ан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа жағылған жала 80-жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді. Тергеу кезінде оған 1986 жылы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысы бар, ұлтшылдығы сияқты «кінәлар» тағылды. А.Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып,
Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.

– Көзкөргендері Асекеңнің іскерлігімен қатар адамгершілігін, салиқалы мінезін, кең пейілі мен елге деген махабатын да айтып жатады ғой...

– Бір ғана эпизодты айтып берейін. Бірде Шардара ауданында Асқаровтың төрағалығымен өткен жиналысқа қатыстым. Асекең 5 рет Ленин,
2 рет Қызыл жалау, Октябрь революциясы ордендерімен марапатталған ғой. Ол кісінің елге сіңірген еңбегі ескеріліп, Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Содан әлгі жиналыста сөзге шыққан адамның бәрі осыларды алға тартып, «Сіз Еңбек Ерісіз, батырсыз» дегенді жиі айта берді. Сол кезде Асекең
«Айналайын ағайын, ниеттеріңізге рахмет! Бірақ, бір адам қанша еңбек етсе де қайбір ұшпаққа шығар дейсіз?! Еңбек – халықтікі. Демек, мен бұл атақты туған халқымның арқасында алып, төсбелгісін халқымның атынан кеудеме тағып жүрмін» деді. Міне, бұл Асекеңнің елдің қадірін білетін нағыз ер екенін, оның қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін паш ететін көрініс деп ойлаймын.
Асанбай аға Асқаров – ғұмырында көлденең жолдан бір сабақ жіп алмаған, қанағатпен қанаттанып, қарапайымдылықтың ерен үлгісін көрсетіп кеткен қазақтың қайсар да адал ұлдарының бірі. Ол өзінің қара басының қамын емес, туған халқының жағдайын, елінің ертеңін ойлап өткен көрнекті тұлға. Бүгінгі басшылар, ел ісіне араласып жүрген жігіттер Асекеңнің осынау адалдығы, тазалығы мен қарапайымдылық қасиетінен үлгі алса, құба-құп.

– Асқаров соңында білікті басшы ретінде үлгі-өнеге ғана емес, айтарлықтай елеулі шығармашылық мұра қалдырған ғой...

– Иә, Асқаров тұлғасының тағы бір қыры – ақындығы. Оның «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты өлең кітаптарымен бірге «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты өсиеттер жинағы да жарық көрген.

– Асқаров атындағы қоғамдық қордың бүгінгі қызметі туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Менің бұл қорға төрағалық еткенімен 4-5 жылға жуықтады. Маған дейін бұл қоғамдық қызметті Уәлихан Сүлейменов ағамыз атқарып келген. Ол кісі жасы ұлғайғанын айтып, осы жұмысты менің атқаруымды сұрады. Сол себепті қабыл алдым.
Біз жыл сайын Асанбай
Асқаровтың туған күнінде және дүниеден өткен күнінде марқұмның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алу шарасын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, Шымкент қаласында Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейімен бірлесе отырып түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде Асанбай Асқаровты еске алуға арналған спорт жарыстарын да өткіземіз. Жақында көршілес Жамбыл облысының Меркі ауданында, өзінің туған жерінде Асқаровтың ескерткіші орнатылды, сол жерге Шымкент қаласынан бір топ азамат қатысып қайттық.
Енді Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақтың алдына қойылса деген ниетпен әзірленген ескерткіш бар. Оны орнату үшін Үкіметтің жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның шешімі шығуы керек екен. Ұсынысымызды жолдап, жауабын күтіп отырмыз. Егер бұл іс оң шешімін тапса, тарихи тұлғаның есімін жаңғырту үшін атқарылған үлкен іс болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!